Жұма, 26 маусым, 11:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№47 (2259)
23.06.2026
PDF мұрағаты

Кітап керуені – Бала Би ауылында

26.06.2026

33 0

Фото: Қызылорда Облысы Мәдениет Басқармасы

Қызылорда облысында кітап оқу мәдениетін насихаттау, тұрғындардың рухани дүниесін байыту және оқырман белсенділігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған «Кітап керуені» акциясы бұл жолы Шиелі ауданының Бала би ауылында жалғасын тапты. Ауыл тұрғындары тағылымы мол шараны ерекше ықыласпен қарсы алып, кітап мерекесінің куәсі болды.


Іс-шараның ашылу салтанатына Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Нұршат Әбілдаева, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, мәдениет саласының өкілдері, кітапханашылар, ардагерлер, жастар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында сөз алған қонақтар кітаптың қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және рухани мұраны насихаттау бағытындағы мұндай жобалардың мәні зор екенін атап өтті. Сонымен қатар ауылдық жерлердегі оқырмандарға сапалы әдебиеттерді қолжетімді ету, кітапхана қызметін жаңғырту және оқырман қауыммен байланысты нығайту ісінде «Кітап керуені» акциясының алар орны ерекше екендігі айтылды.
Шара барысында кітапхана саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар мамандар Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ кітап оқуды өмір салтына айналдырып, кітапхана жұмысын қолдауға белсенді атсалысып жүрген оқырмандар «Үздік оқырман», «Ең белсенді оқырман», «Кітап жанашыры», «Үздік жас оқырман» және «Үздік оқырман отбасы» номинацияларымен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.
Керуен аясында ауыл тұрғындарына әртүрлі жанрдағы көркем әдебиеттер, балалар кітаптары, тарихи-танымдық еңбектер мен жаңа басылымдар ұсынылды. Кітап көрмелері ұйымдастырылып, оқырмандар өздерін қызықтырған әдебиеттермен танысып, кітаптар жайлы ой-пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар кітап талқылаулары, әдеби сұхбаттар, танымдық кездесулер мен шеберлік сабақтары өткізіліп, қатысушылардың рухани көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік жасалды.
Мазмұнды өткен мәдени шара соңында ауыл тұрғындары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, кітапты насихаттауға бағытталған осындай игі бастамалардың алдағы уақытта да жалғасын табуына тілектестік танытты.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: