Бейсенбі, 25 сәуiр, 17:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ресей-Украина: Еуропа не дейді?

26.03.2022

858 0

Украина жерінде Ресей мен Украина әскерлерінің қақтығысы әлі де жалғасуда. Әлем елдері Ресейге қарсы бірнеше шектеу енгізсе де Мәскеу тығырықтан шығу үшін барлығын жасап, шабуылды әлі де тоқтатар емес. Қантөгіске бүгінде күллі әлем назарын аударды. Осы орайда CNN арнасында Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты «Әлемдік көшбасшылар не дейді?» тақырыбында сағат сайын жарияланған жаңалықтар хроникасын ұсынуды жөн көрдік.

БҰҰ-ның мәліметі бойынша, Украинада қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны 1000-нан асады. Бұл туралы бейсенбіде БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі жоғары комиссарының кеңсесі мәлімдеген. «Бейбіт тұрғындардың көпшілігі үлкен аумақтағы жарылғыш заттардың, яғни ауыр артиллерия мен бірнеше зымырандық шабуылдардан, сондай-ақ зымыран мен әуе соққыларынан көз жұмған», – делінген кеңсе хабарламасында. Хабарламада 1035 бейбіт тұрғынның өлімі туралы егжей-тегжейлі мәлімет берілген: «214 ер адам, 160 әйел, 14 қыз және 28 ұл бала, сондай-ақ жынысы әлі белгісіз 48 бала мен 571 ересек адам». Сондай-ақ кеңсе хабарламасында шамамен 1650 бейбіт тұрғын жарақаттанғаны жазылған.

«Адам құқығы жөніндегі жоғары комиссариат негізінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары деп есептейді. Өйткені кейбір қарқынды ұрыс аймақтарынан ақпарат кешігуде және көптеген есеп әлі де расталуын күтуде. Мәселен, Мариуполь мен Волновахадан, Изюмнен, Северодонецк пен Рубижнеден, Тростьянецтен ақпарат алу әзірге мүмкін болмай отыр», – делінген хабарламада.

НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресейдің әрекетіне жауап ретінде химиялық, биологиялық және ядролық қорғанысты күшейтетінін мәлімдеді.

«Біздің бас қолбасшымыз генерал Уолтерс НАТО-ның химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядро­лық қорғаныс элементтерін іске қосты. Ал одақтастар біздің қолда бар және жаңа қолдаушы топтарды нығайту үшін қосымша химиялық, биологиялық және ядролық қорғанысты орналастыруда», – деді ол журналистерге Брюссельде өткен кезектен тыс мемлекет және үкімет басшыларының жиналысынан кейін.

Ал Украинаның қарулы күштері арнаға Ресей көршілес Беларусияға қару жеткізуде деп мәлімдеген. Украина ҚК-нің мәліметінше, бұл арқылы Ресей Киевті қоршауға бағытталған шабуылды бастауды жоспарлап отыр. Бейсенбі күні Украина әскері ресейлік күштер Қырымға да техникаларын жинап жатқанын айтқан. «Ресей әскері Украинаның басып алған аумақтарын ұстап тұруға және қорғаныс операцияларын жүргізуге қолда бар қару мен құралдар жеткіліксіз екенін түсіне бастады», – делінген украиналық әскердің мәлімдемесінде.

АҚШ-тың Қаржы министрлігі Ресей Мемлекеттік Думасының жүздеген депутатына, ондаған ресейлік қор­ғаныс компаниясына және Сбербанктің бас директорына қарсы жаңа санкцияларды ресми түрде жариялады.

Соңғы мәлімдемеде Ресей парламентінің төменгі сатысы болып саналатын 450 орындық Ресей Мемлекеттік Думасының 328 депутатына санкция жарияланғаны, 48 ресейлік қорғаныс және материалды компаниялары Батыс технологиялары мен қаржыландыруынан ажыратыл­ғаны және Сбербанктің басшысы Герман Грефке санкция салынғаны айтылды. Қаржы министрлігінің мәлімдемесінен кейін «Олар Кремльдің саясатынан жеке пайда көруде, сондықтан олар да ауыртпалықты сезінуі керек», – деп жазды Байден твиттерде.

Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстың жалғасып жатқанына бір айдан асты. Осы орайда Еуропа елдері соғысты тоқтатуға барынша тырысып бағуда. Мәселен, бейсенбі күні таңертең НАТО басшылары Брюссельде төтенше саммитке жиналып, Ресейге қарсы жаңа санкциялар, сондай-ақ Украинаның қорғанысын нығайтуға бағытталған басқа да шаралар туралы жариялады. Алайда олар Украина президенті бірнеше рет көтерген ұсынысын, яғни Украинаның үстінде ұшуға тыйым салынған аймақ құру өтінішін орындай алмайды. АҚШ пен НАТО шенеу­ніктері мұндай әрекет Ресей президенті Владимир Путинді арандатып, Ресеймен соғыс ушығып кетуі мүмкін екенін бірнеше рет алға тартты.

Рим папасы Франциск әскери бюджетті ұлғайту мен санкция салу соғыстың шешімі еместігін айтты. Рим Папасы Ресейдің Украинаға қарсы шабуылы жалғасып жатқан тұста елдерді әскери шығындарын ұлғайтқаны үшін сынға алып, мұны «ақылсыздық» деп атады.

Ол шиеленістің шешімі ретінде санкциялар мен қаруды жоққа шығарып, әлем «экономикалық, технократиялық және әскери күшке» бағынбайтын етіп басқару тәсілін өзгертуі керек деді.

«Шешім қаруларда, санкцияларда, әскери-саяси одақ­тар­да емес, басқа көзқараста. Қазіргі жаһанданған әлемді басқарудың басқа тәсілінде. Мінез көрсетпей, қалыптасқан халықаралық қатынастарда біріккен бағытта болуда. Құдайға шүкір, конверсия үлгісі бұрыннан бар, бірақ, өкінішке орай, ол әлі де экономикалық, технократиялық және әскери күшке байланысты», – деді Рим Папасы.

Енді Ресей не істемек? Арна тілшісі Арна Деван бұл сұрақтың жауабын зерттеп көрген. Соғыстың басталғанына бір ай өткенімен бүгінде ресейлік әскердің шабуылы бәсеңдей бастаған. Дегенмен тілші алдағы бір аптада кей нәрселерге көп назар аударуды ұсынады. Мәселен, оның пайымдауынша, Ресей бомбалауды күшейтіп, нәтижесінде әскер шығынын мейлінше қысқартуы мүмкін.

«Ресейдің әскери күш-жігері бәсеңдеп қалды деген көп қауесет бар. Алайда мұның шындық екенін білу үшін Мәскеу бірінші кезекте қандай мақсаттарды көздегенін табу керек. Ал бұл туралы нақты айту қиын», – деп жазады тілші.

Ресейдің Киевке ілгерілеуіне көп көңіл бөлініп жат­қанымен, Украина армиясының басым бөлігі Донецк пен Луганск маңында қалып отыр, олар бірлескен күштер операциясы аясында топтастырылған әскерилерді бақылау мақсатында көптеп жиналуда. «Оңтүстік әскери округ – Донецк, Луганск, Мариуполь, Бердянск, Мелитополь Ресей армиясына шабуылдауға ең ыңғайлы жерлер және бұл аймақ қашанда жұмыс істейді. Олар НАТО-ға қарсы тұру үшін жасалған», – дейді Корольдік Біріккен Қызметтер Институтының зерттеушісі Крэнни-Эванс CNN-ге берген сұхбатында.

Қытайдың БҰҰ-дағы елшісі Чжан Цзюнь БҰҰ Бас ассамблеясына мүше елдерге Украинадағы гуманитарлық жағдайдың шиеленісіп бара жатқанын, бірақ басқа елдерге «таңдау» жасауды міндеттемеу керектігін алға тартты. Ол өз сөзінде Қытай әрқашан Украина жерінің тұтастығын қолдайтынын және оған ешкім қол сұқпау керектігін алға тартатынын айтты.

«Әлемнің дамушы елдері бұл қақтығыстың себепкері емес. Олар бұл мәселеге қатыспай, геосаяси қақтығыс пен екі ел арасындағы қақтығыстан еш салдарын сезінбеуі керек… Олар «дос немесе дұшпан, ақ немесе қара» деген қарапайым көзқарасты қабылдамауы керек және ешбір елді екі тараптың біреуін таңдауға мәжбүрлемеу керек», – деді ол өз мәлімдемесінде.

Ал бейсенбідегі G7 көшбасшыларының біріккен мәлімдемесінде Ресейді Украинаға басып кіру кезінде химиялық, биологиялық немесе ядролық қаруды қол­данбау керектігін ескертті. «Біз химиялық, биоло­гиялық және ядролық қарудың немесе осыған байланысты материалдардың кез келгенін қолданбауға шақырамыз», – деп жазды көшбасшылар Брюссельдегі кездесуден кейін.

Германия канцлері Олаф Шольц G7-нің кезектен тыс отырысынан кейін Ресейдің Украинада химиялық немесе биологиялық қарудың кез келген түрін қолдану «барлық ережелерді, келісімдерді және қолданыстағы конвенцияларды бұзу болады», – деді. «Біздің «Олай істеме» деп айтудан басқа амалымыз жоқ», – деді ол.

Japan’s Prime Minister Fumio Kishida (L) U.S. President Joe Biden (2L) and Germany’s Chancellor Olaf Scholz (R) speak next to NATO Secretary General Jens Stoltenberg (C), European Commission President Ursula von der Leyen (3R) and Canada’s Prime Minister Justin Trudeau (2R) before a G7 leaders’ family photograph during a NATO summit at the alliance’s headquarters in Brussels on March 24, 2022. (Photo by HENRY NICHOLLS / POOL / AFP) (Photo by HENRY NICHOLLS/POOL/AFP via Getty Images)

Ал АҚШ президенті Джо Байден G7-нің отырысынан кейінгі баспасөз жиынында мемлекет басшысы ретінде Украинаға берген уәдесін орындауға дайын екенін айтты. «АҚШ мен президент болғаннан бері Украинаға 2 миллиард доллардан астам әскери техника беруге сөз берді. Мен айтып тұрған зениттік жүйелер, танкке қарсы қару, оқ-дәрілер мен қаруларымыз Украинаға жет­кізілуде. Ал бүгін мен АҚШ-тың соғыстан зардап шеккен миллиондаған украиндықтарға көмектесу үшін 1 миллиард доллардан астам гуманитарлық көмек беруге дайын екенін жариялаймын», – деді Байден.

Сондай-ақ ол Америка 120 мыңға жуық украиндық босқынды қабылдауға дайын екенін және алдағы уа­қытта Ресейге қарсы санкциялар жарияланатынын айтты. Журналистің «Америка Ресейдің жаппай қыруға арналған қаруды қолдануға дайындық жұмыстарын барлайтынын айтты. Қазіргі кезде барлау жұмыстары қалай жүргізілуде? Ресей химиялық қару қолданса АҚШ не істемек?» деген сұрағына «Барлау жұмыстары туралы ештеңе айта алмаймын. Ал егер Путин ондай қаруды пайдаланса, біз жауап береміз. Қандай қару қолданылса, дәл сондай қарумен біз Ресейге жауап береміз», – деді Байден.

Сондай-ақ баспасөз жиынында Джо Байден Си Цзинпиньмен Қытайдың Ресейге көмектесуі туралы ашық сөйлесіп, мұндай көмек Қытай экономикасына кері әсер ететінін ескерткенін тілге тиек етті. «Менің ойымша, Қытай өзінің экономикалық болашағы Ресейден гөрі Батыспен әлдеқайда тығыз байланысты екенін түсінеді. Сондықтан ол мұндай әрекетке бармайды деп үміттенемін», – деді Байден.

Ал Франция президенті Эммануэль Макрон өз кезегінде Франция Украинадағы соғыстың өршуіне жол бермеуге арналған «жұмыстарды күшейтетінін», бірақ француз әскерінің тікелей қатыспайтынын тағы бір рет ескертті.

«Біз шиеленістің алдын алу және орын алған жағдайда ұйымдастыру жұмыстарын күшейтуге бел будық. Өз ұстанымымызды Украинадағы соғыс және оның салдары тудырған жаңа стратегиялық жағдайларға бейімдеуді жалғастыру қажеттілігі негізінде әрекет етіп жатырмыз. Сонымен қатар НАТО жаттығуларына 3200 француз әскері қатысуда», – деді Франция президенті.

Өз кезегінде НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс жал­ғасып жатқан тұста Ресей мен НАТО арасында то­лыққанды соғыс болуы екіталай деп санайтынын айтты.

Ал Украина президенті Зеленский G7-ге санкцияларды күшейту және U-24 деп аталатын жаңа топ құру арқылы «бітімгерлердің мықты тобы» бола алатынын айтты.

«Біз сіздердің G7 тобыңызды жай ғана керемет жетілік емес, бітімгерлердің ұлы жетілігін жасай аламыз. Бізге не керек? Бұл сұраққа Украина нақты жауап береді. Біз Ресей агрессиясы тоқтап, бейбітшілік орнамайынша, апта сайын оған қарсы санкцияларды күшейтуіміз керек», – деді Зеленский G7 елдеріне.

«Ресей жаһандық қауіпсіздік архитектурасын бұзып, халықаралық қатынастарға мықты соққы берді. Бірақ бұл тек бастамасы ғана. Бұл соғыс жаһандық азық-түлік дағдарысына ұласуы мүмкін. Украина жеріндегі соғыс неғұрлым ұзақ болса, Украинадан әлемдік нарыққа азық-түлік аз түседі, Азияның, Африканың тіпті Еуропаның көптеген елі негізгі азық-түлікке қол жеткізу және азық-түлік бағасына қатысты төтенше мәселелерге тап болуы мүмкін. Бұл саяси тұрақсыздыққа әкелетіні сөзсіз. Бәлкім бұл Ресей басшылығының мақсаты болған да шығар. Мен білмеймін. Бірақ біз дереу әрекет етуіміз керек. Дереу Ресей әскерін тоқтатып, Украинадан шығаруымыз керек. Әлем тағы бір қиындыққа тап болмас бұрын бізге дереу бейбітшілік қажет. Жаһандық азық-түлік дағдарысының салдарын кейінірек шешкенше, оның соғыс машинасын мүмкіндігінше тоқтату үшін Ресейге қарсы санкцияларды қазір қолданған дұрыс», – деп қосты Украина президенті.

Сондай-ақ ол өз сөзінде Ресейді түбегейлі GPS  навигациядан айыру, әлемдік қаржылық қызметте Ресейдің орталық банкін бұғаттау керектігін айтты және Ресей қолданылуы халықаралық құқықпен тыйым салынған немесе шектелген кей фосфорлы оқ-дәрілерді қолданып жатқандығын айтты.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: