Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылауға және қадағалауға жататын өнімдер мен эпидемиялық мәні бар объектілердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес балалар мен жасөспірімдер тұрмайтын білім беру объектілері, білім беру объектілерінің жатақханалары эпидемиялық мәні жоғары объектілерге жатады.
Сәйкесінше, мектептер халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің сәйкестігіне санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алуға міндетті.
Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің саны объектінің жобалық сыйымдылығынан аспауы тиіс.
Әрбір ауысымда 1 білім алушыға шаққандағы аудан нормалары және қағидалар талаптары сақталған жағдайда оқудың екі ауысымдық режимін ұйымдастыруға жол беріледі.
Спорт залдың жылыту жүйесінің радиаторлары торлармен жабылады немесе еденнен биіктігі 2,4 метрде орналастырылады. Терезелерде және жарықтандыру аспаптарында қоршау құрылғылары көзделуі тиіс.
Барлық үй-жайлардағы еденнің беті тегіс, саңылаусыз, ақаусыз және механикалық зақымданбаған болуы қажет.
Авариялық ғимараттарда және үй-жайларда орналасқан объектілерді пайдалануға жол берілмейді.
Жалпы білім беретін мектептердің ғимараттарын шаруашылық, ауыз су, ыстық су және өртке қарсы сумен, лас су жүйесімен қамтамасыз ету қолданыстағы Санитариялық қағидалар талаптарына сәйкес болғаны дұрыс.
Кәріз жүйесі қаралмаған аудан мектептерінде ішкі канализация жүйесімен жергілікті септик арқылы шешілуі тиіс.
Қоқыс шұңқырларына қолжуғыштан шыққан суды төгуге тыйым салынады.
Үй-жайларды табиғи және жасанды жарықтандыруды сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес жобалау керек. Жасанды жарықтандыру үшін жарық диодты, люминесцентті және энергия үнемдеуші шамдарды пайдаланады. Ортақ жасанды жарықтандыру барлық үй-жайларда көзделеді.
Жалпы білім беретін мектептерде ауаны жылыту, желдету, алмастыру жүйелері қолданыстағы нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес қарастырылуы керек. Ас блогында механикалық түрде іске қосылатын желдету жүйесі көзделеді.
Оқу үй-жайларын үзілістер кезінде, рекреациялық үй-жайларды сабақ уақытында желдетеді. Сабақ басталғанға дейін және аяқталғаннан кейін оқу үй-жайларында өтпелі желдету жүзеге асырылады. Өтпелі немесе бұрыштан желдету білім алушылар мен тәрбиеленушілер болмаған кезде жүргізіледі. Өтпелі желдетуді дәретхана үй-жайлары арқылы жүргізуге жол берілмейді.
Ауаның температурасын бақылау үшін білім беру ұйымдарының ойын, оқу және жатын үй-жайларында, балаларды тәрбиелеу және олардың тұратын орындарында, сондай-ақ медициналық пункт үй-жайларында термометрлер орнатылады.
Барлық үй-жайлар таза ұсталады. Ас блогын және дәретханаларды күн сайын дезинфекциялау құралдарын пайдалана отырып жинайды. Дәретханаларда еден, есік тұтқалары, кранның құлақтары, раковиналар және унитаздар күн сайын дезинфекциялауға жатады.
Үй жайларды ылғалды жинауды ұйымның техникалық персоналы жүргізеді. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерді санитариялық тораптарды жинауға тартуға жол берілмейді.
Жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында жұқпалы ауруларды болдырмау мақсатында санитариялық-гигиеналық, профилактикалық іс-шаралар қатаң сақталуы қажет.
Мектептерде дератизациялау және дезинсекциялау бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Жәндіктердің, кенелердің және басқа да буынаяқтылар мен кеміргіштердің болуына жол берілмейді.
Ерлан Ұзақбаев
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!