Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Саясаткер сапары

26.11.2020

659 0

Апта басында АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Израиль иелігіне қарасты Иордан теңізінің Батыс жағалаудағы еврей қонысын аралады. Бұл жай ғана сапар емес, даулы аймаққа қатысты АҚШ ұстанымын білдірген салмақты саяси комбинация еді.

Келер жылдың қаңтарында лауазымын босатуға тиісті саясаткердің арнайы келуі Израиль көршілерін де алаңдатып отыр. Бұған дейін Голан биігін Израиль меншігі деп танығандықтан Майк Помпеоға наразы ел жетерлік. Әсіресе Палестина жұрты атарға оғы болмай, Батыс жағалауға келуін «қып-қызыл арандатушылық» санауда. Әлемдік «BBC» арнасы болса саяси ойынның мән-маңызын ерте түсініп, мемлекеттік хатшының табаны тиген өңірді қалт жібермей, әрбір аймақтың маңызын ашқан арнайы хабар әзірледі. Хабар иесі – Иоланда Кнелл. «Помпео Батыс жағалау мен Голан биігіне сапарлады» деген атаумен жарық көрген бағдарлама қызу талқы тудырып, ерекше детальдарға баса назар аударады.

«Майк Помпео – Израиль оккупациясындағы Батыс жағалауға қадам басқан алғашқы жоғары лауазымды шенеунік. Мемлекеттік хатшы Псагот пен Голан биігіне сапар алды «мұнда еврейлердің қонуыстануы ешқандай заңға қайшы емес» деп мәлімдеген болатын. Бұл пікір өңірде жеке мемлекет құруды мақсат етіп, бас көтерген палестиналықтарға жақпағаны мәлім. Израиль 1967 жылы Сириядан тартып алып, кейіннен өзінің аннексиясы деп жариялаған маңызды үстіртті Дональд Трамп та ресми түрде мойындаған еді. Бұған АҚШ президентінің Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен жақын серіктес болғанының әсері мол. Сондықтан Помпеоның еврейлерге үстемдік беруін әлемдік саяси сахнадан түскен Трамптың «қоштасу сәлемі» деп қабылдауға тұрарлық».

Журналист Иоланда Кнелл мемлекеттік хатшының Псагот қонысына аялдауын өзге ақпарат көздерінен ерекше жеткізе білген. Тілші сірескен сан мен жалаң мәліметтен бас тартып, Псаготта өндірілетін қызыл помпео шарабының құтысын кадрға іліктіру арқылы оқиғаның маңызын ашуға қадам жасайды. Ең оңтайлы шешім есебінде еленген жұмбақтың мәнісі мынада: АҚШ мемлекеттік хатшысы «Израиль қоныстанған аймақ ешқандай заңға қайшы емес» деген мәлімдеме таратқаннан соң, еврейлер оның құрметіне шарап сортын атаған. Осылайша екі елдің өзара байланысы мен ұстаным бағытын дөп басуға қол жеткізген.

Қазіргі таңда Батыс жағалауда 600 мыңнан астам еврей өмір сүреді. Көптеген халықаралық ұйымдар бұл қоныстануды заңсыз санағанымен, Иерусалим тарапы бұл ескертпені маңызды санамайтын секілді.

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: