Қазақстан Республикасында 11 жастағы қыздарды адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы жоспарлы вакцинациялау, сондай-ақ 12–13 жастағы қыздарды толықтыра иммундау жалғасуда.
Ағымдағы жылдың 15 мамырындағы жағдай бойынша Қызылорда облысы бойынша 11–13 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы екі мыңға жуық профилактикалық екпе жүргізілді, оның ішінде 1604 бірінші дозамен, 1213 екінші дозамен егілді. Вакцина алғандар арасында иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер тіркелген жоқ.
Бұдан бөлек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне АПВ-ға қарсы вакцинациялауға жататын контингентті кеңейту мәселесі бойынша азаматтардан өтініштер түсуде.
Осыған байланысты, АПВ-мен байланысты онкологиялық аурулардың даму қаупін төмендетуге бағытталған профилактикалық шараларды одан әрі күшейту, сондай-ақ жасөспірімдерді қосымша қорғауды қамтамасыз ету мақсатында ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 13 мамырдағы № 7 «Қазақстан Республикасында 14–17 жас (қоса алғанда) аралығындағы қыздарға АПВға қарсы қосымша вакцинация жүргізу туралы» қаулысына қол қойылды.
Қаулыға сәйкес АПВ-ға қарсы вакцинация 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыздарға ерікті негізде жүргізіледі.
Айта кету керек, вакцинация егілушінің немесе ата-анасының (заңды өкілінің) ақпараттандырылған келісімін алғаннан кейін білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде немесе тіркелген жері бойынша емханаларда жүргізіледі.
Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
