Бейсенбі, 09 мамыр, 09:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№36 – 2046
07.05.2024
PDF мұрағаты

Офшордағы ақша да ел несібесі екенін ұмытпау керек

01.11.2022

1274 0

Қазақстан ақшасының қомақты көлемі шетелдегі жасырын есепшоттарға кетіп жатқаны жасырын емес. Ол жақта қанша ақша жатыр? Отыз жылда ел несібесін еселеуге тиісті қаржының қанша миллиарды бөтеннің қалтасына түсті? Мұны дөп басып, нақты осынша сома деп ешкім айта алмайды. Онсыз да жарымай отырған Қазақстан халқының аузынан жырып, опыра жеудің амалын тапқан жемқор немелер елдің қазанына қол сұққандардың жеті ұрпағына дейін қарғысқа ұшырайтынын естен шығарған сияқты. Жуырда офшордағы ақшаның басы елге қайта бастағаны туралы ақпарат тарады. Бұл ақпаратты Мемлекет басшысының пәрменімен құрылған комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек мәлім етті.

Офшорда қанша қаржы бар?

Осыдан екі жыл бұрын сенат депутаты Ольга  Перепечина: «Шетел асқан ақшаның нақты сомасын анықтап айта алмаймыз. Себебі бізде бұған жауап беретін арнайы орталық жоқ. Tax Justice Network халықаралық ұйымы таратқан мәлімет бойынша, соңғы 20 жылда Қазақстаннан офшорлық аймақтарға шамамен 140 млрд доллар аударылған», – деген болатын. 

Сол кезде сенатор Перепечина 2020 жылы офшордағы ақшадан Қазақстанға көк тиын да қайтпағанын айтқан еді.

Жыл басында өткен Парламент Мәжілісінің отырысында офшордағы қаржы мәселесі тағы көтерілді. Бұл жолы «Ақ жол» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов депутаттық сауал жолдап, 160 млрд долларға дейін шетел асып кеткенін жеткізді.

«Біздің фракция соңғы жылдары, «Панама тізімі», «Райское досье» және Швейцария банктерінің қа­зақстан­дықтырдың  шоттарына  қа­тысты депутаттық сауалдарымызда осы мәсе­лелерді бірнеше рет кө­терген бола­тынбыз. «Tax Justice network» халықаралық ұйымының мәліметі бойынша, соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорларға шамамен 140-160 миллиард АҚШ доллары шығарылған, бұл бүкіл елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең», – деді мәжілісмен.

Халық қалаулысы қаңтар қасіретінде кейбір олигархтар Қазақстаннан жеке ұшақтармен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны шетелдегі есепшоттарға аударғаны туралы ресми емес ақпарат бар екенін де айтқан болатын.

Осыған байланысты Мәжілістегі «Ақ жол»  фракциясы Қаржы мо­ниторингі агенттігінен Қазақстан экономикасына офшорлық аймақ­тардан нақты қанша қаражат қай­тарылғаны туралы ақпарат беруді,  қаңтардағы қайғылы оқиғалар ке­зінде Қазақстаннан шетелге қандай ірі қаражат шағарылды (миллион АҚШ доллардан көп суммалар), оны кімдер шығарғанын, кімдердің шоттарына түскенін анықтауды және шығарылғын қаражат халықтан ұрланған болса, елімізге қайтарылып, экономикаға жұмыс істесін деген талаптарын айтты.

Қанша қаржы қайтты?

Биылғы маусым айында Президент Жарлығымен Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған болатын.Оның құрамына 11 құзырлы мекеме кірді. Атап айтқанда, құқық қорғау, арнаулы және бірқатар орталық атқарушы органдардың, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның бірінші басшылары кірген комиссияның басты қызметі – елімізден заңсыз шығарылған қаржы-қаражатты елге қайтару. Жақында осы комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек ведомствоаралық мекеменің кейінгі үш айда атқарған жұмыс нәтижесін жұртшылыққа жариялады. Үш айдағы нәтиже 523 миллиард теңгені құраған. Бұл туралы республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне басылған Бану Әділжанның мақаласында жазылған. Енді осы мақаладағы ақпаратқа кезек берейік.

– Қылмыстық істерді тергеп-тексеру аясында мем­лекетке шамамен 518 миллиард теңге, оның ішінде шетел­дік юрисдикциялардан 173 миллион доллар өтелді. Прокурордың актілері бойынша мемлекет кірісіне 5 миллиардтан астам теңгеге 75 мың гектар жер, сондай-ақ 600-ден астам теміржол және оларға қатысты жер учаскелері қайтарылды, – деді З.Әліпбек.

Сарапшылардың пікірінше, ШЫҰ-ға мүше басқа елдермен салыстырғанда бұл жақсы көрсеткіш. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Өзбекстан Республикасында 20 млн долларға жуық активтер қайтарылса, Ресей осы жылы 3,5 млн доллардан астам қаражатты қайтарған.

Қолда бар мәліметке сүйенсек, Қайрат Сатыбалдыұлы, Гүлмира Сатыбалды, Қайрат Боранбаев пен «ӨКМ» ЖШС операторының басшыларына қатысты жүргізген жұмыстың нәтижесінде, шамамен 230 миллиард теңге қайтарылған. Комиссия таратқан ақпаратта бұл қаржы олардың шетелдік юрисдикцияларынан қайтарылғаны баяндалған. Бұдан бөлек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тексеріп жатқан іс бойынша айыпталушылар Люксембургтен 170 млн АҚШ долларын өз еркімен қайтарғаны да белгілі болып отыр.

Бас прокурор Берік Асылов басқаратын комиссия кедендегі олигополиямен күреске де ерекше ден қойған. Комиссия іске кіріскен 4 айда 7 оператордан шамамен 60 млрд теңге өндірілген. Комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек Үкімет актілері мен сот шешімдерін, оның ішінде мемлекеттік активтерді олигополиялардың пайдасына жекешелендіру және иеліктен шығару туралы шешімдерді зерделеу жұмыстарының әлі де жалғасатынын айтады. «Бұл сандар – комиссия жұмысының басы ғана. Шетел асқан дүние-мүлік пен қаржыны қайтару ісі әлі де қаузала береді», – дейді ол.

– Бас прокуратура жүргізген тексерулердің қоры­тындысы бойын­ша 10 уә­кілетті экономикалық операторға 107 млрд теңге кедендік төлемдер мен салықтар қосымша есептелді. Биыл тамызда 6 оператор, атап айтқанда Almobi Group, «Ехргеѕѕ Кеден Сервис», Group of the companies TDA, Ai-To Progress, Global Logistics Ved және «TL NIKA кеден» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бюджетке 2,7 млрд теңгені өтеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Tex Alliance ЖШС-ға қатысты тергеп-тексеру аясында қабылдаған шаралардың нәтижесінде биыл 2-15 қыркүйек аралығында 56,9 млрд теңге өндіріліп алынды, – дейді Зейін Әліпбек.

Бұдан басқа, қадағалау актісі бойынша мемлекет кірісіне «Каз­ГерСтрой БК» ЖШС-дан Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімдігі алдындағы міндеттемелерін орындамағаны үшін 330 миллион теңге мөлшерінде залал өндірілген. «Қызылжар орман шаруашылығы» КММ мемлекеттік мүлкі СҚО әкімдігінің теңгеріміне қайтарылды, ол 149 миллион теңгеге «TranscomLTD» ЖК пайдасына заңсыз иеліктен шығарылған. Осылайша,сатып алу-сату шарты бұзылды. Экономикалық ресурс­тарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәсе­лелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия олиго­полияның меншігіне берілген объектілерді сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану және мемлекетке қайтару бойынша да жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар соттарда жалпы 13,5 млрд теңгеге жуық мүлікті мем­лекеттік меншікке қайтару туралы прокурордың 10 та­лап қоюы қаралып жатыр. Олардың ішінде: астаналық «Шапағат» базары, Шымкенттегі қоқысты қайта өңдеу кәсіпорны – «Таза қала» МКК және «ЛТД Тұрмыс» ЖШС Шымкенттегі «Қазақ инновациялық университеті» ЖШС-ға тиесілі, құны 4,5 млрд теңге болатын 150 гектар жер учаскесі, «Сарыағаш» санаторий-курорттық кешеніндегі 1,44 гектар жер, Ақмола облысындағы 17 мың гектар жер учаскесі, Алматыдағы құны 2,9 миллиард теңге болатын 3,84 гектар жер учаскесі, бағалау құны 1,5 миллиард теңге болатын «Найза-БН» ЖШС («Барыс-4» базары) жарғылық капиталының 65 пайызы бар. Қазір 21 миллиард теңгеге олигополия өкілдерінің пайдасына шығарылған сот шешімдерін қайта қарау туралы Бас прокуратураның 11 наразылығы Жоғарғы соттың қарауында жатыр.

Офшордағы ақшаға не істеуге болады?

Мақаланың әлқиссасында елден заңсыз шығарылған қаржының көлемі 160 млрд долларға тең екенін айтқанбыз. Жалпы бұл ақшаға не істеуге болады? Ал енді есептейік, 160 млрд доллар теңгеге шаққанда қанша болады? Осы жылдың 31 қазанындағы валюта бағамы бойынша 1 дол­лардың теңгеге шаққандағы курсы 468,12 теңгені құрап отыр. Енді осы екі санды көбейтейік. Шыққан теңдіктегі нөлдерді санап, қателесіп кетесің. Дегенмен 74 трлн-нан астам теңге болады екен. Оның сыртында қаншама млрд-тар мен млн-дар бар екенін айтып қояйын. Өйткені біздің есептегіш құрал 74 трлн 899 млрд 200 миллион деген санды көрсетіп тұр.

Ақжолдық депутат бұл қаржының елдің жылдық ішкі жалпы өнімі мен оның сыртқы қарызына тең екенін мәлім еткен. Егер осы ақшалар елге қайтса, мемлекеттің сыртқы қарызы мен халықтың несиесін жабу керек дер едім. Менің бұл ойымды қолдайтындардың аз еместігін білемін. Өйткені офшордағы қаржы да көптің аузынан жырып әкеткен елдің несібесі, халықтың қаржысы екенін ұмытпау керек.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: