Бүгінде қолдан жасалған сұлулыққа құмартатындар көбейді. Пластикалық ота жасатуға шетел асып баратындар жайлы еститін едік. Алайда кейінгі жылдары елімізде де кеңінен танымал бола бастады. Соның нәтижесінде пластикалық хирургияға сұраныс айтарлықтай артты. Дегенмен, сымбатын мінсіз еткісі келгендер оның құрбаны болып отыр. Осыдан екі ай бұрын Алматыдағы жеке клиникада липосакция жасатқан 53 жастағы блогер отадан кейін қайтыс болды. Одан кейін Ақтау қаласында иек тұсына липосакция жасатқан 49 жастағы ер адамның да көз жұмғаны қоғамды бейжай қалдырмады. Бұл оқиғалар пластикалық хирургия қызметінің қауіпсіздігі мен оған қойылатын талаптың өзектілігін тағы бір мәрте көрсеткендей болды.
Пластикалық хиругияның отаны
Ресми деректерге сүйенсек, әлемде жыл сайын 11 миллионнан астам адамға пластикалық ота жасалады екен. Оның ішінде кейінгі жылдары эстетикалық түріне сұраныс артқан. Халықаралық эитетикалық қауымдастықтың дерегіне сүйенсек, дене бітіміне көңілі толмайтындардың көбі Оңтүстік Корея, Бразилия, АҚШ және Мексикада кездеседі. Әсіресе, ең көп ота жасалатын ел Оңтүстік Корея болып тұр. Пластикалық хиругияның отаны атанған бұл елде мінсіз мүсін үшін түрлі ота жасататындар көп екен. Тұтынушылардың пікірі бойынша, арнайы зерттеу жүргізетін корейлік агенттіктің ақпаратына сүйенсек, қыз-келіншектердің 70 пайызы дене бітімін жақсарту үшін барса, көзін үлкейту үшін баратындар саны да осы шамалас.

Қазақстанда да пластикалық хирургия қарқынды дамып келеді. Зерттеулерге сүйенсек, бүгінгі таңда ең көп жасалатын оталардың қатарында блефаропластика, омырауды үлкейту, SMAS-лифтинг және липосакция бар. Әсіресе жас көрінуге және дене пішінін түзетуге деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Ең қиыны, сұлулық құрбаны болып жатқандар бар. Осы орайда елімізде пластикалық ота жасауға рұқсат кімдерге және қалай беріледі деген сұрақ туындайды.
Бақылау неге күшейтілді?
Қайғылы жағдайлардың жиілеуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық ота жасайтын клиникаларға бақылауды күшейтетінін мәлімдеді. Бұл шешім медициналық қызмет сапасы мен пациент қауіпсіздігін бақылауды күшейту үшін қабылданды. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2022 жылдан бастап бұл орталықтарға 92 жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталып, лицензиялық талаптар мен медициналық көмек көрсету ережелерін бұзу бойынша 24 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар 4,8 миллион теңге көлемінде айыппұл өндірілді.
Министрлік мәліметіне сүйенсек, пластикалық хирургия қызметімен айналысу үшін медициналық ұйым міндетті түрде лицензия алуы қажет. Қазіргі таңда Қазақстанда пластикалық ота жасайтын 295 клиника жұмыс істейді. Оның 147-сі – жекеменшік медициналық ұйым. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметіне сәйкес, прокуратура тапсырмасы негізінде 122 клиникаға жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Бұл жұмыстарға тәуелсіз сарапшылар да қатысады.
Сыртқы келбетті өзгерту – әр адамның жеке таңдауы. Бірақ кез келген шешім қауіпсіздік пен денсаулықтан жоғары тұрмауы керек. Бұл мәселе төңірегінде қанша адам болса, сонша пікір болатыны даусыз. Айтайын дегеніміз, кісі келбетін қалай өзгертемін десе де, өз еркі. Тек сұлулық құрбаны болып қалып жүрмейік. Жаратылысты жасандылыққа ауыстырамын деп жанталаспаған жөн.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!