Құрылтай

Сенбі, 18 шiлде, 01:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№53 (2265)
18.07.2026
PDF мұрағаты

Балаңыз қайда жүр?

18.07.2026

33 0

Түн ортасы… Көшеде кәмелетке толмаған балаларды түгендеп мұғалімдер, полиция  қызметкерлері жүр. Тексеру нәтижесінде бір топ бала  түнгі клубтан, кейбірі дүкеннен темекі алып, енді бірі көшеде жүр. Осы сәтте олардың ата-анасы не істеп отыр? Ең қиыны, кейбір ата-ана баласының дәл қазір қайда жүргенін білмейді.

Кейінгі кезде балаға қатысты бар жауапкершілікті мұғалімге артып қойған секілдіміз. Көптің ойында баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне мектеп пен полиция қызметкерлері жауапты деген пікір қалыптасқандай. Бірақ, бір сәт ойланып көрейікші, «балаңызды түн ортасында басқалар неге іздеуі тиіс?».  Жақында бір мұғаліммен әңгімелескенімде ол: «Түнгі 00:00 де жасөспірімдерді көшеден көріп, ата-анасына қоңырау шалсақ, баласының қайда екенін білмейтіндер кездеседі», – деді. Расында, бейқам ата-аналар қоғамда көп пе? Бүгінде түрлі жағымсыз жаңалықтар желдей есіп тұрған заманда өз перзентінің қайда екенін білмей, қалай қаперсіз отыруға болады.

Әрине, баланың қауіпсіздігі үшін мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау орындары тиісті жұмыс атқаруда. Алайда, ең бірінші қорған отбасы емес пе?

Жеті түнде жүгенсіз жүргендер көп

Ресми деректерге сүйенсек, түнгі мезгілде көшеде жүретін жасөспірім көп. Бұл кәме­летке толмаған балаларды бақылаусыз жіберетін ата-аналардың азаймай отырғанының дәлелі. Қа­зіргі уақытта аймақта «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту және «Құқықтық тәрбие – қауіпсіз қоғам кепілі» тұжырымдамасы аясында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық­бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар жүр­гізілуде. Нәтижесінде биылғы алты айда 6957 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып отыр. Сонымен қатар 4635 жасөспірімнің ата-анасы балаларының түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғынжайлардан тыс жерде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 155 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылған. Сондай-ақ балаларды тәрбиелеу және оқыту жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамаған 791 ата-анаға қатысты әкімшілік хаттамалар рәсімделген. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 174 кәсіпкер, сондай-ақ жасөспірімдерге темекі өнімдерін сатқан 29 тұлға заң талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Балаларының тәрбиесіне немқұрайлы қарап, ата-аналық міндеттерін дәлелсіз себептермен орындамаған 4 ата-ана сот шешімімен ата-аналық құқығынан айырылып, тағы 4 ата-ананың ата-аналық құқығы шектелген.

Қазіргі таңда ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне 75 жасөспі­рім мен 89 қолайсыз отбасы алынып, олармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізілуде.

Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп «Жасөспірім», «Жасөспірім-2», «Демалыс», «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шаралары, сондай-ақ «Түнгі қала» және «Квадрат» әдістері бойынша рейд тұрақты түрде ұйымдастырылуда.

Тәрбие – тал бесіктен

Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Ергешов  бұл мәселенің тек заң шеңберінде емес, қоғам болып шешілуі тиіс екенін айтады. Себебі жас ұрпақтың құқықтық тәрбиесі – қоғам қауіпсіздігінің маңызды бағыты.

– Заңды құрметтеу – өркениетті қоғамның басты қағидаты. Жасөспірімдердің құқықтық санасын қалыптастыру тек полицияның емес, ата-ананың, мектептің және бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Біз құқықбұзушылықтың салдарымен күресуден бұрын оның алдын алуға басымдық береміз. Әрбір бала қауіпсіз ортада өсіп, заңды сыйлайтын, ел болашағына жауапкершілікпен қарайтын азамат болып қалыптасуы тиіс. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады, – дейді Серік Ергешов.

Көпбалалы ана Толқын Жүнісбай жауапкершілікті өзгеден іздемей, өзімізден бастағанды жөн санайды.

– Қазір көп ата-ана жұмысбастылықты сылтау етіп, бала тәрбиесін мектепке ысырып қойды. Турасын айтқанда, түнгі сағат 22.00-ден кейін баланың үйде болмауы – ата-ананың салғырттығы. Мен балаларыма түнгі уақытта көшеге шығуға тыйым саламын. Олардың бос уақытын қадағалап, кіммен араласып жүргенін білуге міндеттіміз. Қанша жерден жұмысбасты болғанмен, балаға қатысты шаруалар бірінші орында болуы тиіс. Жауапкершілікті мұғалімнен іздемей, өзімізден бастауымыз қажет. Мұғалімдер өзгенің баласын іздеп, неге көшеде жүруі тиіс?. Әсіресе, ауылда беймезгіл уақытта мұғалімдер көше аралап жүреді. Сонда мұғалімнің баласының тәрбиесі қайда қалады? Өз баласына қашан уақыт бөледі? Осы мәселе төңірегінде ата-аналар ойлануы тиіс, – дейді көпбалалы ана.

Бала да жас шыбық секілді. Жас шыбықты қалай исе, солай өсетіні сияқты, әр бала алдымен отбасындағы тәрбиемен жетіледі. Әрине, қоршаған орта, қоғамдағы даму үрдісінің де әсері тиетіні даусыз. Дегенмен, ата-ана бақылауында болған, отбасылық құндылықтармен тәрбиеленген жас ұрпақтың өмірден өз орнын табатыны дәлелдеуді қажет етпейтін шындық екеніне ешкім дау айта қоймас. Балаңыздың қайда жүргенін білу сіздің міндетіңіз, құрметті ата-ана!

Бетті дайындаған

Айтолқын АЙТЖАНОВА

Суреттер ашық дереккөзден алынды

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: