Бейсенбі, 02 мамыр, 11:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Жанармай жыры: Қымбаттаған баға, алаңдаған халық

22.04.2023

989 0

Наурыз айында бұрынғы Энергетика министрі

Болат Ақшолақов журналистерге бензин бағасының өспейтінін айтқан болатын. Алайда жанар-жағармай тапшылығы туындағанын айтқан экс-министр 12 сәуірден бастап жаңармай бағасының өсетінін жеткізді.

Қазір нарықтағы АИ-92, АИ-93 маркалы бензин бағасы 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін өскен. Яғни баға – 11 пайызға артқан. Ал дизель бағасы 295 теңгені құрады. Бұл орташа есеппен 20 пайызға өскен. 

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Энергетика ми­нистрлігінің жанар-жағар­май бағасының өсетінін  мәлімде­генін, бұл шешімді қа­былдауға мәжбүр болғандығын айтқан. Оның сөзінше, бағаны қайта қарамаса, жуық арада мұнай өнімдерінің тапшылығы туын­дауы мүмкін. Елімізде ди­зель отынын қолдану жылы­на 1 адамға 300 литрден ке­­леді екен. Ресейде бұл – 225 литр­ді құрайды. Тұтыну кө­лемі Өзбекстанда – 44, Қыр­ғызстанда – 90 литр. Соңғы бес жылда бензин өндірісі 70 пайыз­­ға артса, дизель өндірісі  33 пайызға өсіпті.

Мемлекет жанар-жағармай өндірісін ұлғайту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізбек. Қазіргі таңда мұнай ком­паниялары жоғары қарқынмен жұмыс істегенімен нарықтағы жанармай тап­шылығы жойылар емес. Осы орайда Премьер-министр отандық арзан жанар-жағармайдың түрлі жолмен өзге елдерге кетіп жатқанын тілге тиек етті. Арзан сұйық отынмен еліміздің мүддесін емес, шет елдің экономикасын жарылқап отырғандығын жасырмады.  Мәселен, Мемлекеттік кірістер комитетінің берген мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері ел аумағынан жанар-жағармай өнімдерін заңсыз алып шығу әрекетінің 288 дерегі тіркеліпті. Осынша қылмыстың жолы кесілгенімен, мемлекеттік кірістер ко­митеті мұнай өнімдерін үшінші ел­дерге заңсыз әкетудің тағы 94 дерегін анықтаған. Нәтижесінде 1 миллион 500 мың теңге көлемінде айыппұл салы­нып, 2341 литр бензин мен 25335 литр дизель тәркіленген. Бұдан бөлек ЕАЭО мемлекеттерімен шекарада 63 мың литр­ден астам жанар-жағармай өнімдерін шығарудың 194 дерегі анықталған.  

Елімізден заңсыз шығарылған сұйық отыннан түсетін пайда 50-ден 120 пайызға дейін жетеді екен. Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, жүк көліктерінде қосымша цистерналардың болуы жанар-жағармайды 4 тоннаға дейінгі көлемде құйып алуына мүмкіндік береді. Мұндай жүк көліктері көрші ел­дерде тоннасына 700 доллар көлемінде табыс таба алады-мыс.

Көрші елдегі жағдай ішкі нарыққа әсер етуде

Елімізде сұйық отын бағасының өсуіне мұның да әсері бар. Қанша деген­мен көрші елдердегі ахуал еліміздің ішкі нарығына әсер етпей қоймайды. Мәселен, былтыр Ресейде дизельдің бөлшек саудадағы бағасы Қазақстандағы бағамен теңесіп, бұл отын түрі арзан­даған екен. Нәтижесінде екі ел шекарасы аумағында орналасқан жанар-жағармай бекеттерінде сұйық отын сату көлемі азайғаны байқалған. Бұл елімізге эко­номикалық жағынан тиімсіз. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен бас­пасөз мәслихатында бұрынғы министр Болат Ақшолақов: көрші елдердегі баға­ның күрт өсуі салдарынан біздегі дизель отынын өндіру артса да тапшылық байқалды деген болатын.

«Қазақпарат» ақпарат агенттігінде берілген мәлімет бойынша, сұйық отын­ның баға айырмашылығы биыл да сақталуда. Сала мамандары бұл жағдай қайталана берсе биылдың өзінде дизель­дің 850 мың тонна тапшылығы туындауы мүмкін екенін айтады. Қазіргі таңда мұнай өңдеу зауыттары ең жоғары қуатпен жұмыс істеуде. Десе де алдағы 6 жылда сұйық отынның көлемін бір­неше есеге арттыруға мүмкіндік жоқ. Осы орайда Энергетика министрлігі еліміз арзан отынмен өзге елдердің экономикасын жарылқап, өзімізге шығын келіп жатқанын да жасырмайды.

Бензин қымбаттаса азық-түлік те қымбаттайды

Бензин қымбаттаса азық-түлік баға­сының да өсетіні белгілі. Базардағы бағада тұрақтылық жоқ. Қит етсе пайда болатын қымбатшылықтың қиын­дығын қарапайым халық көруде. Ми­нистрліктегілер жанармай бағасының инфляцияға ықпалы туралы: біз бағаны екі есе өсіріп жатқан жоқпыз деп жауап берген. Яғни сұйық отынның қым­баттауы тауар бағасын өсіруге себеп емес. Себебі соңғы екі жылда жанармай бағасы өзгермеген. Ал азық-түлік, басқа да тауар құнының артуына басқа жағ­дайлар әсер еткен.

Жанармай бағасы өскен жағдайда, азық-түлік қымбаттай ма? деген жур­налистердің сұрағына Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин:

– Баға өсімі тауардың түріне қарай әсер етеді. Жеңіл тауар болса аса қымбаттамайды. Ірі өнімдерге тиісінше өсуі мүмкін. Жанар-жағармай бағасы өс­кен жағдайда қант – 5, күнбағыс майы – 2,4 пайызға өседі деген болжам бар.  Шамамен 15-17 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, тауар өндіруші ірі кәсіпорындар қазір бензин, дизельмен жұмыс істемейді. Олар газға көшкен. Ал газдың бағасы әзір өспейді, – деп жауап берген болатын.

Министрдің айтуынша, биыл егіс жұ­мыстарына 413 мың тонна дизель отыны бөлінген. Ол арзандатылған бағамен 204 теңге болған. Бұл баға өзгеріссіз қалмақ. Сондықтан жанармайдың қымбаттауы азық-түлік бағасына әсер етпейді. Сонымен бірге елімізде азық-түлік қоры сақталған.

Үкіметтегілер осылай дегенімен мез­гілінде баға өсімінің байқалуы таң қалатын жағдай емес. Тапқан табысы тек ішер асынан артылмайтын қарапайым халықты тағы да қымбатшылық қыс­пасына кім кепіл?..

Аймақтағы ахуалға келер болсақ, өңірде 120-дан аса жанар-жағармай бекеті жұмыс істейді. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліме­тінше, аймақта бөлшек саудадағы мұнай өнімдерінің бағаларына күнделікті тал­дау жүргізіледі. Сұйық отыннан АИ-92 бензинінің 5 мыңнан аса, ал дизельдің 3 мыңнан аса қоры бар. Облыста 12 сәуірден бастап АИ-92 бензин – 205 теңге, дизель бағасы – 295 теңге болды. Қазіргі таңда тапшылықты қолдан жасамау үшін жедел штаб құрылып, алдын алуда тұрақты талдау жүргізілуде. Жанармай бағасына қатысты мәселелер облыс әкімдігінің тікелей бақылауына алынған.

Қазір қаладағы жанар-жағармай бе­кет­те­рінде АИ-92 – 202 теңге, дизель – 295 теңге болса, АИ-95 маркалы бен­зин бағасы – 207 теңге мен 212 теңге көле­мінде сатылуда.

Р.с: Бензин бағасы барша жұрттың бас ауруына айналғаны қашшан. Бүйірден қысатын қымбатшылықтың сұйық отынмен тығыз байланысты екенін ел жақсы біледі. Сондықтан алаңдайды. Бензин бағасының қымбаттағаны сол-ақ екен, такси қызметінің де құны өсті. Алдағы уақытта қоғамдық көліктегі жолақысы да  қолма қол төлем бойынша 130 теңгеге өседі деген болжам бар.

А.СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: