Жаз мезгілі – демалысқа шығып, саяхаттап, су айдындарында шомылатын уақыт. Алайда дәл осы жыл мезгілінде серозды менингит ауруының маусымдық өсуі байқалады, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында.
Серозды менингит – көбінесе вирустардың, соның ішінде энтеровирустардың әсерінен туындайтын ми мен жұлын қабықтарының қабынуы. Ауру қоздырғыштарының басым бөлігі – вирустар. Вирустық типтегі серозды менингит энтеровирустармен, сондай-ақ вирустың кейбір басқа түрлерімен байланысты туындайды. Бұл аурумен 3-6 жас аралығындағы балалар жиі ауырады. Менингококкты менингиттен айырмашылығы – ауру ағымы жеңіл өтеді, асқынуы өте сирек кездеседі және өлім-жітім қаупі айтарлықтай жоғары емес.
Инфекция науқаспен немесе инфекцияны тасымалдаушымен тығыз байланыста болған кезде су, тамақ, ауа тамшылары арқылы жұғады. Ауру маусымдық сипатқа ие, көктем-жаз және жаз-күз мезгілдерінде белсенді тіркеледі.
Ауру дене температурасының 38-40 градусқа дейін көтерілуінен басталады, әлсіздік, бас ауруы, іштің өтуі мүмкін. Аурудың ауыр ағымында құрысулар болады. Егер бұл шағымдар пайда болса, дереу дәрігерге жүгіну керек.
Қызылорда облысы бойынша жыл басынан бері серозды менингиттің 3 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бір деңгейде екендігін көрсетеді.
Инфекция шомылуға рұқсат етілмеген ашық су айдындарында шомылғанда суды жұту кезінде, нашар жуылған көкөністер мен жемістерді, шөптерді тамаққа тұтынған кезде, жөтелгенде және түшкіргенде сілекей мен қақырықтың ең кішкентай тамшылары арқылы, жеке гигиена ережелерін сақтамаған кезде лас қолдар арқылы жұғады.
Аурудың алдын алу үшін қолды сабынмен мұқият жуу, сапалы ауыз суды пайдалану, тағамдарды сақтау талаптарын орындау, көкөністер мен жемістерді жақсылап жуу, вирустық инфекция белгілері бар адамдармен қарым-қатынасты шектеу, сондай-ақ үй-жайларды жиі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу ұсынылады.
Су жағасында демалу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға ерекше назар аудару қажет: тек ресми рұқсат етілген орындарда шомылу, суды мүмкіндігінше жұтып қоймау және ластанған су айдындарында шомылкдан бас тарту керек.
Жеке бас гигиенасының қарапайым ережелерін сақтау және сақтық шараларына жауапкершілікпен қарау – аурудың алдын алуға және бүкіл отбасының денсаулығын қорғауға көмектеседі.
Г. Сыздыкова
Қызылорда облысының СЭБД басшысы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
