Ұлан-ғайыр даланың әрбір тау-тасы мен сай-саласы ән салып тұрғандай. Ұлы даланың дүбірі домбыраның күмбіріне сыйған секілді. Қазақтың көне музыкалық аспаптары бір сәтте қосыла үн қосқанда көз алдыңа кең даланың шексіз бейнесі тұра қалғандай көрінеді. Сол сәтте тұла бойың шымырлап, кеудеңдегі сезім оты маздай түседі. Сыр өңірінің абыройын биіктетіп, айбынын асырып жүрген Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі бүгінде ел арасында зор қошеметке бөленіп үлгерді. Өнер ұжымының ұлттық нақыштағы саз әуені қазақтың өткені мен бүгінін айшықтай түседі.
Оркестр ұлттық мұраны насихаттау мақсатында 2007 жылы облыстық филармония жанынан құрылды. Оркестрдің алғашқы көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болып Гүлдәрі Ізбанова тағайындалды. Ал Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің директоры Кеулімжай Ботабаев дирижер қызметіне бекітілді. Кеулімжай Ботабаев оркестр құрылған күннен бастап бүгінге дейін ұжымның тұрақты дирижері. Ол 2011 жылы «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен, 2016 жылы «Құрмет» орденімен, ал 2024 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталды.
Қазіргі уақытта оркестрдің бас дирижері – халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Руслан Балмасов. 2009-2015 жылдары оркестрдің көркемдік жетекшісі қызметін оркестр әртісі, виолончельші Гүлсім Бекмағамбетова атқарды. 2015-2025 жылдар аралығында бұл қызметте «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Самат Абылаев болса, 2025 жылдан бастап оркестрдің көркемдік жетекшісі қызметіне Нұрғиса Нұрбай тағайындалды.
Оркестр құрамын жоғары санатты кәсіби музыканттар құрайды. Сондай-ақ ұжым құрамында мемлекеттік және салалық марапаттардың иегерлері мен халықаралық, республикалық конкурс-фестивальінің лауреаттары бар.

Оркестр репертуарында қазақ халық музыкасы, Қазақстан композиторларының шығармалары, халық әндері мен күйлері, сондай-ақ әлемдік классика мен батыс еуропа композиторларының туындыларын қамтитын 800-ге жуық шығарма бар. Сонымен қатар репертуарда Сыр өңірінің әйгілі күйші-композиторлары Қазанғап, Шал Мырза, Бекпембет, Әлшекей, Жалдыбай, Құрақтың Досжаны, Қаражанның Төлегені мұраға қалдырған күйлер, сондай-ақ жергілікті композиторлар Исламбек Ысқақов, Мұрат Сыдықов, Альберт Алмағамбетов және Төлепберген Тоқжановтың шығармалары кеңінен орындалады.
Оркестр көптеген республикалық және халықаралық мәдени іс-шараға қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Атап айтқанда, Қызылорда қаласының 190 жылдығына арналған «Сырдария саздары» халықтық ұлт аспаптар оркестрлері мен ансамбльдерінің облыстық фестивалі(2009), Ақтөбе қаласында өткен «Жұбанов көктемі – 2010» халықаралық фестиваліне қатысып, ІІІ орын иеленді. Сондай-ақ 2018 жылы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған Атырау қаласындағы халықаралық ұлт аспаптар оркестрлері фестивалінде жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Оркестрдің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында белгілі өнер қайраткерлері мен музыка мамандарының қатысуымен шеберлік дәрістері ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе, музыка зерттеушісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Еркін Нұрымбетов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібаев, дирижер, күйші, композитор, өнертанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Қарасай Сайжанов, сондай-ақ Қазақстан Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының аға музыканты, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Әділет Азбаевтың шеберлік сабағы өтті.

Осы жылдар ішінде оркестр ұжымы Ташкент, Шыршық, Навои, Баку және Шеки қалаларында, Түркия Республикасының Кастамону, Болу, Ақсарай, Анкара сынды алыс және жақын шетелдердің тарихи қалаларында концерттік бағдарламалармен өнер көрсетті. Сондай-ақ еліміздің өзге өңірлерінде өткен Қызылорда облысының мәдениет және өнер күндерінің жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өтуіне елеулі үлес қосты.
Ұлтымыздың мақтанышына айналған Кеңес Одағының Халық әртісі Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегеновалар осы оркестрдің сүйемелдеуімен концерт берді. Сонымен қатар Сыр сахнасында өткен Қазақстан Республикасының халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың концерті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеген Мұхамеджанов пен Нұржамал Үсенбаеваның шығармашылық кеші, күйші, композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбектің «Ақ жауын» концерті, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанованың«Айдыны шалқар аққумын» атты концерті, опера өнерінің жұлдызы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызының қатысуымен өткен «Сыр еліне тағзым» атты концерт, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Тұрар Әліпбаевтың «Күй күмбірі» атты шығармашылық кеші, «Құрмет» орденінің иегері, академик Төлепберген Тоғжановтың 60 жас мерейтойына арналған «Сыр-Ана» атты күй кеші Тұрмағамбет атындағы халық аспаптары оркестрінің сүймелдеуімен өтті.
Оркестрдің негізгі құрамын Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжін бітірген кәсіби білікті мамандар мен өнер саласының майталмандары құрайды.
– Бүгінгі таңда оркестр құрамында халық аспабының құлағында ойнайтын 60-тан аса талантты өнер иелері қызмет етеді. Репертуарымызда 1000-ға жуық ән-күй бар. Соның ішінде күй алыбы – Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап, Динаның шығармалары бар. Сондай-ақ жергілікті күйші-сазгерлер Исламбек Ысқақов, Мұрат Сыдықов, Төлепберген Тоқжановтың туындылары енгізілген. Біз талай мәрте шет елде болдық. Үлкен сахнада өнер көрсеттік. Оркестр құрамы халық әндерін ұлттық нақышта өрнектейді. Оны түрлі аспаптармен әспеттей түседі. Осылайша тыңдарман жүрегіне жеткізеді. Мәселен, кез келген бір туындыны домбыра, бас домбыра, қобыз, қылқобыз, басқобыз контрабасқобыз, жетіген, сырнай, сазсырнай, сыбызғы, шаңқобыз, үрмелі аспаптардың түр-түрімен түрлендіріп шарықтау шегіне жеткізуге болады. Мұның барлығы Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев, Алдаберген Мырзабеков сынды елге белгілі композиторлардың әнді өңдеу шеберлігінің құдіреті деп білеміз, – деді халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Руслан Балмасов.
Оркестр құрамында дирижердің еңбегі ерек. Оның сахнадағы айрықша екпіні мен шалқар шабытын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ол өзінің қимыл-қозғалысын да күйге бағындырғандай. Шалқып-тасып арнасынан асқан әуен, қолына сиқырлы таяқша ұстаған дирижер, ғажайып бір ертегі әлемі көз алдыңда тұрғандай. Иә, өлмес туындылар тыңдарман жүрегін елжіретпей қоймасы анық. Жүйткіген жылдардың белесі мен зымыраған уақыт бүгінге жеткен қазақтың күй өнерінің ерекше тылсым құдіретін танытты.
– Қазақтың халық әндерінде терең мағына бар. Сондықтан болар, құлақ құрышы қанғанша тыңдап, ерекше әсер алуға болады. Тұла бойыңызды шымырлатып керемет әсерге бөлеген күй аяқталғанда көрерменнің ыстық ықыласы кеудемізге қанат бітіреді, – дейді бас дирижер.
Аталмыш өнер ұжымы әр жылдары алыс-жақын шет елдерде қазақ өнерінің зор мүмкіндігін көрсетті. Күмбірлеген домбыраның өкініш пен мұңды, қуаныш пен сағынышты баяндайтын ерекше үні бар. Әсерлі әуезді тыңдарман құлағына жеткізе білу – өнер иелері үшін үлкен бақыт.
Өңіріміздің дарынды өнерпаздары әркез жергілікті халықтың көңілін баурап, жан сарайын жадыратып жүр. Ұлттық музыканы ұлықтауда Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің орны бөлек.
Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!