Жексенбі, 13 қазан, 02:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№81-2091
12.10.2024
PDF мұрағаты

Ұрпаққа ұғындырған даналықты

08.10.2022

678 0

А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде ұстаздарға арналған «Ұстаз ұлық емес, ұлы қызмет» атты салтанатты кеш өтті.

Салтанатты шараға қатыс­қан қала әкімінің орынбасары Ақзира Қасымова ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттық­тап, жүрекжарды лебізін жеткізді.

– Ұлағатты ұстаздарымыз шәкірттеріне кенен ғылым мен кемел білімнің дәнін себуде. Қажырлы еңбектеріңіздің же­місі – оқушыларымыз респуб­ликалық, облыстық деңгейдегі сайыстардан жүлделі орын­дардан көрініп, түрлі байқау-жоба жарыстарынан жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Соны­мен қатар мектеп ұжымдары әрдайым қоғамдық іс-шараларға да аянбай ат­салысып, барлық салада бел­сенділік танытуда.

Мектептің жаны да, жүре­гі де, тірегі де – мұғалім. Сондықтан еліміздің келеше­гі сіздердің қолдарыңызда! Тәуелсіз мемлекетіміздің әлеуе­тін арттырып, атын әлемге танытатын білімді де, талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін. Ұстаздық ұлы қасиет әркімге берілмейді. Ұстаздарға қандай құрмет көрсетсе де артық емес. Жыл сайын мұғалім мәртебесі көтеріліп, жалақыны 100 пайыз­ға көтеру жоспарланып отыр. Бұл ұстаздардың әлеуметтік жағдайын көтеруге жасалған мүмкіндік. Сыр елінде де мұға­лімдерге ерекше құрмет көр­сетіліп келеді, – деді Ақзира Бақтыбайқызы.

Мерекелік шарада  мерейлі жасқа келген ардагер-ұстаздарға шаһар басшысының арнайы құт­тықтау хаты табысталып, сый-құрмет көрсетті.

Сонымен қатар қала ұстаз­дары ҚР Оқу-ағарту ми­нистрлігінің «Құрмет» гра­мотасы және облыс әкі­мі­нің Алғыс хаттарымен мара­патталды. Со­лардың қата­рында Т.Есетов атындағы №264 мектеп-ли­цей­дің ағыл­шың тілі пәні мұғалімі Айнұр Амангелдіқызы да бар.

– Мерекеге орай ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатымен марапатталдым. 20 жыл­дан бері ұстаздық жо­лында қызмет етіп келемін. Қа­зіргі таңда оқушыларым түрлі байқаулар мен олимпиа­да­лардың жүлдегері атанып жүр. Шәкірттерімді мақтан ете­мін. Әріптестерімді ұстаздар күні­мен құттықтаймын, – дейді ол.

Мұғалімдер марапаты мұ­нымен шектелмеді. Педа­гог­тердің қоғамдағы мәртебесін және беделін арттыру, үздік мұғалімдердің озық педаго­гикалық іс-тәжірибесін тарату мақсатында 2012 жылдан бас­тап республикалық «Үздік педагог» конкурсы өткізіліп келеді. Мерекелік шарада «Үздік педагог» атанған 10 ұс­тазға қала әкімінің 150 мың теңге ақшалай сыйақысы та­бысталды. Ал қалалық «Үздік педагог» байқауы І кезеңінің жеңімпаздарына ноутбук бе­рілді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: