2021 жыл еді… Белуардан су кешіп, өжіредегі су кеткен құбырды істеуге кірісіп кетті. Қыстың қытымыр аязы еді. Маңдайдан аққан тердің өзі жерге мұз боп тамып жатқандай суық. Ассенизаторлар суды тартып үлгермей жатыр. Ал тесіктен атқылаған су өжіренің ернеуіне келіп тұр. Ол көп ойланбады. Дереу білек түріп, суға түсті де кетті. Әңгіме Қызылорда су жүйесі мекемесінің слесарьі Бақытжан Жұмабекұлы жайында.
Бақытжан Санақов аталған мекемеде 2006 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Маңдай термен нан тауып, отбасының нәпақасын тауып жүрген азамат бүгінде – тәжірибелі маман. Осы саланың ой-шұқырын анық біледі. Мәселені қалай шешуге болатынын, тиімді тетіктерін меңгерген ол мамандыққа адалдық бірінші орында тұруы керек дейді.
– Сол уақытта басқа нәрсе ойлап тұратын шама болмады. Атқылап аққан суды тоқтату керек. Техникалардың өзі суды тартып үлгермей жатты. Мен өзімнің жұмысымды орындадым. Ақауды қалыпқа келтіруге атсалысу – менің міндетім. Сондықтан дереу лай суға сүңгіп кеттім, – дейді Бақытжан Жұмабекұлы.
Еңбек адамдары қай кезде де құрметке лайықты. Өзгелер бара бермейтін салаларда жұмыс істеп, таңның атысынан күннің батысына дейін тырбанып жүр. Олардың бірінші кезектегі ұстанымы – адал еңбек. Адал еңбек тек адал адамдардың ғана қолынан келеді.
– Ата-анамыз берген тәрбиемен біреудің ала жібін аттамай, не істесек те адалдықпен, адамдықпен атсалысудамыз. Маңдай тердің нанын жеп жүрміз. Мәселе басшы болу, мол пайда табу емес, қай жұмыста да, қай қызметте де адамдығыңмен көріну. Міне, мен осы жолда келемін. Тағы да әлгіндей жағдай болса, ойланбай мұз ойып, суға түсіп кетуге бармын. Өйткені, менің бір ғана әрекетім қаншама отбасының сусыз отырған күйін шешіп, жәрдем болады. Менің артымда халық бар деген ұстаныммен еңбек етемін, – дейді еңбек адамы.
Қызылорда су жүйесінде Бақытжан тәрізді үш слесарь, бір шебер, бір аумақ басшысы мен үш арнайы техника жүргізушісі еңбек етеді. Қала аумағында ауызсу бағытындағы әрбір ақауға олар жедел жәрдемдей жауапкершілікпен барады. Мамандардың айтуынша, мұнда күніге 4-5 шақырту болады. Олардың қиыны бар, оңайы бар дейміз ғой, бірақ күн ұзатпай шешілу керек мәселенің оңайы бар екеніне сену қиын. Біз іздеп барғанда ұжым 2-ірілендірілген кварталда, дәлірек айтқанда Ғани Мұратбаев көшесіндегі №20 көпқабатты үйдің ауласында жүр екен.
– Біз қазір осындағы үйлерді ескі құбырдан жаңа құбырға қосып жатырмыз. Ескі құбыр өзінің қызметін атқарып болды, тозығы жеткен темір құбыр. Бұрын мұнда ақау көп болатын. Авариялық жасақпен талай келдік. Біз негізінен үлкен құбырға жауаптымыз. Соның бойында болған ақауларды қалыпқа келтіруге еңбек етеміз, – дейді мекеменің аумақ басшысы Ғалымжан Жортбасов.
Бүгінде орталық су жүйелері нысандарын пайдалану бағытында аумақ басшысы болып еңбек етіп жүрген ол еңбек жолын осы мекемеде слесарьлықтан бастаған. Әйтсе де осы күні слесарь болуға көп адамның келгісі келмейтінін айтады.
– Жұмысшы мамандар бізде тапшы. Иә, көбі ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келеді. Маңдай терін төгіп, еңбек етуге көп адамның құлқы жоқ. Бірақ осы қарапайым еңбек адамдарының жұмысына көп нәрсе байланысты екенін сезінбейді. Мәселен, жылу орталығының жұмысы тек жылыту маусымында болады. Ал біздің жұмыс жылдың 365 күнінде қарқынды жүреді. Бұл жұмыстың өзіндік ерекшеліктері жетерлік, – дейді Ғалымжан Асылбекұлы.
Ел президенті де еңбек адамдарын құрметтеуді, оларға жағдай жасауды әрбір жолдау сайын айтып келеді. Ал Қызылорда су жүйесі мекемесінің қызметкері әрбір мерекеде қала, облыс басшыларының алғысын алып жүр. Биыл жұмысшылар «Сарыағаш» шипажайына барып, тынығып қайтты. Ал ең басты құрмет – халықтың алғысын арқалап жүргені.
Дәулет ҚЫРДАН,
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!