Сенбі, 04 мамыр, 13:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Өзгеге өмір сыйла!

18.06.2022

830 0

14 маусым –  Дүниежүзілік донорлар күніне орай облыстық қан орталығында мерекелік шара өтті. Шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов қатысты. 

Бұл атаулы күн 2005 жылы Женевада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблея­сының 58-ші сессиясында бекітілді. Содан бері жыл сайын маусымның 14-інде Дүние­жүзілік донорлар күні тойланады. Зерттеу бойынша дүние жүзінде әрбір 20-25 секунд сайын қан құюға мұқтаж жандар табылады екен. Қан тапсыру – донор болу адам өмірін сақтап қалу. Ол өзгеге өмір сыйлағанмен бірдей. Ажал аузында жатқан  науқас жанға донорлардың тап­сырған қаны оның өмірін аман алып қалу, бүкіл адамзатты құтқарғанмен тең дәрежедегі  ізгі амал болып саналады.

Өткен жылы барлығы 6151 донор қан тапсырса, жыл басынан бері 3455 адам донор болды. Қазіргі кезде орталықтың 200-ге жуық тұрақты доноры бар. Бүгінгі мереке қарсаңында 70-тен аса донор қан тапсырылды. Оның ішінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас­шысы Сәбит Бексейітұлы да бар. Осы орайда бір тамшы қанымен ауыр халде жатқан науқастың жанына араша түсіп, үлкен азаматтық пен мол қайырымдылық танытқаны үшін біршама донорлар марапатталды.

Оның ішінде ерекше айта кететін үздік мекемелерде бар. Олардың қызметкерлері жыл сайын тұрақ­ты түрде донор болады. Атап айтсақ, Шиелі ауданаралық аурухана­сы өткен жылы көшпелі жағдайда, өзгенің өмірін сақтап қалу үшін ерікті түрде қан тапсырды.  Медицина қызметкерлері мен ау­дан тұрғындары белсенділік көр­сеткені үшін марапатталды. Сон­дай-ақ облыстық қан орта­лығының директоры Серік Игембаев мемлекеттік кіріс­тер департаменті ұжымы мен «Қы­зылорда  обаға қарсы күрес стан­циясы» қыз­меткерлеріне мейірімділік пен патриот­­тықтың үлгісін көрсетіп, қаншама ауыр халде жатқан науқастарға қол ұшын созғандары үшін алғыс білдірді.

Сонымен қатар шара барысында «Балалар жылына» орай  «Мен – болашақ донормын» тақырыбында балалар ара­сында сурет салудан байқау өтті. Шарада өз өнерін ортаға салып, топ жарған бүлдіршіндер де марапатталды.

Өткен жұмада «Төлен ата» мешітінде «Өзгеге өмір сыйла» атты акция өтті. Жұмада жамағат жұмылып, қан тапсырды. Донорлық қозғалысты дамытуға және дәріптеуге үлкен үлес қосқан имам Ғалымжан Оразалыұлы арнайы келіп, мерекеге орай қан орталығының қызмет­керлері мен донорларына жылы лебізін білдірді.

Қан орталығының ұжымы адам өмірі үшін донорларды күн-түн демей қай кезде болса да көмектерін аямай, адамның өмірін сақтап қаламыз деген ұстаныммен жүретін донорларға шексіз алғысын білдірді. Расында, осы орталықтың көмегі арқылы күн сайын қаншама адамның жүрегі қайта соғып, өшкен үміті оянуда. Әрине, «Жарығың сөнбесін» демекші,  қысылған жанға қан беріп, тіршілігін тоқтатпау сауапты іс.

А.ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: