Өткен аптада Арал ауданында екі өндіріс орны іске қосылды. Оның бірі – құны 3 млрд теңге болатын түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын «Qazaq Camel» зауыты. Жоба өңірдегі мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдейді. Ал екіншісі Аралдың дәстүрлі тұз өндірісін жаңа технологиялық деңгейге көтерген «Тоғыс-Аралотын» зауыты жоғары сұрыпты ас тұзын өндіреді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы жолдауында Кіші Арал теңізін сақтап қалу мен «Сексеуіл-Бейнеу» бағытындағы автомобиль жолының құрылысын бастауды жеделдетуді тапсырған еді. Аудан үшін «Бейнеу-Сексеуіл» маңызды жоба екені белгілі. Бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Ұзындығы 559 шақырымды құрайтын автожол жуық арада іске асады. Жоба толығымен жүзеге асқанда қолданыстағы ТРАСЕКА бағытын 900 шақырымға дейін қысқартуға және Қытай Халық Республикасынан Ақтауға дейінгі жүктерді жеткізу мерзімін 2 тәулікке дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл бағыт Транскаспий халықаралық көлік бағыты дәлізінің жанында экономикалық тұрғыдан ыңғайлы орналасқан Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман, Беларан елді мекендеріне қатынайтын автожол мәселесін шешеді. Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы өңірлік коммуникациялар алаңында БАҚ өкілдеріне берген брифингте биылғы жылдың алғашқы алты айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтты.
Жыл басынан бері ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасып, негізгі 7 макрокөрсеткіш бойынша жоғары нәтижелер тіркелді. Аудан экономикасын ілгерілетуде инвестиция тарту жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Есепті кезеңде негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 22,5 млрд теңгені құрады. Бұл ретте жеке инвесторлардың белсенділігін ерекше атап өткен жөн. Тартылған қаржының 15,8 млрд теңгесі жеке инвестиция үлесінде. Осылайша, өңірге құйылған жеке капитал көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есеге артып отыр. Ауданның қаржы-салық саясатында да тұрақтылық бар. Барлық салықтар мен басқа да түсім түрлері бойынша болжам 117,5 пайызға орындалып, бюджет қоржынына 2,4 млрд теңге қаржы құйылды. Оның ішінде жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге бағытталатын аудандық бюджет түсімі 1,7 млрд теңгеге жетті. Ауданда жалпы құны 5,8 млрд теңге болатын 3 ірі жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында «Эко Энерджи Плюс» ЖШС-нің құны 1 млрд теңге болатын жобасы іске асырылуда. Жоспар бойынша аудан аумағында автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясы бар көпфункционалды жол бойындағы кешен бой көтереді. Бұл нысан іске қосылғанда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Аймақтың су ресурсы балық шаруашылығын дамытуға қолайлы. Арал ауданының аумағында Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 17 көл бар. Бүгінде өңірде жылдық қуаттылығы 30000 тоннаға жуықтайтын 10 балық өңдеу зауыты мен 15-ке жуық сұрыптап қатыру және сақтау цехы жұмыс істейді. Жыл басынан бері ауданда өңделген балық көлемі 3 621 тонна болса, 1 728 тонна балық алыс және жақын шет елдерге экспортталған. Өңірде тек табиғи су айдындарынан балық аулау емес, қолдан балық өсіру ісі де қарқын алды. Қазіргі таңда ауданда 16 шаруашылық балық өсірумен айналысады.
Арал теңізі мәселесіне шетелдіктер мен халықаралық қорлардың назарын аудару, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту – Үкімет пен аймақ басшылығының тікелей бақылауында. Осы мақсатта ауданға бірнеше мәрте үкіметтік делегациялар, халықаралық банктер мен қорлардың өкілдері және елшілер келген. Олар экологиялық апат аймағын қалпына келтіруге бағытталған әрбір игі бастаманы қаржылай қолдауға ниет білдіріп отыр.
– Бүгінде Арал ауданы туристік аймақ ретінде танылып келеді. Осы бағыттағы ауқымды қадамның бірі – ауданда Орта Азия бойынша алғаш рет «Geopark Aral» туристік орталығының ашылуы. «Geopark Aral» – ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктерінің қатарына енуге ниетті Орта Азиядағы бірден-бір бірегей бастама. Экотуризмді жүйелі дамыту, жергілікті тұрғындар үшін тұрақты табыс көзін қалыптастырып, Аралдың бай шежіресін келер ұрпаққа аман жеткізуді мақсат еткен жоба сәтті жүзеге асып, ЮНЕСКО желісіне қосылса, аймақтағы 5 бірдей туристік нысанды халықаралық деңгейде дамытуға мүмкіндік туады. Бұл халықаралық қорлардан қомақты инвестиция тартуға жол ашады, – дейді аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев.
Бүгінде ЮНЕСКО-ның жаһандық геопарктер желісіне қосылу үшін бәсекелестік жоғары. Жаһандық желі әлемнің 51 еліндегі 241 геопаркті біріктіріп отыр. Бүгінде «Арал геопаркі» аумағында ауқымды дайындық жұмысы жүргізіліп, 4 арнайы туристік-танымдық маршрут әзірленді. Аталған жоба Арал өңірінің табиғи, тарихи, геологиялық және мәдени ерекшеліктерін танытып, халықаралық деңгейдегі туристік орталық қалыптастыруды көздейді.
– Өткен жылдың қараша айында геопаркті жаһандық желіге енгізу туралы ресми өтінім ұйымның штаб-пәтеріне жолданды. Жақында ЮНЕСКО-ның халықаралық сарапшылары Аралға келіп, геопарк аумағында негізгі бағалау миссиясын өткізді. Осы тексеру қорытындысы бойынша алдағы уақытта нақты шешім қабылданады деп күтілуде. Аралды көруге қызығушылық танытқандар саны жыл санап артып келеді. Жыл басынан бері ауданға келген ішкі туристер саны 4 мың 800-ден асса, шетелдік саяхатшылардың саны 300-ден асқан. Аралды әлем танитын қолайлы туристік ортаға айналдыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғаса бермек, – дейді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.
Құрылыс саласында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Халықты баспанамен қамту – мемлекет үшін қашанда басым бағыттардың бірі болып қала береді. Бірінші жартыжылдықта ауданда 21,7 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілген. Жыл басынан 16,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
– Осы жылы біз барлығы 2 пәтерлі 100 тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндегі ескірген, күрделі жөндеуге жарамай қалған ескі вокзалдардың орнына жаңа ғимараттар бой көтеруде. Бұл ғимараттарды да алдағы уақытта пайдалануға береміз. Тіршілік нәріне айналған сапалы ауызсу тұтыну – халқымыздың салауатты өмір сүруінің кепілі. Бұл бағыттағы жұмыстарға мемлекетіміз ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Биыл құрылыс жұмыстарын жалғастыруға республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қаралып, 30 шақырымнан астам су құбырының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда Ақбасты, Тоқабай, Ерімбетжаға және Тастүбек елді мекендері толықтай орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылды. Өткен айда Абай ауылына ауызсу жеткізілді, – дейді аудан әкімі.
Ауданның 74,3 пайызы газбен қамтылған. Биыл құны 5,2 млрд теңге болатын автоматты газ тарату станциясы ашылып, Қамыстыбас ауылына газ қосылған. Автоматтандырылған газ тарату станциясы арқылы алдағы уақытта 18 елді мекенді табиғи газбен қамтуға мүмкіндік туады.
– Қазіргі таңда демеушілік қаражат есебінен «Қамыстыбас – Қарашалаң» магистральдық газ құбырын салу жобасы мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Қосжар, Аманөткел, Бөген елді мекендеріне газ кіргізу үшін жоба-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Жоба толық іске асқанда аудан тұрғындарының 90,3 пайызы табиғи газдың игілігін көреді. Сондай-ақ биыл Арал қаласындағы №4 шағын ауданға кәріз желілерінің құрылысын қолға алудамыз. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері толық аяқталып, мердігер мекеме анықталды, – деді Аманжол Оңғарбаев.
Өңірді электрмен қамту бағытында Сексеуіл кентіне облыстық бюджеттен 1,3 млрд теңге бөлініп, жаңа шағын ауданға желі тарту жұмыстары басталды. Бұған қоса, Абай, Қаратерең және Аралқұм ауылдарының электр жүйесін жаңғырту жобалары сараптамадан өтуде. Құжаттар мақұлданған соң, бұл жобалар да қаржыландырылады.
– Көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында жалпы ұзындығы 62,6 шақырым болатын аудандық маңызы бар «Арал-Жалаңаш» автомобиль жолының 26 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлініп, қазіргі таңда автомобиль жолының жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Арал қаласындағы ұзындығы 3,6 шақырым болатын 7 көшенің автомобиль жолының құрылысын қаржы бөлініп, 7 көшенің автомобиль жолына толықтай асфальт жабындысы төселіп, түнгі жарық шамдары орнатылды. 1970-1980 жылдары салынған электр желілерінің 65 пайызы тозғандықтан, қолайсыз ауа райы кезінде электрмен жабдықтауда ақаулар орын алуда. Электрмен жабдықтау сапасын жақсарту мақсатында 2025 жылы Арал қаласының электр желілерін жаңғырту бағытындағы жұмыстар қолға алынған болатын. Қазіргі таңда жұмыстар аяқталуға жақын, – деді аудан әкімі.
Өткен жылы Мергенсай ауылдық округіндегі мектеп мәселесі де шешімін тауып, құны 2,3 млрд теңгеге 150 орындық білім ордасы жыл басында пайдалануға берілді. Биыл аудан бойынша білім бөліміне қарасты 5 мектепке жөндеу жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар орталық аурухана жанынан 17 төсектік нейро-инсульт, 35 төсектік кардиология бөлімшелеріне арналған жапсаржай құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін аталған орталықты МРТ және ангиограф қондырғыларымен жабдықтау жоспарлануда. Тозығы жеткен жұқпалы аурулар бөлімшесіне жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілді.
Арал қаласының Шанхай және Жаңауыл шағын аудандарында тәулігіне 250 адам қабылдайтын жаңа емхана салынбақ. Жобаның құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, қазір министрліктермен қаржыландыру мәселесі шешілуде. Айта кетейік, Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасы ұлттық аккредиттеу қорытындысымен «Жоғарғы санат» дәрежесін иеленді.
Мәдениет пен спорт саласында да толымды табыстар бар. Жақында Аманөткел ауылында 150 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Бұған қоса, Сексеуіл кентінде «Қазақстан Темір жолы» компаниясының демеушілігімен құны 1 млрд теңге болатын 100 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебінің құрылысы қарқынды жүруде.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!