Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевты еске алуға арналған грек-рим күресінен ересектер арасындағы халықаралық турнир өтті. Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Тәйімбет Көмекбаевтың ұлы, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, генерал-майор Бағбан Тәйімбетов, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов бастаған құрметті қонақтар қатысты.
Алты Алашқа сауын айтылып, төрткүл дүниеден балуандар қатысатын халықаралық турнирге бұл жолы оннан астам мемлекеттің қақпақ жауырын, апайтөстері келді. Оған қоса, Алтай мен Атыраудың арасындағы атыраптың алыптары да бар. Алаштың анасына айналған өңірге табан тіреп, жеңістен үміті бар қатысушыларға аймақ басшысы сәттілік тіледі.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда «Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі» деген болатын. Сыр өңірінде соңғы үш жылда 18 спорт кешені салынып, іске қосылды. Өткен жылы «Самұрық қазына траст» қорымен бірге құны 3 млрд 400 млн теңге болатын «Үстел теннисі орталығы» салынып, халыққа қызмет етуде. Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сай 11 мың орындық орталық стадион салынуда. «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы басталды. Келесі жылы ел игілігіне табысталады. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің іргетасы қаланды. Жаңа нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Алдағы мамыр айында бірқатар спорттық үйірмені қоса қамтитын «Шығармашылық академиясы» ашылады.
Спорт – мемлекетіміздің мерейін үстем ететін, тұрғындарды салауаттылыққа жетелейтін маңызды сала. Бүгінгі халықаралық жарыс өздеріңізге қарап бой түзейтін жастарымызды елжандылыққа тәрбиелеп, спорттағы бәсекелестікті қалыптастыруға, татулықты нығайтуға септігін тигізетін дода болады деп сенеміз. Жарысқа қатысушыларға сәттілік, шын мықтыларға жеңіс тілеймін, – деді аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.
Ашылу салтанатында жарыстың қадірлі қонағы, қырғыздың атақты балуаны, Әлемнің екі дүркін, Азияның үш дүркін чемпионы, Олимпиаданың күміс және қола медальдарының иегері Ақжол Махмудовқа дәстүрге сай иығына шапан жабылды.
Екі күнге созылған алыптар айқасында жауырыны жерге тимеген қара күш иелері сайысты. Олар бес салмақ дәрежесінде сынға түсіп, Сырдағы сайыстың мәртебесін арттырды. Алпыс келіде сайысқан балуандардың арасында жерлесіміз Айдос Сұлтанғалиға тең келер ешкім болмады. Ол өз дәрежесінде І орынды қанжығасына байласа, ІІ орынды жетісулық Ғалым Қабдунасаров еншіледі. Үздік үштікті түйіндеген тәжікстандық Асламджон Әзизов пен шығысқазақстандық Айбек Сабырбеков өзара бөлісті.
Сайыс төрінде 67 келіде бақ сынасқандар қатарынан жеңімпаздар көшін жамбылдық балуан Ержет Жарылқасын бастады. Ал жетісулық Төлеген Әмірхановтың еншісіне ІІ орын бұйырса, ІІІ орынды олжалағандар қатарында түркиялық Yildirim Mustafasafa мен шығысқазақстандық Диас Әскербай тұрды. Алдыңғы сайыстағыдай шығыстың шымыр жігіттері бұл жолы да шетелдіктермен олжа бөлісті.
Балуандар арасында 77 келіде сынға түскендер де осал ойын көрсетпеді. Бұл жолы жеңіс қонақтарға бұйырды. І орынды түркиялық бауырымыз Emrebasar Yunus олжа қоржынына салды. Ал ІІ орында өзағамыз Жамол Жумабоев, ІІІ орында айырқалпақты қырғыз ағайындар арасынан суырылып шыққан Эрлан Марсуулу мен шымкенттік Әбдиазим Карабаев тұрақтады.
Бозкілемдегі белдесуде 87 келіде беларусь Радик Кулиевтің бағы жанды. Бұл салмақта қостанайлық Тимур Оспанов ІІ орынға, қырғызстандық Артыкбек Алымбекуулу мен ақтаулық Айдын Әбілда ІІІ орынға табан тіреді. Нағыз алыптар сайысы – 130 келіде сынға түскендердің де шеберліктері бірінен бірі өтіп жатты. Бұл сайыста жеңіс Түркияға жолданды. Түрік ағайындарымыздан Bozkurt Fatih І орынды жеңіп алды. Қырғызстандық Самаган Орманов ІІ орынға ие болды. ІІІ орынға Шымкент қаласынан келген Әлімхан Сыздықов пен жерлесіміз, қызылордалық Олжас Сырлыбай иелік етті.
Айта кетейік, Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаевтың есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында жыл сайын түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Бұған дейін батыр ұрпақтары ұйымдастырып келген турнир биылдан бастап облыс әкімдігінің қолдауымен халықаралық деңгейде өтті.
Нұр ТҰРСЫНХАН
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!