Сәрсенбі, 24 сәуiр, 15:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

ЖЭО: капсула салынды

10.09.2022

789 0

Қызылордада облыс тарихында болмаған ең ірі жобаның бірі қолға алынып, жылу электр орталығы салынады дегенде көп адам сене қоймады. Өйткені салынғалы жатқан жылу электр орталығы еліміз тұрмақ, ТМД-да теңдесі жоқ жоба болып отыр. Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, республиканың тек екі аймағында ТМД елдерінде теңдесі жоқ заманауи жаңа жылу электр орталығы салынбақ. Соның бірі Алашқа ана атанған Сыр өңірінде бой көтереді.

Аптаның сәрсенбісінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен «Акса Энерджи» компаниясының атқарушы комитеті төрағасының орынбасары Коркут Озтуркмен Сыр елінде бұрын-соңды болмаған заманауи үлгідегі электр орталығының құрылысы басталатын жерге капсула салу рәсіміне қатысты.

Аймақ басшысы Президент тапсырмасына сәйкес қолға алынған  мұндай ірі жобаның тек өңір үшін ғана емес республика үшін де маңызды  екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы оңтүстік өңірлерді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында 3 жыл ішінде қуаттылығы 1000 мегаваттан астам электр станцияларын салуды тапсырды. Осы тапсырма аясында заманауи қондырғылар республиканың екі аймағында ғана салынады. Алғаш болып, біздің аймақта жүзеге асуда. Құны 215 млрд теңгеден асатын жоба 36 ай ішінде аяқталады. Осылайша электр станцияны 2025 жылы ел игілігіне табыстайтын боламыз. Аймақ игілігіне арнап салынатын жаңа нысанның іске асуына ұйытқы болған Энергетика министрлігіне және мүдделік та­нытқан компания басшысы Коркут Өзтүркмен мырзаға барша Сыр жұртшылығының атынан шынайы алғысымызды жеткіземіз, – деді облыс басшысы.

Қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа нысан энергия жетіспеушілігін едәуір төмендетеді. Бұл – тәуелсіздік алған жылдары елімізде бюджеттен тыс қаржы көздерінен, яғни шетелдік инвесторлардың қаржысына іске асырылатын ең ауқымды теңдессіз жоба. Түрік компаниясының өкілі мұндай ауқымды жобаны іске асыру энергетикалық қауіпсіздікті және тарифті сақтауға мүмкіндік беретінін мәлім етті.

– Қазақстан – болашағы өте зор ел. Біз осы кезге дейін әлемнің бірнеше мемлекетінде энергетикалық бағытта ірі жобаларды іске асыр­дық. Енді Қазақстанда, оның ішінде Қызыл­орда өңірінде нысанды салуға ниеттіміз. Қызылордамен жасалған 15 жылдық келісім-шарт негізінде біз қаланың энергия мен жылу қажет­тілігін қамтамасыз ететін боламыз. Бұл орталық энергетикалық қауіпсіздікті күшейтуге ерекше мүмкіндік береді, – деді Коркут Озтуркмен.

Игі іс-шарада мемлекет және қоғам қайрат­кері Бақберген Досманбетов бұл нысанды салу шешіміне келу халықтың көкейде жүрген мәселесін шешуге жол ашқанын жеткізді.

– Әрине, қала тұрғындары үшін қанша жыл­дан бері жылу мен электр энергия бағытында қиындықтар туындап, әсіресе қыс мезгілінде проблемалар болатын. 60 жылдан бері қызмет етіп келген орталықтың әлеуеті жетпейтіні белгілі. Облыс басшысының өз қаржысына ау­қымды нысанды салуға ниетті инвесторды тауып, түрік бауырларымызды шақырғаны бүгінгі жиынның айғағы деп санаймын, – деді қоғам қайраткері.

Жылу электр орталығы бой көтеретін жерге салтанатты түрде капсула салынғаны жайлы ақпарат ресми сайттар мен газеттер және телеарналар арқылы дүйім жұртқа жетті. Бұл хабарды естіген көпшілік пен көзбен көрген жұртшылықтың қуанышын сөзбен айтып жет­кізу мүмкін емес. Тек аймақ үшін маңызды нысан, ғасыр жобасына баланған жылу электр орталығы межелі мерзімде салынып бітіп, тұрғындар игілігін көрсе дейміз.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: