Жұма, 08 мамыр, 12:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 (2245)
05.05.2026
PDF мұрағаты

ДСМ балалар денсаулығын нығайтуға бағытталған «Бастау» іс-шаралар кешенін әзірлемек

08.05.2026

43 0

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның тапсырмасы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі балалар денсаулығын жүйелі нығайтуға және профилактикалық медицинаны дамытуға бағытталған «Бастау» кешенді бағдарламасын әзірлеуге кіріседі, – деп хабарлайды KAZINFORM

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың төрағалығымен өткен кеңесте балалар денсаулығын сақтауды дамытудың негізгі бағыттары қаралды. Атап айтқанда, мектеп медицинасын жетілдіру, профилактикалық тексерулерді цифрландыру, «Саламатты мектеп» бағдарламасын іске асыру, сондай-ақ жазғы сауықтыру науқанын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Кеңес барысында «Салауатты жаз – 2025» бастамасы аясында шалғай өңірлерде тұратын 365,5 мыңнан астам баланың профилактикалық және сауықтыру шараларымен қамтылғаны атап өтілді. Биыл бұл бағыттағы жұмыс медициналық тексерулердің қолжетімділігі мен қамту ауқымын кеңейтуге басымдық бере отырып жалғасады.

Цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, балалардың электрондық денсаулық паспорттарын жүргізу денсаулық жағдайын жүйелі бақылауға және қауіп факторларын уақтылы анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде стоматологиялық аурулардың профилактикасы кабинеттерін ашу жұмыстары жалғасып жатыр.

Министр балалар денсаулығын қорғау мемлекеттің ерекше бақылауында екенін және бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бастамашылық етілген «Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

«Бастау» іс-шаралар кешенін іске асыру балалар арасындағы аурулардың алдын алу мен ерте анықтаудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға, сондай-ақ медициналық көмектің қолжетімділігін, оның ішінде ауылдық және шалғай өңірлерде кеңейтуге бағытталған.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: