Мемлекеттің жүйелі қолдауы мен Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырып жатқан шаралардың нәтижесінде Қазақстандағы отандық дәрі-дәрмек өндірушілерінің үлесі заттай көрсеткіш бойынша 39,8%-ға жетті. Бұл туралы ДСМ мәлім етті, – деп хабарлайды KAZINFORM
Бұл деректер дәрілік заттарды таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы расталды, бұл жүйе нарықтың нақты құрылымын көруге мүмкіндік беріп, дәрілік препараттар айналымының ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл туралы вице-министр Тимур Мұратов Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің «Фармацевтика индустриясын дамыту перспективалары» тақырыбындағы көшпелі отырысында айтты.
Бүгінде Қазақстанның көрсеткіштері Германия, Франция және АҚШ секілді бірқатар дамыған елдердің деңгейімен салыстыруға келеді. Бұл — отандық өндірісті дамыту, локализацияны қолдау, ұзақмерзімді келісімшарттар жасау, реттеу тетіктерін жетілдіру және салаға инвестиция тарту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
— 2025 жылдың соңынан бері Қазақстанда фармацевтика саласында жалпы сомасы шамамен 360 млрд теңгені құрайтын 7 ірі инвестициялық келісім жасалды. Жаңа жобалардың шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық өнімдердің 500-ге жуық жаңа түрін өндіруді іске қосу, сондай-ақ мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, — делінген ведомствоның хабарламасында.
Министрлік өзіміздің фармацевтикалық өндірісті дамыту — бұл тек экономика мен инвестиция мәселесі ғана емес екенін хабарлаған.
— Бұл — елдің дәрілік қауіпсіздігі, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы және азаматтарды сапалы препараттармен қамтамасыз ету мәселесі, — дейді ДСМ баспасөз қызметі.
Айта кетейік, елде аллергияға қарсы инновациялық дәрі сынақтан өтіп жатыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
