Жұма, 08 қараша, 23:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№88-2098
05.11.2024
PDF мұрағаты

Қызылордалық азамат матаға сурет басып шығару өнерін кәсіпке айналдырды

30.10.2024

440 0

Қызылордалық Жарқын Сапарғалиұлының қолынан келмейтіні жоқ. Матаға сурет басып шығарады, ағашға түрлі өрнектер салып, бұйымдар жасайды.

Жарқын Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылының тұрғыны. Мамандығы техник-механик. Ол кәсібін ашпас бұрын механизатор, көлік жүргізушісі болып жұмыс істеп көреді. Жеке мекемеден қолдан бұйым жасауды үйренеді, тәжірибе жинайды. Кейін өзінің қаржысына шағын құрал-жабдық сатып алып, кәсібін бастайды.

«Бұл шаруаны кәсіпке айналдырғаныма екі жылдай болды. Өзім сатып алған құралдармен ағаштан бұйымдар жасап жүрдім. Тапсырыс көбейген кезде құралдарды жаңартып, қосымша жабдықтар алу қажет екенін түсіндім. Кәсіпкерлік мақсатта жеңілдетілген несие беретін мекемелердің жұмысымен танысып, ыңғайлы қаржы ұйымын іздедім. «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығының талаптары көңілімнен шықты. Құжат жинақтап, тиісті қаржыны алуға көп уақыт жоғалтпадым. Мемлекеттік бағдарлама аясында 6 пайызбен 15 млн теңге алдым. Бұл қаржыға сурет шығаратын, матаға сурет басатын және лазерлік станоктар алдым», – дейді кәсіпкер Жарқын Сапарғалиұлы.

Бүгінде кәсіпкердің матаға салған суреттері мен ағаш бұйымдары жоғары сұранысқа ие. Тұтынушылар Жарқынның өнімдерін әлеуметтік желі арқылы көріп, онлайн тапсырыс береді екен.

«Ағаштан шежіре жазылған тақтайша, сағат, сувениер бұйымдар жасаймын. Ал матаға салт-дәстүрге қажет маталар дайындаймын. Біздің облыстан өзге Ұлытау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Түркістан облысы мен Алматы, Шымкент қаласының тұрғындары өнімдеріме тапсырыс береді», – дейді кәсіпкер.

Сапарғалиевтер отбасында шебер тек Жақын ғана емес екен. Жолдасы Айнұр да шебер тігінші. Негізгі мамандығы қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі. Мектепте тәрбиеші. Тігіншілік хоббиі.

«Карантиннің кезінде тігін тігуді үйрендім. Кішкентай тігін машинам бар еді. Сонымен бастап кеттім. Кейін тәжірибемді жетілдірдім. Жеңілдетілген несиеге сапалы, заманауи тігін машинасын алып, тірлігімізді жасап жатырмыз. Қазір қолымнан шыққан қыз жасаулары мен тойтабаққа және сыйлыққа арналған ескерткіш бұйымдарды сұраушылар көп. Айына сувениер бұйымдардың 300 данасына дейін жасайтын кезім болады. Тапсырыс тек еліміздің азаматтарынан ғана емес, шет елден де түсіп жатыр. Жақында Ресейге өнімдерімді жібердім», – дейді Айнұр Алиева.

Ерлі-зайыпты Сапарғалиевтер көпбалалы отбасы. Мақсаттары қолөнерді отбасылық кәсіпке айналдырып, болашақта балаларын да осы кәсіп түріне үйреткісі келеді.

Айта кету керек, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы – микроқаржы ұйымы. 10 жылдан бері аймақта кәсіпкерлік саласындағы жобаларды мемлекеттік бағдарлама аясында қаржыландырып келе жатыр. Бүгінгі күнге дейін орталық жалпы құны 14,6 млрд теңгені құрайтын кәсіпкерлік мақсаттағы 2739 жобаны қаржыландырды. 2953 жаңа жұмыс орны құрылды.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: