Бейсенбі, 02 мамыр, 16:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

«Жайлы мектеп»: ұлттық жоба жүзеге аса ма?

18.04.2023

1071 0

Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында  білім ошақтарының құрылысы басталады. Бұл өңірлердегі мектеп тапшылығын, үш ауысымды және апат­ты жағдайдағы білім ұяларын жою мақсатында жүзеге асырылмақ.

Жоба аясында 2025 жылға дейін елімізде 842  мың оқушыға арнал­ған жаңа үлгідегі мектептер пайда­лануға беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ 100 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген.

Жалпы пилоттық жоба туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған еді. Онда: «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Мек­теп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жем­қорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» делінген.

Президент Жолдауындағы айтылған тап­сырма биыл бастау алады. Жаңа да жайлы мектеп бірыңғай құрылыс стандартын сақтай отырып балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын, пәндік бөлмелер мен зертханалары толық жабдықталған, 1-4 және 5-11 сынып оқушылары үшін бөлек оқу аумағы мен спорт залы бар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін тиісті жағдай жасалған оқу орны болуы қажет. 

Қаншама реформаны бастан өткер­се де білім саласындағы қажеттіліктер азаймақ емес. Демографиялық ахуалдың артуы, қоныстанушылардың көбеюі нәтижесінде жаңа шағын аудандардың бой көтеруі білім ошағына деген сұ­раныс тудыруда. Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізде әлі күнге дейін апатты, үш ауысымды мектептердің мәселесі шешілмегендігін, сондықтан аталған жобаны іске асыру Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың бақылауында болуы керектігін баса айтқан. Сондай-ақ бөлінген қаржының әрбір тиыны мақсатты жұм­салуын да қадағалау керектігі айтылды. Осы орайда құрылыс жүргізетін мердігер мекемелерді анықтау «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жауап­кершілігіне берілген. Бүгінде ұлт­тық жоба бойын­ша 17 облыс пен рес­публикалық маңызы бар 3 қала бойынша конкурс жарияланған. Бұл бағыттағы жұмыстар сәуір айының соңында аяқталмақ.

Жалпы еліміз бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 401 мектеп салынбақ. Оның 217-сінің құрылысы биыл басталады деп күтілуде. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ ресми сайтында берілген ақпаратқа сүйенсек, қазіргі таңда 185 нысанға конкурс жарияланып, 32 мектепке жер телімдерін бөлу жұмыстары жүр­гізілуде.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектеп салынатын  өңірлер қатарында Қызылорда облысы да бар. Аймақта алдағы 3 жылда 15 100 орынға арналған, құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектеп бой көтереді деп жоспарланған. Облыстық құрылыс бас­қармасының мәліметінше, биыл 10 білім ошағының құрылысы басталады. Ал оның 5-еуі облыс орталығына салынады.

Білім ошағын салу тұрғындардың қажеттілігі негізінде жүзеге асатыны белгілі. Қазіргі таңда шаһардағы білім ордасы қажет деген шағын аудандар анықталып, соған сәйкес орындар бел­гіленген. Мәселен, сол жағалауда 900 орындық, Арай, СПМК-70 шағын ау­данында 2000, КБИ шағын ауданында 600, Қызылжарма ауылдық округінде 900 орындық мектеп құрылысы  жүргізілмек.

Жоспар бойынша ұлттық жоба аясында іргесі қаланатын жайлы мек­теп барлық ауыл-аймақ, қалада бір­ың­ғай стандартпен салынады. Басты ерекшелігі бастауыш сынып оқушы­лары бөлек, жоғары сынып оқушылары бөлек блокта білім алады. Балалардың қауіпсіздігі үшін әр блокта бейнебақылау, дыбыстық хабар­лау сынды күшейтілген қауіп­сіздік құрылғылары орнатылмақ. Сон­дай-ақ қолайлы жағдай жасау мақсатында оқушылардың оқу құра­лын, ауыстыратын артық киімін қоюға арналған шкафтар орнатылады. Бос уақытты тиімді өткізуге, шығар­машылығын шыңдауға да лайық­ты жағдай жасалады. Бұл білім ошақтарында физика, химия, био­логия және робототехника сыныбы заманауи құралдармен жабдықталады. Жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылып, сыныптарға touch-экрандар орнатылады. Бұдан бөлек ерекше балалардың білім алуына да бар мүмкіндік жасалады. Оқушылардың мектеп қабырғасында спортпен еркін айналысуына да қолайлы болмақ. Жайлы мектептің жобалық қуатына сәйкес бірнеше спорт залы болады. Мұндай мектепте тек оқушыларға емес мұғалімдерге де жағдай жасалады. Білім ошағына қатынау үшін қоғамдық көлік, жаяу жүргіншілер жолы, жарық бағаналары сынды мәселе туындамайды.  Ал осыншама мүмкіндік қарастырылған нысанның құрылысы мемлекет тарапынан қаржыландырылады.

Иә, бүгінде білім аламын деген балаға мектептерде барынша мүм­кіндік қарастырылған. Ал «Жайлы мектеп» жобасымен салынатын оқу ошақтары мұнан да зор мүмкіндікке ие. Балалар тек ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Балалар, оқуға бар! Жатпа қарап!» деген сөзін көкейге түйсе болғаны.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: