Сәрсенбі, 24 сәуiр, 10:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Мүрдеге толған өзен

22.05.2021

3652 0

Үндістанның киелі деп саналатын Ганг өзені соңғы уақытта қайтыс болған адамдардың мүрдесіне толған. Ол жерден өзенде қалқып жүрген, су жағасындағы құмға көмілген адам денесін көруге болады. Көбісі мұны елдегі коронавирус ахуалының күрделеніп, індеттен көз жұмғандар қатарының артуынан болуы мүмкін деп тұжырымдайды. Осыған орай ВВС арнасының тілшісі Гита Пандей «Үндістанның ең киелі өзені – Ганг коронавирус құрбандарына толды» деген тақырыппен репортаж дайындаған.

Репортажда өзенге жақын орналасқан Уттар-Прадеш штаты­ның бүгінгі көрінісі баяндалады. Жалпы Үндістан коро­навирустың екінші толқынын ауыр өткеріп жатқан бірден-бір мемлекет. Бүгінде вирус жұқтырғандар саны 25 миллионға жуықтаса, одан көз жұмғандар саны 275 мың­ға жеткен. Дәл осы өзен жағасындағы күндіз-түні өртеніп жатқан табыттар мен елде кремацияға орын жетіспеушілік індеттің халыққа тигізген зардабынан ашық көрініс береді. Тілші репортажында жергілікті билік өкілдері, штат тұрғындарымен сұхбаттасып, наным-сенім, кедейлік пен пандемия туралы көріністерді ашып көрсетеді.

Бұл сұмдық көрініс ең алғаш рет 10 мамырда өзен суынан 71 адамның денесі Чауса ауылында жағаға шығарылғанда анық­талған. Ауылға жақын орналасқан Бухар елді-мекенінің поли­циясы Нирадж Кумар Сингх арнаға берген сұхбатында зерттеу жұмыстары шіріген денелерге де жүргізіліп, ДНҚ алынған соң өзен жағасындағы шұңқырларға көмілгенін айтқан.

Мемлекеттің ресми өкілдері адамның кейбір бөл­шектері кре­мациядан қалған болуы мүмкін дегенімен, мүрделер сол күйінше өзенге ағызылған болуы мүмкін деп күдіктенеді. Бүгінде олар өзенді тазартып, өліктерді жағаға шығару үшін арнайы торлар орнатқан. Чауса өзенінен 10 шақырым жердегі Гахмар ауылында да су жағасына он шақты дене шығып қалған. Қатты бұзылып кеткен адам денесін иттер мен қарғалар өздеріне жемтік еткен.

Ал жергілікті тұрғындар арна тілшілеріне берген сұхбатында билік өкілдеріне наразылық білдіреді. Себебі олардың айтуынша, бұл орын алған оқиға әлемдік басылым беттерінде жарияланбай тұрғанға дейін өзен бойында өлікті жуындырғандар көп болған.

Ісінген және шіріген ондаған адам денесі көршілес Баллия ауданынан да табылған. Бұл көріністі жергілікті тұрғындар таңер­тең киелі өзенге шомылуға барғанда байқаған. «Hindustan» газетінің хабарлауынша, ол кезде өзеннен 62 мүрде шығарылған.

Сондай-ақ бағдарламада Каннаудж, Канпур, Уннао мен Праяграджда өзен арнасы маңынан аса терең емес бейіт қазылып, адам жерленгені туралы айтылады. Ол жерден өзен бойында қорғанға ұқсайтын бірнеше бейіт қазылған. Көбісіне өзен арна­сындағы шағын төмпешік секілді көрінгенімен, астында адам жерленген.

Негізінен үндістер өлген адамға кремация жасайды. Бірақ та ұлттың кейбір өкілдері кішкентай балаларды, тұрмыс құрмаған қыздарды немесе індет, жылан уынан қайтыс болғандарды суға ағызып жіберу үрдісін ұстанады екен.

Кейбір кедей халық кремациялауға жағдайы жетпе­гендіктен де мүрдені ақ матаға орап, суға ағызуы мүмкін. Негізі дене су астында қалсын деп арнайы ауыр тас байлау керек болғанымен, көп мүрде өзен бетінде қалқып жүр. Жалпы Ганг өзенінің бойында адам денесінің қалқып жүргені – үндістер үшін таңқаларлық дүние емес. Көпшілікті алаңдатып отырған басты мәселе – аз ғана уақыттың ішінде осынша көп мүрденің суға ағызылуы. Канпурадағы журналист арнаға берген сұқбатында: «Судағы адам денелері вирустан көз жұмғандар туралы тара­тылып жатқан ақпаратпен сәйкес келмейді», – деген. Оның айтуы бойынша ресми ақпаратта Канпурада 16 сәуір мен 5 ма­мыр аралығында қайтыс болғандар саны 196 деп көрсетілген, ал өңірдегі 7 кремация орталығында осы аралықта 8000-ға жуық мүрде өртелген.

Ал Праграяджа өңірінің журналисі өзендегі өліктердің көбісі үйде жатып вирустан көз жұмғандар немесе кедейлер болуы мүмкін деп топшылайды. «Бұл – өте аянышты. Олар да біреудің баласы, қызы болды. Бірақ олар тізімге де енбеді. Белгісіз түрде көз жұмып, белгісіз күйде жерленді», – дейді ол.

Өзеннен табылып жатқан мүрделердің коронавирустан қайтыс болған азаматтар болуы мүмкін деген қауесет ауыл тұрғындарының үрейін тудыруда. Гималайдан бастау алатын Ганг – әлемдегі ең үлкен өзеннің бірі. Оны жергілікті халық киелі санап, бәле-жаладан қорғайды деп сенеді, түрлі ырым үшін өзен суын қолданады.

Каннаудждың 63 жастағы тұрғыны Джагмохан Тивари судың астынан 150-200 адамның денесін көргенін, күнде таңғы 7-ден кешкі 11-ге дейін жерлеу рәсімдері жүргізілетінін айтқан. Сонымен қатар судың жағасындағы бейіттер жаңбыр жауған кезде немесе  су көтерілген кезде қалқып шығады деп алаңдап отыр.

Арна тілшісі бұл дайындаған репортажы арқылы соңғы уақытта әлемдік жаңалыққа айналған Ганг өзенінің бүгінгі кейпін ашып көрсетеді. Себебі бұл тек Үндістанды ғана емес, күллі әлемді алаңдататын мәселе.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: