Сенбі, 21 желтоқсан, 19:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Дені сау бала – болашақ жемісі

10.04.2022

1226 0

Баласы ауырған ата-ананың басын­дағы тауқыметті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Іштен жеген уайым, дәрігер жүзіне сұраулы көзбен қарау, ауырған баланың қиналғанын көру, мұны тек басынан кешкендер ғана түсінері анық. Қазіргі кезде әлеуметтік желі арқылы баласының дертіне араша сұрайтындар күн санап артуда. Соған қарап, науқас баланың көп екенін аңғарасың.

Өткен жылы Қызылорда облысының көпбейінді балалар ауруханасынан 14 мыңға жуық бала емделіп шыққан. Өкі­нішке орай, бүгінде жасөспірімдер ара­сында тыныс алу жолдары ауруы кең етек жайып отыр. Облыстық балалар ауруханасының мәліметі бойынша өткен жылы облыс бойынша 88683 бала тыныс алу жолдары ауруымен ауырған. Оның ішінде пневмонияны ерекше айтуға болады. Ал бронхиалды астма 2017 жылы – 380 бала, ал 2021 жылы – 579 баланы құраған. Пневмония мен астма аурушаңдығы жергілікті иммунитеттің төмендеуінен туындайды. Атап айтсақ, аллергиялық көріністері бұл қоршаған ортамен, балалар тұратын аймақтағы жағдай, ластанған ауаға байланысты. Мамандардың айтуынша, қа­зір балалар мен жасөспірімдерге әртүрлі орта әсер етіп, ағзадағы қолайсыз өзгеріске әкеп соқтырады. Сондай-ақ бала бір жылда бірнеше рет ауыруы мүмкін.

Соңғы кезде балалар арасында невро­логиялық науқастар саны өсіп келеді. Балалар сал ауруы да көбейіп, жағдай ушығып отыр. Оның себебі неде? Атап айтсақ, өткен жылы облыс бойынша 18109 бала жүйке жүйесінің ауруынан емделген. Дәрігердің айтуынша, ең алдымен ана­ның жүктілікті жоспарлап азғзаны сауық­тырмауы, жүктілік кезінде күйзелісте жүруі, дұрыс күтінбеуі тікелей әсер етуде. Жасыратын несі бар, қазір бесіктен белі шықпаған баланың өзі ұялы телефонға тәуелді. Ол да баланың жүйке жүйесіне зақым келтіруде.

Бала денсаулығына ата-ананың да денсаулығы тікелей байланысты. Бүгінде балалар арасындағы асқазан және ішек жолдарының аурулары да  өзекті мәселеге айналып тұр.  Өткен жылы аймақта 24960 бала осы дертпен күрескен. Оның басты себебі – дұрыс тамақтанбау. Қазіргі кезде жасөспірімдер тез дайындалатын тағамдар мен газдалған сусындарға әуес. Соның салдары асқазан мен ішек жолдарына кері әсерін тигізуде. 

Қарап отырсақ, балалар арасында­ғы көздің көру қабілетінің төмендеуі күр­де­лі мәселенің біріне айналды. Бір өкінішті­сі, ата-аналар баланың көз ауруын мектеп жасына барғанда ғана анықтайды. Алайда сәби көзінің ауырғанын, көру қабілетінің төмендігін ерте жастан анықтау керек. Себебі балалар арасында компьютерде, ұялы телефонда көп отыру бала көзінің шаршауына әкеп соқтырады. Бүгінде мұндай жағдайлар жиі орын алуда. Себебі өткен жылы 11949 баладан көзге байланысты шағым түскен. Дені сау бала – болашақ жемісі. Сон­дықтан жасөспірімдер арасындағы ару­шаңдылықты азайту үшін әрбір ата-ана баласын жіті қадағалағаны абзал.

Ақмарал ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: