Жексенбі, 05 мамыр, 23:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Ұстаз болу – арманым бала күнгі

06.12.2022

2169 0

Білім керуені көшін бастаған ұлы ұстаздарға қандай құрмет көрсетсек те, қалай мақтасақ та жарасады. Біз «Үздік педагог-2022» республикалық байқауының жеңімпазы Айгүл Қиясова туралы жазғанды жөн көрдік.

             Ұстаз – деген ұлы есімді естігенде көз алдымызға жарқын мінезді, жүрегі мейірімге толы, жылы жүзді адам елестейтіні сөзсіз. Ұстаз бейнесі – шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғарғы үлгісі болып қала беретіні анық.

 Бала тәрбиелеуде сарқылмай қызмет етіп келе жатқан Айгүл Райымбекқызы қаламыздағы №23 мектеп-лицейінің биология пәнінің мұғалімі. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген Айгүл ұстаздың көзқарасынан-ақ баланы оқытуды жек көрмегені байқалып тұр. Мұны өзінің сөздері де дәлелдеді.

          – «Ұстаз» деген ұлы атқа ие болу – зор мақтаныш еді. Бала күнімде мен үшін мұғалімнен биік тұлға болмайтын. Өйткені мұғалімдер отбасында дүниеге келдім. Сол кездегі ұстаздарыма деген құрметімнен болар, әлде қызығушылығымнан болар, мұғалімдік мамандықтың қыр-сырына ынтам арта бастады. Бала қиял сол мақсатты орындауға жетеледі. Арманым алдамапты. 1988 жылы Қызылорда қаласындағы іргелі жоғары оқу орындарының бірі Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың химия-биология факультетіне оқуға түстім. Мұнда да тәжірибелі, өз ісінің майталман шеберлері мені мамандыққа қызықтыра түсті.  Биология ғылымының таусылмас қызықтарымен тереңірек таныстым. Соның нәтижесінде «Биология пәнінің мұғалімі» деген мамандық мені болашаққа қанат қақтырды. Институттан алған теориялық білімді практикамен ұштастыру мақсатында 1994 жылы №23 мектеп-лицейіне жұмысқа орналастым. Осы уақытқа дейін ізгі жолды жалғап келемін, – дейді ол.

Әрбір ұстазынан үлгі-өнеге алған Айгүл Қиясова сол ұлағатты жандардың ізімен жүріп келді. Талай шәкіртті білім қайнарымен сусындатып, қанатын қатайтып, мектеп қабырғасынан ұшырды. Бойына өмірден біліп-түйген тәжірибесін сіңірді.

Ізденіспен, терең оймен еңбек еткеннің нәтижесінде ұлағатты ұстаз көптеген жетістікке қол жеткізді. Оның бәрін тізбектеп шығу мүмкін емес. Дегенмен жыл сайын қалалық, облыстық пәндік олимпиада жүлдегерлерін дайындағаны үшін мақтау қағаздары, «Алғыс» хаттармен марапатталған. Сонымен қатар «Әл-Фараби – Әлемдік  тұлға» 2020 атты республикалық  ғылыми-тәжірибелік  конференцияға  қатысып, кәсіби  шеберлік  көрсеткені үшін марапатқа ие болған. Ал 2021 жылы «Педагогикалық  идеялар  фестивалі» республикалық  байқауының облыстық  кезеңінде  «Әртүрлі  сабақтар, бірақ  әрқайсында  шебердің  қолы» ғылыми-жаратылыстану  бағытындағы  пәндер  бойынша  III орын  иеленген. «Үздік авторлық бағдарлама-2021» байқауында биология  пәні  бойынша I орын  алған. Биыл «Үздік авторлық бағдарлама» республикалық конкурсының ІІ дәрежелі жүлдегері. Сондай-ақ, 2021 жылы «Құрмет» Грамотасымен марапатталады. 

Айгүл Райымбекқызы өрендерді нағыз адам болуға лайықтап тәрбиелеуде. Расында, төгілген тер, адал еңбек міндетті түрде жемісін береді. Оған дәлел, оның шәкірттері үздік жетістіктерге қол жеткізген.

– «Адамның бір қызығы – бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім» деп хәкім Абай айтқандай, мұғалімдіктің де өз қызығы бар. Бірақ қиындығы да аз емес, соны жеңе білген жан ғана шәкірт жүрегіне жол табады. Мен үшін оқушының сапалы білім, тәлімді тәрбие алуы маңызды. Шәкірт жетістігі – ұстаздың ерен еңбегінің нәтижесі, мұғалім мерейі. Бастысы – өз пәніңе деген білім шырағын жаға білу керек, – дейді ол.

Жақсы мұғалім – бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне жанашырлық танытатын қоғамның ең озық тұлғасының бірі болып есептеледі. Бүгінгі біз сөз еткен ұстаздың да негізгі мақсаты осындай.

 – Білім берудің мақсатын айқындау үшін ұлт зиялысы Жүсіпбек Аймауытовтың мына сөздерін еске алған жөн: «Мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашылған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімдендірудің түпкі мақсаты – осы. Мектеп осы бағытта баланың жетілуіне мықты негіз салуы керек». Менің ұстаз ретіндегі басты міндетім де осы, – дейді Айгүл Қиясова. 

Иә, шәкірт жүрегіне жол тауып, ұлағатты ұстаз атанып жүргендер баршылық. Дегенмен, республика бойынша еңбегі бағаланып, көптің ішінен шыққан дара ұстаздың еңбегі өлшеусіз екені анық.

Ұстазы мықтының ұстамы мықты. Өскелең ұрпаққа білім нұрын шашып жүрген Айгүл Қиясованың шәкірттері әлі талай биіктерді бағындыратыны сөзсіз.       

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: