Тері лейшманиозы – қан соратын москиттер арқылы тарайтын зоонозды, паразиттік ауру. Ауру терідегі қабынудан басталып, соңынан ол жараға айналады және ұзақ уақытқа созылады. Аурудың инкубациялық кезеңі 2 аптадан 4 айға дейін созылады, ауру уақытының ұзақтығы орташа 6 айды құрайды.
Аурудың тасымалдаушысы – кеміргіштер, әсіресе үлкен құм тышқандары. Ал оны таратушы қаңсорғыш жәндіктер-москиттер, масалар.
Шілде-қыркүйек аралығында ауруды жұқтыру қауіптілігі жоғарылайды.
Қызылорда облысында 2025 жылдың қорытындысымен тері лейшманиозының 16 жағдайы зертханалық жолмен нақтыланды.
Ауырып сауыққан адамдар қайта ауырмайды, иммунитет сақталады. Лейшманиозбен ауырған адамдар өздігінен емдеумен айналыспай, дәрігердің көмегіне уақытылы жүгінуі керек. Егер теріде жара, бөртпе пайда болса, дерматологқа немесе инфекционист дәрігерге дереу жүгіну қажет. Уақытылы емдеу толық сауығу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады.
Тері лейшманиозының алдын алу үшін репелленттерді пайдалану және кешкі уақытта жабық киім киіп жүру, терезелер мен есіктерге антимоскиттік торлар орнату, үй-жайларда фумигаторларды қолдану ұсынылады. Иесіз кезбе жануарлармен қарым-қатынасты шектеу, үй жануарларын үнемі скринингтеу және емдеу маңызды. Қора-жайларды, аумақты және жертөлелерді үнемі тазалап отыру, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шаралар жүргізу маңызды.
Қарапайым алдын алу шараларын сақтау және уақытылы медициналық көмекке жүгіну елеулі зардаптарды болдырмауға және денсаулықты сақтауға көмектеседі.
Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
