Бейсенбі, 25 сәуiр, 21:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Финляндия НАТО-ға кіруге үмітті

14.05.2022

1033 0

Бейсенбі күні Финляндия президенті мен премьер-министрі елдің НАТО-ға мүше болу ұсынысын қолдайтындарын айтты. «Солтүстік Атлантикалық Ұйымына қосылу Финляндияның ондаған жыл бойы жүргізген бөлек қорғаныс саясатынан бас тартып, Ресей президенті Владимир Путиннің Батыс альянсын бөлу және әлсірету ниетіне соққы береді», − деп жазады The Wall Street Journal басылымының тілшісі Суне Энгель Расмуссен.

Тілшінің «Фин басшылары НАТО құрамына кіруді қолдайды» атты мақаласында Ресейдің ескертуіне қарамастан Финляндия мен Швеция алдағы аптада НАТО-ға кіруге өтініш білдіру мүмкін екені жазылған. Бұл екі ел бұған дейінгі онжылдықта альянс қатарына кірмеген батыс елдерінің бірі еді.

«НАТО-ға мүше болу Финляндияның қауіпсіздігін нығайтады», − деді президент Саули Ниинисте. Ал премьер-министр Санна Марин: «НАТО мүшесі ре­тінде Финляндия бүкіл қорғаныс одағын нығайтады. Финляндия араға көп уақыт салмай НАТО-ға мүше­лікке өтініш беруі керек. Бұл шешімге жету үшін қажетті ұлттық қадамдар алдағы бірнеше күнде тез қабылданады деп үміттенеміз», − деді.

Бұл мәлімдемеден кейін Кремль Финляндияны өз территориясын Ресеймен «әскери текетіреске» айналдырды деп айыптаған. «Ресей бұл шешімге байланысты өзінің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қатерді тоқтату үшін әскери-техникалық және басқа да сипаттағы жауап шараларын қабылдауға мәжбүр болады», − деді Ресейдің Сыртқы істер министрлігі.

Ал НАТО-ның Бас хатшысы Йенс Столтенберг Финляндияның мүшелігін қолдайтынын айтып, елді альянстың ең жақын серіктестерінің бірі деп атады. «Егер Финляндия өтініш берсе, НАТО елді жылы шыраймен қабылдайды және қосылу процесі мейлінше жылдам өтеді», − деді ол.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки де бейсенбі күні АҚШ Финляндия мен Швецияның НАТО-ға мүше болу ұстанымын қолдайтынын айтты.

Соғыстан кейін НАТО-ға қосылған 14 елден екі елдің айырмашылығы − олардың барлығы бұрын альянстың қарсыласы болды және оның стандарттарына айтарлықтай бейімделуді қажет етті. Финляндия мен Швецияда қазірдің өзінде озық әскерлері, жақсы дайындалған қарулы күштері және дамыған қару-жарақ өнеркәсібі бар ел саналады. Финляндия бүгінде НАТО-ның жалпы ішкі өнімнің 2 процентін қорғанысқа жұмсау ережесіне сай келеді және шамамен 1500 бірлікпен Батыс Еуропадағы ең үлкен артиллериялық күшке ие. Швециядағы әскери шығындар НАТО жоспарынан төмен, бірақ бұл ел жақында шығындар жоспарын арттырды және әлемдегі озық жойғыш ұшақтар мен суасты қайықтарын шығаратын санаулы елдердің бірі атанды.

Финляндияның қосылуы НАТО-ның Ресеймен құрлықтағы шекарасын шамамен екі есе ұлғайтады. Ал Швеция Балтық теңізіндегі ресейлік флотпен бірнеше рет қақтығысып үлгерді. Екі елдің мүшелігі Ресей мен НАТО арасындағы шиеленісті күшейтсе де, Мәскеуден келетін қауіппен күресудегі одақтың ұжымдық тәжірибесін толықтырмақ.

Соғыстан кейінгі Финляндия НАТО-ның жақын серіктесіне айналды. Бірақ финдер мен елдегі шешім қабылдаушылар көбіне Ресейді арандатудан аулақ болу үшін әскери тұрғыдан альянсқа қосылмады.

Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Финляндия қоғамында НАТО-ға мүше болуды қолдайтындар саны 20 проценттен 53 процентке өскен. 9 мамырда бұл көрсеткіш 76 процентке жетсе, президент қолдауынан кейін 82 процент НАТО-ға мүше болу туралы шешімге қолдау білдірген.

«Мен 1970 жылы Парламентке алғаш рет сайланғаннан бері мұндай маңызды шешімнің сонша­лықты жылдам қабылданғанын көрген емеспін», − деді 11 жыл бойы елдің сыртқы істер министрі болған және қазіргі Финляндия парламентінің сыртқы істер комитеті төрағасының орынбасары Эркки Туомиойа.

Ал НАТО-ға мүше болуды бұрыннан қолдап келген парламенттік Жасыл лиганың төрағасы Атте Харьянна «Біз мұны ұзақ уақыт бойы талқыладық, бірақ НАТО-ға мүшелік болуға қарсы дәлелдер қазір жоқ. Сондықтан уақытты босқа өткізбей, тез шешім қабылдау керек», − деді.

Финляндия НАТО-ға қосылу процесі жылдам болады деп үміттенетіндерін айтуда. Себебі Финляндия шешім қабылдағанын жариялаған кезде ұйым бұл өтінішті ұзақ қарастырса Мәскеудің қаһарына ұшырауы мүмкін.

Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон сәрсенбіде Хельсинки мен Стокгольмге барып, жаңа қауіп-қатерге қарсы Солтүстік Еуропаның қауіпсіздігін нығайту және қорғанысын күшейту туралы» декларацияға қол қойды. Бұл туралы Ұлы­британия үкіметі мәлімдеді. Бұл декларациялар Ұлы­британияға әскери қауіптерге қарсы тұру, сондай-ақ барлау және жаңа технологияларды, соның ішінде киберкеңістіктегі ақпаратты жинау үшін скандина­виялық серіктестермен тығыз жұмыс істеуге мүмкіндік бермек.

Сәрсенбі күні Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Мәскеу біздің шекараларымыздағы альянстың конфигурациясын қандай да бір жолмен өзгерте алатын әрекеттермен байланысты барлық нәрсені мұқият қадағалап отыр», − деді. Ал Фин­ляндияның қорғаныс министрі Антти Кайкконен Хельсинки Ресейдің «қандай да бір реакциясына» қарамастан өз шешімдерін қабылдайтынын айтты. «Олар бізге тікелей қауіп төнетінін айтқан жоқ. Олар қандай да бір реакция болатынын айтты, бірақ мен бұл тікелей қауіп төндіреді деп айта алмаймын», − деді Кайкконен.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: