Облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжановтың қатысуымен 2025–2026 оқу жылының қорытындысына арналған салтанатты шара өтті. Басқосуда оқу жылының негізгі нәтижелері сараланып, аймақтың білім беру саласындағы жетістіктері мен алдағы міндеттері айқындалды.
Шара барысында басқарма басшысы Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қамқорлығы және қазіргі ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының аймақ басшысы кезінде тікелей қолдауының арқасында Сыр өңірінің білім саласында жүзеге асқан ауқымды жобалар мен тың бастамалар туралы айтып өтті.

Жиында білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар педагогтер мен сала ардагерлері жоғары мемлекеттік және ведомстволық марапаттармен наградталды.
Атап айтқанда, үздік жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың «Алғыс хаты», Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің «Алғыс хатымен», Қызылорда облысы әкімі Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың «Алғыс хатымен» және Қызылорда облысының білім басқармасы басшысының «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім мен тәрбие мәселесіне айрықша назар аударып отырғаны айтылып, алдағы кезеңдегі негізгі міндеттер ретінде білім сапасын арттыру, ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайту, цифрлық білім беру мүмкіндіктерін кеңейту, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қолайлы орта қалыптастыру және педагог мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігі айтылды.
Қызылорда облысы білім басқармасының баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
