Қазіргі кезде ата-ана үшін бала тәрбиесі қиын екенін мойындау қажет. Оған себептің бірі – әлеуметтік желі мен компьюьерлік ойындар. Американдық әлеуметтанушылардың зерттеуінше, АҚШ-та балалардың басым бөлігінде қатыгездікпен ғана мақсатқа жетуге болады деген түсінік қалыптасқан. Ал психологтардың зерттеуінше, кез келген бала телеарнадан немесе телефондағы ойындардан бір сағаттың ішінде орташа есеппен 5-6 рет ұрып-соғу көрінісін тамашалайтын болса, оның миында адамға қол жұмсау бейімділігі қалыптасып үлгеретіні анықталған. Себебі бұл жерде жағымсыз кейіпкермен қатар жағымды кейіпкер де нағыз қылмыскерлер секілді адамға қол жұмсайды. Бүгінгі балалардың болмысы осы зерттеуге сай келеді. Бір үйде тұратын кішкентай 3-5 жастағылардың өзі бір-бірін аямай ұрып жатқанын көріп жүрміз. Одан бөлек, бүгінгі бала ашушаң. Көптеген ата-ана «балам айтқанды тыңдамайды, телефон бермесең жылайды, түнде ұйықтамайды» деп шағымданады. Тіпті әлеуметтік желілерде де балалардың бақырып жылап жатқан видеолары жиі тарап, пікір жазушылар бұл құбылысты «2023 жылдан кейінгі балалардың ашушаңдығы» деп сипаттап жатады. Айтқанынан қайтпайтын, ойындағысы болмаса жер тепкілеп жылайтын баланың көбеюі расында алаңдатарлық мәселе. Дегенмен, мұндай балаларды жүйкесі жұқарған деп те айта алмайсың. Ата-аналарды алаңдатып жүрген мәселе бойынша психолог-маманның пікіріне құлақ асқанды жөн көрдік. Балалар психологы Гүлдана Бабаомарова балалардың ашушаң болуын нақты бір жылдарға бөліп қараудың қажеті жоқ екенін айтады.
– Маған да осы мәселемен көп ата-ана келеді. Жиі кездесетін жағдай ашушаңдық, агрессияға бейім болуы, тырнағын тістеуі. Мұның артында экранға тәуелділік тұр. Телефонды үздіксіз қарау бала миының жеңіл дофамин (ләззат гормоны) алып үлгеруіне жағдай жасайды. Салдарынан бала онлайн өмірдегі қарым-қатынасқа үйреніп, оған тәуелді болады. Телефондағы жылдам ауысатын бейнелер мен қысқа видеолар баланың жүйке жүйесіне тікелей әсер етеді. Осыдан зейіні тұрақсыз, қарапайым әдеттерден тез жалығатын, шыдамсыз балалар пайда болады. Оған қоса, танымал виртуалды «Free Fire», «PUBG» ойындарда белгілі бір мақсатқа жету үшін адам өлтіру, бірдеңені өртеу секілді қатыгездіктер бейнеленген. Бұл балаға тез арада дофамин сыйлағанымен, оның офлайн өмірге деген қызығушылығын жояды. Экран уақыты шектелмеген баладан телефонды алып қойған кезде, ол өзінің эмоциясын басқара алмай, агрессия танытады, – дейді психолог.
Маманның айтуынша, психологқа жүгінетін ата-аналардың тағы бір қателігі – баланың ұйқы режимін қадағаламауы. Түнімен телефон қарап, ұйқысы қанбаған баланың жүйке жүйесі шаршайды. Психологтар ата-аналарға ең алдымен ұйқыны реттеп, телефонды шектегенде ғана терапияның көмектесетінін ескертеді.
– Одан бөлек, баланың мінезіне отбасындағы жағдай да тікелей әсер етеді. Мектеп жасына дейінгі бала миының шешім қабылдайтын бөлігі әлі толық жетілмегендіктен, олар өздігінен сезімін тізгіндей алмайды. 13 жасқа дейінгі бала ата-ананың эмоционалдық күйін толық қайталайды. Егер үйде ұрыс-керіс, айқай-шу және тұрақты күйзеліс болса, бала бұл ашуды қалыпты жағдай деп түсініп, мінез-құлқына көшіреді. Баланы үнемі ұрып-соғып, қатал жазалау да оның психикасына үлкен жара қалдырады. Ондай бала не тұйықталып қалады, не мәселені тек агрессиямен шешуді үйреніп, ашуды қалыпты нәрсе көреді. Екінші жағынан, балаға шамадан тыс еркіндік беріп, либералды стильмен тәрбиелеу де қауіпті. Әрбір қалауы орындалып, «жоқ» деген сөзді естімей өскен бала болашақта өмірлік қиындықтарды еңсере алмайды. Мұндай балалар есейгенде қоғамда дос табудан қиналады, – дейді Гүлдана Бабаомарова.
Психолог-маман ата-аналарға баланың экран уақытын шектеуді, кешкі уақытта уақытылы ұйықтауды, эмоциясын сөзбен жеткізуге үйретуді ұсынады. Бала ашуланған кезде «не үшін ренжідің?», «саған не ұнамады?» деген қарапайым сұрақтардың өзі оның сезімін түсінуге мүмкіндік береді. Сондықтан баламен сөйлесу, оның сезімін тыңдау және дұрыс шекара қоя білу әлдеқайда тиімді.
– Өкінішке қарай, қазір балаларға эмоционалды интеллектіні басқаруды үйрететін арнайы үйірмелер жоқ. Бала сезімін сөзбен жеткізе алмағандықтан да ашулануы мүмкін. Біз көбіне оның тек сыртқы мінез-құлқына ғана мән беріп, ар жағындағы ішкі күйзелісін байқамаймыз. Егер бала әр жағдайда өзін тоқтата алмайтын деңгейге жетсе, уақыт созбай нейропсихолог немесе психолог маманға көрсеткен дұрыс, – дейді Гүлдана Бабаомарова.
Бүгінде қоғамда эмоциясын басқара алмайтын үлкендер де көп. Психолог-маманның сөзіне сүйенсек, мұның негізі балалық шақта жатыр. Егер бала жиі ашуланып, өзін ұстай алмайтын болса, айналасына зиян келтіруге бейімделсе немесе бұл жағдай ұзақ уақыт бойы қайталанса, психологтың көмегіне жүгінген жөн. Өйткені мамандардың айтуынша, ашушаңдықтың артында көбіне баланың айта алмай жүрген қорқынышы, реніші немесе эмоциялық қажуы жатады.
Бала тәрбиесінде ең бастысы – қаталдық емес, түсіністік пен тұрақты қарым-қатынас. Эмоциясын дұрыс басқаруды үйренген бала қоғамда өз орнын таба алатын, сабырлы әрі жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасады.
Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!