Жексенбі, 19 мамыр, 06:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№39-2049
18.05.2024
PDF мұрағаты

«Қазақстан халқына» қоры: Сырдағы игілік

26.12.2023

757 0

Фото: ОДСБ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау бағытында «Қазақстан халқына» қоғамдықәлеуметтік қолдау қорын құру туралы тапсырма берген еді. Өз жұмысын сәтті бастаған қордың ұйытқы болуымен біршама жоба қолға алынып, ел игілігіне қажетті дүниелер жүзеге асуда.

Жалпы қордың мақсаты – мемлекеттік қолдау шарасынан тыс қазақстандықтардың нақты мәселелерін шешу. Оның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларында қайырымдылық, төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен халыққа көмек көрсету, еліміздің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау кезінде құқық қорғау органдары, арнаулы органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің, ауыр жараланғандардың және қаза тапқан азаматтардың отбасыларын қолдау және өзге де қайырымдылық көмек көрсету міндеттелген.

«Қазақстан халқына» қоры құрылғаннан бастап өз жұмысын жүйелі жүргізіп келеді деуге болады. Сыр өңірінде де ел игілігіне қажетті жобалар қор тарапынан қолдау тапқан. Соңғы екі жылда аймаққа қор қаржысынан 3,9 млрд теңге қаржы бөлініпті. Әсіресе аймақтың денсаулық саласындағы ілкімді істер, ауқымды жобаларды ерекше атап өтуге болады. Биыл қаладағы құрылыс жұмыстарының белсенді жүргізілгенін жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Оның басым бөлігі денсаулық, білім саласында бой көтеріп жатқан нысандар. Көп жылдан бері көпбейінді облыстық медициналық орталық жанынан құрылған онкологиялық орталық биыл Талсуат елдімекенінде орналасқан жаңа ғимаратқа көшірілген еді. Жаңа нысанға көшкен орталықта ондағы науқастардың сапалы ем қабылдауы үшін барынша жағдай жасау көзделген. Соның бірі ретінде орталықтың заманауи құралжабдықтармен қамтылуын айтуға болады. Бүгінде емдеу орталығына онкологиялық скрининг жүргізуге арналған 2 жылжымалы медициналық кешен алынды. Сала мамандары мұндай жабдықтың еліміздің 3 аймағына ғана берілгенін, соның бірі ретінде Сыр өңірінің таңдалғанын айтады. Ал оған қажетті 1,1 млрд теңге «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорынан бөлінген. Алдағы уақытта орталықтағы емдеу шарасының сапасын арттыру бағытында да біршама жұмыстарды іске асыру жоспарланған. Бұл да қордың қолдау шарасы аясында жүзеге аспақ.

Аймақта қор арқылы шешімін тапқан тағы бір жоба – көпбейінді облыстық балалар ауруханасы жанынан «Қамқорлық» реабилитациялық орталығының ашылуы. Оған қор тарапынан бөлінген 188 млн теңгеге арнайы құралжабдықтар алынған. Қазіргі таңда онда 2800-ге жуық балаға оңалту қызметі көрсетілуде. Сонымен қатар облыстық перинаталдық орталық, Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы көпбейінді аудандық орталық ауруханаларға диагностикалық офтальмоскоп аппаратын алу үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қоры арқылы 11,2 млн теңге қаражат бөлінген. Аталған құрылғы өз кезегінде шала туған нәрестелер үшін офтальмологиялық скрининг жүргізуге мүмкіндік береді.

Қазір ауыл-аймақтағы барлық білім ошақтары білім беру стандартына сай оқушыларға қажетті құрылғылармен жабдықталуы қажет. Заман талабына сай білім ошақтарын керекті құралжабдықтармен қамтамасыз етуде де аталған қордың үлесі зор. Осы орайда қордың қолдауымен Арал, Қармақшы, Жаңақорған ауданындағы 3 мектептің материалдық-техникалық базасы толығымен қайта жаңартылған. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасымен аймақтағы бірқатар білім ордасында оқу кабинеттері мен қосымша білім беру шеберлік сыныптары, STEMлабораториялар, арт-студия мен интеллектумкабинеттері ашылған. Мектептің акт залдары мен кітапханалары заманауи техникамен жабдықталған, жаңа телестудиялар жасақталған.

 «Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қорының қолдауымен жүзеге асқан жұмыстың бір көрінісі – осы. Әлеуметтік сала бойынша қажетті шараларды іске асыруға алдағы уақытта да қордың қолдауына жүгіну жоспарлануда.

 А.ӘЛІМ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: