5 мамыр – Дүниежүзілік бронх демікпесімен күресу күні. Бұл тыныс алу жолдарының созылмалы қабыну ауруы, ол бронхтардың сезімталдығын арттырып, тыныс алудың қиындауына (тұншығу, ентігу, сырыл) әкеледі. № 3 қалалық емханада осы дертпен мыңнан астам адам диспансерлік есепте тұр.
Қызылорда қаласының тұрғыны Мира Нуралиеваға жас кезінде созылмалы бронхит диагнозы қойылған. Пандемия кезінде әйел пневмониямен ауырып, соның салдарынан бронх демікпесі мен өкпенің созылмалы обструктивті ауруы дамыған.

– Мен бірнеше ауру бойынша диспансерлік есепте тұрмын: қант диабеті, бронхдемікпесі, артериялық гипертензия. Әр алты ай сайын күндізгі стационарда ем қабылдаймын, тексеруден өтемін және барлық қажетті дәрі-дәрмектерді аламын. МӘМС жүйесінің арқасында денсаулығымды тұрақты деңгейде ұстап отырмын, – деді Мира Нуралиева.

Дәрігерлер тыныс алу жүйесі аурулары үнемі бақылауды қажет ететінін атап өтіп, МӘМС жүйесі аясында уақтылы тексеруден және емделуден өтуге шақырады.
– Егер сізді жөтел, ентігу немесе ысқырықты сырылдар мазаласа, пульмонологтың кеңесінен кейін спирографта тексеруден өту қажет. Бұл – тыныс алу қызметінің көрсеткіштерін өлшейтін құрал. Бронх демікпемен ауыратын пациенттер емнің тиімділігін бағалау және терапияны түзету үшін әр үш ай сайын спирографиядан өтеді, – деп түсіндірді пульмонолог Нұргүл Ілиясова.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының
Қызылорда облысы бойынша филиалының ақпараты бойынша
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
