Бейсенбі, 21 мамыр, 12:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№37 (2249)
19.05.2026
PDF мұрағаты

Шетелге шығатын азаматтарға Эбола қызбасының алдын алу туралы

21.05.2026

40 0

Фото: ашық дереккөзден

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго Демократиялық Республикасында және Угандада тіркелген Эбола қызбасының өршуіне байланысты халықаралық маңызы бар төтенше жағдай жариялады. Аурудың таралуына Эбола вирусының сирек түрі — Bundibugyo штаммы себеп болып отыр.

Қазіргі таңда бұл штаммға қарсы арнайы вакцина да, нақты емі де жоқ.Эбола вирусы жұқтырған адаммен немесе жануарлармен тығыз байланыс кезінде олардың биологиялық сұйықтықтары арқылы беріледі. Сондықтан жеке бас гигиенасын сақтау, сапар кезінде сақтық шараларын ұстану және дер кезінде медициналық көмекке жүгіну аса маңызды.

Сапарға шығар алдында баратын елдегі эпидемиологиялық жағдаймен алдын ала танысып алған жөн.Шетелден оралғаннан кейін денсаулық жағдайын бақылауда ұстау қажет. Егер қандай да бір белгілер пайда болса, дереу дәрігерге қаралып, сапар фактісін міндетті түрде хабарлау керек. Өз бетінше емделуге болмайды.

Эбола қызбасы — негізінен Африка елдерінде тіркелетін, ағымы ауыр аса қауіпті вирустық ауру. Инкубациялық кезеңі 2-21 күнге дейін созылады. Негізгі белгілері: жоғары дене қызуы, әлсіздік, бас және бұлшықет ауруы, құсу, диарея, бөртпе және қан кету. ДДҰ және CDC бағалауынша індеттің Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне таралу қаупі төмен деңгейде қалып отыр, себебі індет ошағы бар аймақтармен тікелей тұрақты әуе қатынасы жоқ.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында Эбола қызбасы тіркелген жоқ. Оған қарамастан Эбола бойынша қолайсыз елдерден келетін тұлғаларға қатысты санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді. Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде қашықтықтан термометрия және инфекцияның әкелінуінің алдын алуға бағытталған басқа да профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Жағдай тұрақты бақылауда.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эндемиялық елдерге шығатын азаматтарға арналған сақтық шараларын ұсынады:

1. Эбола қызбасы тіркелген Африка елдеріне, әсіресе балалармен бірге барудан бас тарту.

2. Жабайы жануарлармен (приматтармен, жарқанаттармен) және инфекциялық ауру белгілері бар адамдармен байланыстан аулақ болу.

3. Жабайы жануарлар сатылатын базарларға бармау, тек қауіпсіз су мен термиялық өңдеуден өткен тағамдарды пайдалану, жеке профилактика және гигиена шараларын сақтау.

4. Елге оралғаннан кейін 21 күн ішінде дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бөртпе, құсу, диарея және басқа да белгілер пайда болған жағдайда — дереу медициналық көмекке жүгініп, шетелде болғаны туралы хабарлау.

Әлия Әбдіқайымова,

Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: