Бейсенбі, 10 қазан, 09:46

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Маңызы зор мәдениет ошағы

22.05.2021

2123 0

Бүгінге дейін ел ұғымында әртісті теріс мінезді, өнерліні жұпыны күн кешеді деген қате пікір қалыптасқаны жасырын емес. Оған тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құлдыраған әлеуметтік мәселе мен өнерпаздардың қиял құшағындағы болмысы себеп болса керек. Алайда қазір мәдениет саласы қызметкерлері туралы түсінік түбегейлі өзгеріп, жаңа ұстанымдар бекуде. Әртіс әлеуетті, әнші қалталы азаматтың біріне айналған. Тіпті шығармашылық концерттен өзге той-томалақтағы табыс та өнер адамын алаңсыз күн кешуіне жағдай жасауға мүмкіндік берді. Оның үстіне халықтың қас өнерге деген ықылас-ниеті жылдан-жылға артып, өнер иелерін құрмет төріне көтеріп келеді. Себебі «мәдениет майданында» еңбек еткен тұлға – қоғамның танымы мен талғамына қозғау салатын маңызды күш. Осыған орай мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында өңірдегі киелі өнер ордасы – облыстық филармония туралы ой бөлісуді жөн көрдік.

Жарты ғасырға жуық тарихы бар Қызылорда облыстық филармония­сында қазақ елінің талай өнер май­талмандарының қолтаңбасы қал­ған. Оны ұжымның құрылу тари­хынан-ақ аңғаруға болады. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігінен елге оралған Сырдың ұлы перзенті Нартай Бекежанов аймақтағы ақын-жыршы мен әнші-күйшілердің басын біріктіріп, көркемөнерпаздар үйірмесін ашады. Кейіннен үлкен ансамбльге, одан соң іргелі филармонияға айналды.

Осы аралықта киелі мекеннен қазақ өнерінде өшпес із қалдырған таланттар түлеп ұшып, талай танымал тұлғалар бас сұқты. Мысалы, алғашқы жылдары сазгер Тәңірберген Қалауов басшылық жасап, «Сыр күмбезі» фольклорлық ансамблі, «Ақтолқын» эстрадалық ансамблі жұмыс жасаса, фольклорлық ансамбльге жырау Ақмырза Тұяқбаев, әнші Фатима Төлегенова, эстрадалық ансамбльге Қиынбай Сақтағанов жетекшілік еткен. Сондай-ақ, ұзақ жыл филармонияның бас әкімшісі болып Сәнжан Асылбекова қызмет атқарыпты.

Ал 1976-1980 жылдары филармо­ния ұжымы үшін жемісті жыл бол­ды. Дүйсенбі Дүйсенбаевтың бас­шылығымен «Сыр маржаны», «Сыр самалы» ансамбльдері құрылып, облыстың мәдени өміріне зор септі­гін тигізді. Сол жылдары Мұхит Әбдікәрімов, Тәжігүл Аманжолова, Күлән Қалымбетова, Сұлтан Нұр­маханов, Гүлжан Нұржанова, Шын­берген Тілеулесов, Мәди Жасекенов сынды өнерпаздардың басын қосқан ансамбльдің әндері халық жүрегіне жол тауып, әлі күнге шырқалып келеді.

Қазіргі таңда Қызылорда об­лыстық филармониясында 8 өнер ұжымы жұмыс жасап келеді. Атап айтар болсақ, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрі, «Сыр самалы» вокалды аспапты ансамблі, «Томирис» би ансамблі, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі, камералық оркестр, «Тұран» триосы, «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы, «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі филармонияның беделін асырып, Сыр жұртшылығына өз өнерін тарту етуде. Сонымен қатар өткен жылдың  қаңтар айында қобызшылар ансамблі құрылып, оған «Қорқыт сазы» атауы берілді. Ансамбльге Салтанат Пұсырманова жетекшілік етеді.

Филармония ұжымы мәдени іс-шаралармен шет мемлекет­терде өнер көрсетіп жүр. Оның ішінде Түркия, Өзбекстан, Ресей, Татарстан, Босния-Герцеговина елдері мен АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон, Біріккен Араб Әмірлігінің Әбу-Даби қалаларында еліміздің абыройын асқақтатып келеді. Өнер ұжымындағы әрбір өнерпаздың тынымсыз еңбегінің арқасында жүл­делі орындарға ие болып, ел мерейі артқаны мәлім. Мысалы, 2011 жылы Анталия қала­сында өткен халықаралық ІІ «Харман фольклор» фестивалінде «Томирис» би ансамблі лауреат атанса, Ақтөбе қаласының 150 жылдығы мен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық  фи­лармонияның 75 жылдығына орай өткен «JUBANOVTAR AYENI» ха­лық­аралық ұлт аспаптар оркестрлері мен ансамбльдердің байқауында «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі бас жүлде иеленді. 2020 жылы «Қор­қыт сазы» қобызшылар ансамблі Украинада өткен «Яркие таланты осени» фестивалінде бас жүлдемен оралды.

Мәдениет майталмандары да ма­рапат биігінен көрініп келеді. «Ка­мералық оркестрдің» көркемдік же­текшісі А.Жаңбырбаева «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін ие­ленсе, «Тұрмағамбет халық аспаптар оркестрінің» көркемдік жетекшісі С.Абылаев Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. «Тұрмағамбет халық аспаптар оркестрінің» әртісі Н.Мирма­новқа «Еңбек даңқы» төсбелгісі табысталса, дәстүрлі орындаушы Ш.Тілеулесов ҚР Конституциясының 25 жылдығы мерекелік медалімен марапатталған. С.Тасбергенова Н.Ті­лендиевтің 95 жылдығына арналған «Әлқисса» фестивалі аясында өткен республикалық онлайн-конкурстан ІІІ орын иеленді.

«Абай жылы» аясында филармония ұжымы бітқатар концерттік бағ­дарлама ұйымдастырғаны белгілі. Фи­лармо­нияның 48-ші маусымашары «Абай» операсымен ашылып, көрер­меннің ыстық ықыласына бөленді. Операда ақынның өмір сүрген зама­ны – ХІХ ғасырдағы қазақ жастары сол замандағы әрқилы көзқарас көрі­ніс тапқан. Қойылымда облыстық фи­лармонияның және Н.Бекежанов атын­дағы қазақ академиялық му­зыкалық драма театрының әртіс­тері, Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің аралас хор ұжымынан құралған 100-ден аса өнерпаз өнер көрсетті. Қойылым көрсетілімі карантин талаптарына орай «Qyzylorda» телеарнасы мен Youtube әлеуметтік желісіндегі «Сыр шаңырағы» каналы арқылы кө­рерменге ұсынылды. Оған қоса, филармонияның ұйытқы болуымен «Абай жұлдызы» атты музыка және поэзия кеші де өткізілді.

Сонымен қатар би ұжымдарының шығармашылық байланысын нығайту мақсатында «Ұлы дала ырғақтары» атты облыстық онлайн би конкурсы ұйымдастырылған. «Томирис» би ан­самбліне Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің репетиторы Бекзат Ағиярдың шеберлік дәрісі ұйым­дастырылған.

Міне, өңірдегі өнерлі ұжымның жемісті жолының бір парасы осыған саяды. Филармония әртістері әрбір бастама мен іс-шара арқылы халықтың көңіл сарайын байытып, мәдени деңгейдің өрістеуіне үлес қосып келе жатқан ұжым санатында қадірлі. Келешекте әлі де биік шыңдарды бағындырып, ұжым құрамы жаңа таланттармен толығары анық.

Б.ШАҒЫРОВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: