Бейсенбі, 25 сәуiр, 05:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Қорғаныс министрінің үйіне шабуыл жасалды

07.08.2021

998 0

Кабулда мемлекеттің қорғаныс министрінің үйіне шабуыл жасалып, салдарынан шамамен 8 адам көз жұмды. Соңғы бір жылдағы ең үлкен шабуыл саналатын бұл оқиға туралы «ВВС» арнасы хабарлап, ресми сайтта «Содырлар Кабулдағы қорғаныс министрінің үйіне шабуылдады» атты мақала жариялады.

Арнаның хабарлауынша, министр Хана Мохаммади сейсенбі күні кеште үйінде болмаған. Содырлар мина қойылған көлікті жарып, қорғаныс нығайтылған «Жасыл аймаққа» оқ жаудырған. Тәліптер бұл оқиғаға қатысы барларын ресми мойындаған.

Сондай-ақ тәліптер алдағы уақытта басқа да мемлекеттік басқарушыларға шабуылдайтынын айтқан. БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесі мұндай бассыздықты тоқтатуға шақырған.

Оқиға салдарынан шамамен 20 адам зардап шеккен. Полицияның мәлімдесі бойынша, шабуыл жасаған 5 адамның 4-еуі министрдің вилласына кіргенде құрықталып, көз жұмған. Сондай-ақ ішкі істер министрлігі бір содырдың өзін-өзі жарып жібергенін айтқан.

Арнайы жасақ «Жасыл аймаққа» өтіп, бірнеше елшілік және мемлекеттік мекемелер орналасқан жерді қорғаған. Үш сағатқа жуық атыс болып, содырлардың көзі жойылған. Ал министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «Бәрі жақсы», деп жазба қалдырған.

Оқиғадан бірер сағаттан соң Кабул тұрғындарының үйлерінің төбесіне шығып, «Аллаху акбар (Алла ұлық!)» деп тәліптерге бейбіт қарсылық танытқан. Мұндай наразылық актілері соңғы кезде бірнеше рет қақтығыс болған Герат аумағында да орын алуда. «ВВС» арнасының хабарлауынша, мұндай бейбіт наразылық актілері ұлттық сарбаздардың рухын көтеріп, аймақтардың билігін қолына алғысы келетін содырларды жеңуге көмектеседі екен. Дегенмен арна тілшісі содырлар тіпті қатаң қауіпсіздік сақталған аймаққа да шабуыл жасауға қауқарлы екенін айтты.

Қазіргі таңда шабуылдар Гильменд аймағында жалғасып, БҰҰ-ның хабарлауынша 40-қа жуық бейбіт тұрғын қаза тапқан. «Жолда бірнеше мүрде жатыр, олардың «талибан» немесе бейбіт тұрғын екені белгісіз. Ондаған отбасы өз үйлерін тастап, Гильменд өзеніне жағалай уақытша тұрақтаған», – деп хабарлады БҰҰ.

Билік халықты уақытша үйлерін босатуды сұрап, алдағы уақытта «талибандарды» құрықтау шаралары жүргізілетінін айтқан. Қалада бірнеше күн бойы соғыс жүріп жатыр және содырлар қаланың барлық аумағын өз бақылауына алған.  

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған
Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: