Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық бұйымдармен жарақтандырудың ең төменгі стандарттарын бекіту туралы» №167 бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Бұл өзгерістер қашықтан медициналық қызметтерді дамыту қажеттілігін ескере отырып жасалды, – деп хабарлайды KAZINFORM
Жаңа құжат заманауи технологияларды қолдану арқылы, әсіресе ауылдық және шалғай аймақтарда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Жаңартылған стандарттар телемедициналық өзара әрекеттестікті дамытуға және медициналық қызмет көрсету үдерістерін цифрландыруға арналған медициналық ұйымдарды жарақтандырудың бірыңғай талаптарын белгілейді.
Құжатта медициналық деректерді цифрлық түрде беру және медициналық ақпараттық жүйелермен интеграциялау мүмкіндігін қамтамасыз ететін портативті медициналық жабдықтардың ең төменгі тізбесі бекітілді. Бұл талаптар негізінен аудандық деңгейден төмен орналасқан медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына қатысты.
Сонымен қатар білім беру ұйымдары жанындағы медициналық кабинеттерге де арнайы талаптар қойылды. Оларға балаларға профилактикалық тексерулер жүргізуге арналған жабдықтар мен бейінді мамандардың нәтижелерді қашықтан талдау мүмкіндігі кіреді.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері үшін де арнайы медициналық жабдықтау стандарты енгізілді. Бұл санаттағы азаматтарға медициналық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Құжатта жабдықтардың тізімімен қатар олардың функционалдық сипаттамаларына қойылатын талаптар да анықталды. Медициналық деректерді цифрлық түрде беру, сақтау және ақпараттық жүйелерге интеграциялау міндеттілігі қарастырылған, бұл медициналық көмектің үздіксіздігін қамтамасыз етеді.
Аталған нормаларды енгізу телемедициналық қызметтердің қамту аясын кеңейтіп, бастапқы деңгейдегі диагностиканың тиімділігін арттыруға, медицина қызметкерлерінің жүктемесін азайтуға және пациенттер ағынын тиімді бөлу арқылы медициналық көмекке күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта телемедицина пациенттердің ірі медициналық орталықтарға бару қажеттілігін азайтатын толыққанды денсаулық сақтау құралы ретінде қолданылады. Елдегі телемедициналық желі 2 491 медициналық пунктті, 784 фельдшерлік-акушерлік пунктті, 1 165 дәрігерлік амбулаторияны және 844 мобильді бригаданы қамтиды.
2025 жылы 3,87 миллион телемедициналық қызмет көрсетілді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 19%-ға көп. Қазіргі таңда пациенттерге қашықтан медициналық қызметтің 118 түрі қолжетімді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, бұйрықтың қабылдануы телемедицинаны дамыту және денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты цифрлық инфрақұрылымын қалыптастырудағы маңызды қадам саналады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
