«Бүгін 50 градус екен». Күн күйдіріп барады, далада жұмыс істеу мүмкін емес». «Құрылыс бастап едім, жұмысым өнбеді. Бұрынғыдай жаз ыстығына қарамай жұмыс істеу мүмкін емес». Бұл – жаз ыстығын сипаттаған қала тұрғындарының пікірі. Биылғы жаздың аптап ыстығы бұрынғыға ұқсамайды. Себебі климаттық өзгерісті жазы ыстық болатын өңірлер ғана емес, әлемнің әр бұрышында өмір сүріп жатқан елдер бастан кешуде.
Ғалымдар жаһандық жылыну әсерінен климаттың жаңа дәуірі басталатынын айтып, дабыл қағуда. Ауа райындағы өзгерісті бақылап, зерттеп жүрген мамандар жыл сайын күннің қатты ысып бара жатқанын айтуда. Тағы бір айта кетерлігі, «ең ыстық кезеңнің» жылдан-жылға асып түсуі. Зерттеуші ғалымдар бұл өзгерістің салдарын да айтып жүр. Яғни жер бетіндегі температураның шектен тыс қызуы – адамзаттың бүгінгі әрекетінің салдары. Мәселе – қазба отынды жағу салдарынан ауада парниктік газ түріндегі салмақ көрсеткішінің артуы. Сарапшылар пікіріне сүйенсек, қазба отынды жағу салдарынан алдағы жылдары жер бетіндегі температура көтеріле береді. Адамдардың ендігі міндеті – жаһандық жылынуды тоқтату үшін әрекет ету.

Бұдан екі жыл бұрын жаз ыстығына қатысты мәлімдеме жасаған БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш «планетаны қайнатып алмауға» шақырып, мәлімдеме жасаған еді. Оның айтуынша, бұл ауамен тыныстау мүмкін емес. Кейінгі жылдардағы жарияланған мәліметтерге сүйенсек, ауа температурасын бақылау тарихында жыл сайын жаз ыстығы біріне-бірі ұқсамайтын ерекше ыстықпен ерекшеленуде. «Бұл ыстық адам төзгісіз» деген Антониу Гутерриш адамзат баласының қазба отыннан түсетін табысқа кенеліп, климат өзгерісіне немқұрайлылық танытуын алға тартты.

Ғалымдардың дабыл қағуының жөні бар. Олардың айтуынша, климаттың өзгеру қарқыны жыл сайын күшейе берсе, бізді тұрақсыз әрі қатерлі ауа райы күтіп тұр деп есептеуге болады. Экологияны жақсарту мақсатында Париж келісіміннің мақсаты – ғаламдық орташа жылынуды + 1,5 градус деңгейіне шектеу. Өкінішке қарай, мұның өзі мүмкін емес болып барады. «ІРСС» ұйымының бағалауы бойынша алдағы он жылда Жер температурасы бұл межеден асып түсуі мүмкін. Халықаралық қауымдастық үшін алдағы онжылдық маңызды кезең болмақ. Яғни климатқа әсер ететін парниктік газ шығарындыларын жедел түрде қысқартпасақ, жер температурасы ойлаған межеден асып түсуі мүмкін. Яғни температураның жыл сайын көтеріле беруі үлкен өзгеріс әкеледі. Мәселен, 2 градус жылынуда көптеген экожүйе қайта қалпына келмейтін өзгеріске ұшырайды, ал 3-4 градус жылынуда ауыл шаруашылығы, су рерустары, инфрақұрылым жайына қиындық келтіруі мүмкін. Осы орайда, Біріккен Ұлттар ұйымының дабыл қағуы бекер емес. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттереш климаттық өзгерістің алдын алуға жедел әрекет етпесек, үлкен қателікке жол беретініміз анық екенін айтты. «Сонда не істеу керек?» деген сұрақ тууы заңдылық. Климаттық өзгерістердің алдын-алудың бірден-бір жолы парниктік газ шығарындыларын мейлінше қысқарту – яғни, көмір, мұнай, газ жағуды азайтып, баламалы жасыл энергия көзін пайдалануға көшу.

Америкалық ғалымдар Гренландия мен Антарктиданы қоспағанда 215 мың мұздықты зерттеген. Мұздықтардың басым бөлігі Антарктида мен Арктикада орналасқаны белгілі. Егер мұндағы мұз жылыну әсерінен еритін болса, теңіз деңгейі 60-70 метрге дейін көтерілуі мүмкін. Бұл жағдай ғаламшардың біраз бөлігін су басып қалу қаупін тудыратыны белгілі. Кейінгі жылдары ғаламдық жылыну әсерінен мұздықтардың тез еруі байқалған.
«ІРСС» ұйымы жарияланған деректерге сүйенсек, қазба байлықты жағу салдарынан планетаның орташа температурасы шамаман 1,1 градусқа көтерілген. Ғалымдар климаттағы қарқынды өзгеріс соңғы мыңжылдықта болмаған құбылыс екенін айтуда. Адамзат жылыну салдарының әсерін зерттеп, әрекетке көшпесе, төтенше жағдайлар орын ала беретіні болжанған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, аптап ыстық адамның денсаулығына да, ел экономикасына да кері әсерін тигізеді. Еңбек өнімділігі күрт төмендеп, соның әсерінін көптеген сала шығынға ұшырауы мүмкін.
Ғалымдардың болжамына сүйенсек, 2050 жылға қарай климаттық өзгерістердің әсерінен 1 млрд-тан астам адам климаттық босқынға айналуы мүмкін. Анығын айтқанда өзі тұратын өңірдің ыстығына шыдай алмай, көшуге мәжбүр болады. Әлемнің түкпір-түкпірінде ауыл шаруашылығы өнімінің түсімі азайып, азық-түлік бағасының өсуіне әсер етеді. Бүгінде климаттық өзгеріс әсерінен болатын инфляция туралы да айтылып жүр. Климаттағы өзгеріс тек экологияға ғана емес, ел экономикасына, халықтың өмір сүру сапасына да кері әсерін тигізетіні сөзсіз.
«National Geographic» зерттеушілері 2050 жылға қарай Арктикада 520 мың шаршы шақырым мұз ғана қалуы мүмкін екенін айтады. Болжам бойынша 50-80 пайыз мұздық еріп кетуі мүмкін. Ал мұның салдары адамзатқа үлкен қауіп төндіреді. Әлемдік мұхиттағы мұздықтар да бұрын дәл осындай қалыппен бірте-бірте опырылған. Нәтижесінде әлемдік мұхит деңгейі 500 жылда 18 метрге дейін көтерілген. Демек, болашақта бұл жағдай қайталануы мүмкін. Мұздықтар жайлы айтқанда, ғаламдық мәселе бізден әлдеқайда алыста болып жатқандай сезілетіні рас. Алайда біздің ел үшін бұл жаңа тақырып емес. Себебі Қазақстанда 2724 мұздық орналасқан, соның ішінде ең танымалы Тұйықсу мұздығы да жыл сайын еру салдарынан жұқарып барады. Соның әсерінен мұздықтардан өзенге түсетін су көлемі жыл өткен сайын азая түсуде. Жаһандық жылынудың әсері Каспий теңізіне де өзгеріс әкелген. Мұндағы беткі ауа температурасы бір градусқа жылынған. «Geophysical Research Letters» журналына жарияланған зерттеу нәтижесі кейінгі 20 жылда теңіздің булана бастағанын, соның әсерінен су деңгейі 1996 жылдан бастап жылына 7 см-ге азайып, 1,5 метр төмен түскенін көрсетеді. Егер бұл өзгеріс жалғаса берсе, теңіз тартыла береді. Кейінгі жылдары әлем жұртшылығы бұл мәселеге назар аударып, шешу жолдарын іздеуде. Бірі жаһандық жылынудың алдын алу үшін адам қолымен жасалған экологиялық апаттарды тоқтату керек десе, енді бірі жасанды мұздықтар ойлап табудың жолын іздеуде.
Кейінгі жылдардағы климаттық деректер бойынша Қазақстанда орташа жылдық ауа температурасы дүние жүзімен салыстырғанда екі есе жылдам жоғарылауда. Ғалымдар болжамына сүйенсек, 2050 жылға қарай елде жауын-шашын азайып, ыстық ауа райы ұзақ уақытқа сақталуы мүмкін. Жаздың аптабына үйренген оңтүстік өңірдегілер кейінгі жылдардағы ыстықтың адам төзгісіз екенін айтса, теріскей тұрғындары да жаз жыл сайын ыстық болып келе жатқанын айтады.
Жансауле Ибрагимқызының Астанаға қоныс аударғанына 10 жылдай уақыт болыпты. Алғашқы жылдары күздік киімдерді жаз мезгілінде жинай қоймайтынын айтқан ол кейінгі жылдары Астана жазы да тұрғындардың мазасын қашыратындай ыстық болып жүргенін айтады. Тіпті «Астанаға желдеткіш орнатудың қажеті жоқ» дейтін пікір де өзгерген.
– Биыл үйімізге желдеткіш орнаттық. Елдің бәрі үйді салқындату құрылғыларын орнатуда. Құрылғыны орнатын компанияларда кезек көп, алдын ала жазылып, кезек күтесіз. Бағасы да арзан емес. Бұрынғыдай кеш түсе жылы киім іздемейтін болдық. Елордаға көшіп келген жылдары жаз мезгілінде күздік киім киетін едік. Биыл ерекше ыстық, – дейді ол.
Жалпы климаттық өзгеріс салдарынан әлемнің түкпір-түкпірінде адамдар ыстықтың зардабын тартуда. Осыған орай, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының еуропалық аймақтық бюросының директоры Ханс Анри П. Клюге мәлімдеме жариялады. Оның айтуынша, ыстық әлі басылған жоқ. Еуропада алдағы уақытта болатын қатты ыстық адам өліміне әкелуі мүмкін. Ол мұндай кезде ыстықтан сақтануға шақыратын алдын ала жасалған жұмыс жоспарының пайдасы көп екенін айтады. Мәселен, Италиядағы өлім-жітімді бақылау жүйесі дағдарыс кезінде адамдарға пайдалы деректерді ұсына алады. Испания халықты ыстық күндердегі қауіп туралы маңызды ақпаратпен қамтамасыз ету үшін медиа серіктестермен тікелей жұмыс істеуде. Австрия жұмыс орындарында ыстықтан қорғау ережелерін енгізді. Солтүстік Македония тұрақты баспанасы жоқ адамдарға көмектесу үшін Қызыл Жарты Ай ұйымымен бірлесе жұмыс істеген. Ханс Анри П. Клюге өз мәлімдемесінде климаттық өзгерістерге байланысты әр елдің ұлттық іс-қимыл жоспары болуы мәселенің жүйелі шешілуіне ықпал ететін айтты. Яғни іс-қимыл жоспары бар елдерде денсаулық саласы түрлі жағдайға әзір болатыны, тұрғындарға аптап ыстық туралы нақты мәліметті алдын-ала жариялап отыруға, ыстықтың қаупін алдын-ала болжауға болатынын жеткізді.
Жаһандық жылынудың әсері бізді айналып өтпейтіні анық. Негізінен ауыл шаруашылығы саласына бейімделген өңір ретінде Қызылорда облысы кейінгі жылдары су тапшылығын сезіне бастады. Диқандар үшін бүгінде су тапшылығы негізгі мәселеге айналғаны белгілі. «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының «Қызылордасушар» өндірістік учаскесінің басшысы Жорабек Нұрымбетов жаһандық жылыну әсерінен су азая бастағанын айтады.
– Климаттың жылынуы салдарынан дүние жүзі бойынша су тапшылығы сезілуде. Мұны бүкіл дүниежүзілік қауымдастық мойындап, түрлі іс-шаралар қабылдауда. Бұл мәселе Қазақстанды да айналып өтпейтіні анық. Оның ішінде Сыр өңірінде де су тапшылығының әсері сезілуде. Шыны керек, осы уақытқа дейін судың қадірін білмедік, әлі де бағаламай келеміз. Суды таусылмайтын байлық деп санап, әлі күнге дейін ауызсуды көлік жууға, бақша суаруға және басқа мақсаттарға есепсіз пайдаланамыз. Бұл біздің суға деген көзқарасымыз қандай екенін білдіреді. Жалпы су болашағына немқұрайлы қарауға болмайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Судың да сұрауы бар» екенін әрдайым өз Жолдауында, Сыр өңірінде өткен Құрылтай отырысында атап айтып, су мәселесіне назар аударып келеді. Өйткені келешекте су мұнай мен алтыннан да қымбат болуы мүмкін. Халық мұнайсыз күн көре алатыны анық, ал сусыз өмір жоқ екені белгілі. Сондықтан суды «келешектің валютасы» деп атайды. Африка елдерінде бір литр судың бағасы бірнеше доллар тұрады. Соның өзінде суды ақшасына қарай емес, жан басына қарай өлшеп береді. Судың әр тамшысы бағалы десек те болады. Су тапшылығын дәл қазір болмаса да келешек ұрпақ сезінуі мүмкін. Қазірдің өзінде жер асты суы азайғанын байқауға болады. Жер үсті суы мен жер асты суы екеуі бір-бірімен байланысты. Жер бетіндегі су азайса, жер астындағы су да кемиді. Мысалы, қаладағы «Арай» шағын ауданында бұрын үнемі ыза су көтеріліп жататын еді. Кейінгі кезде сол ыза су кетіп қалды. Сондай-ақ қала аумағында, мысалы, бұрын жерді жеті-сегіз метр тереңдікте қазса, су шығатын, қазір ол 16-15 метр тереңдікке кетіп қалды. Демек, жер асты суы да азайып жатыр. Ғылыми дерекке сүйенбей-ақ көзбен көргенімді айтайын. Жылда Шардара су қоймасында экологиялық тепе-теңдікті сақтау үшін, яғни анығын айтқанда, батпақтанып кетпеу үшін 1 млрд текше метрге дейін су қалдыратын едік. Былтыр су тапшылығына байланысты Шардара су қоймасындағы су деңгейін 216 млн текше метрге дейін төмендетіп жібердік. Осы салада қанша жыл еңбек етіп жүріп мұндай жағдайды бірінші рет көруім еді. Су тапшылығының әсерінен Қызылорда, Түркістан облысындағы егіншілер сусыз қалмау үшін осындай қадамға бардық. Биыл мұндай жағдай қайталанған жоқ, бұл мәселе шешілді дегенмен былтырғы жылмен салыстырғанда жоғарыдағы су қоймаларындағы су көлемі 2,5 миллиардқа дейін кем болды. Ең бастысы, биыл егінге су жеткізу қиын болып жатқан жоқ. Дегенмен жылдан-жылға судың азайып бара жатқанын сезініп отырмыз. Сондықтан суды ұқыпты пайдалануға бүкіл халық атсалысу керек. Шынында, су енді көбеймейді, бұл енді азайғаны азайған, оның үстіне ауа-райы да жылдан-жылға ыстық болып барады. Жалғыз бізде ғана емес, жаһандық жылыну салдарынан Солтүстік мұзды мұхиттағы мұз еріп, көптеген елді мекенді су алып жатыр.
Кейінгі кезде Сырдария өзеніне жоғарыдан түсетін судың көлемі жылдан-жылға азайып келе жатқанын сезініп келеміз. Осыған байланысты суды үнемдеп пайдалану технологияларын іске асыруымыз қажет. Біріншіден, егіндік жерлерді тегістеу, ішкі су жүйелерін тазалау, су жүйелерінде орналасқан гидротехникалық құрылымдардың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету, суды аз пайдаланатын дақылдарды егуге көшу. Кейінгі кезде суды үнемді пайдалану мақсатында су үнемдейтін технологияларды пайдалануға көшудеміз. Әсіресе біздің облыс үшін ең тиімді әдіс – күріштік жерді лазерлік тегістеу. Бұл өз кезегінде суды 20 пайызға дейін үнемдейді, өнім 30 пайызға дейін жоғары болады. Сол сияқты жаңбырлатып, тамшылатып суару технологияларын пайдалану. Мемлекеттен жоғарыда аталған технологияларды пайдаланғанда су жеткізіп беру қызметіне 80 пайызға дейін жеңілдіктер беріледі. Биыл облысқа суды үнемді пайдалану технологиясын енгізген су пайдаланушыларға 10 млрд-қа жуық субсидия бөлінді. Бүгінгі күні мамандарды ойландыратын мәселе әр су пайдаланушы суды ұқыпты пайдалану үшін су пайдаланатын шаруашылықтар су саласының маманын ұстау қажет. Екіншіден, су өлшегіш құрал әр шаруашылықтарда болу қажет және оны пайдалана білу керек, су пайдаланушы су мәдениетіне бейімделетін уақыт жетті деп есептейміз. Бүгінде мемелекет тарапынан суды үнемді пайдалану мақсатында миллиардтаған қаржы бөлінуде, сол қаржыны тиімді пайдалану қажет, – дейді ол.
Кешегі аптаның аптап ыстығы әлі ұмытыла қойған жоқ. Биылғы ерекше ыстық қала инфрақұрылымына да әсер етпей қоймады. Қызылорда қаласының көп шағын ауданында жарық өшіп, тұрғындардың мазасы қашқаны да рас. Ыстықтың әсерінен болған қолайсыздық туралы шаһар басшысы Нұржан Ахатов әлеуметтік желі арқылы тұрғындарға мәлімдеме жасады.
– Қаланың электр энергиясын тұтыну көлемі 70-80 МВт құрайтын болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 120 МВт-қа дейін артып отыр. Соңғы күндері күннің күрт ысуы салдарынан қаламыздың кейбір электр қондырғылары мен желілерінде ақаулар орын алуда. Қазіргі таңда «Қызылорда электр тораптары» компаниясының мамандары қалпына келтіру жұмысын жүргізуде. Сонымен қатар алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары бойынша қалада 30-ға жуық қосалқы станциялар қайта жаңғырудан өтуде. Бұл жұмыстар түнгі уақытқа ауыстырылды, – дейді қала әкімі.
Тағы бір айта кетерлігі, күннің күрт ысыған аптасында қаланың коммуналдық мекемелері күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Қазіргі таңда «Қызылорда тазалығы», «Су жүйесі», «Автобус паркі», қалалық электр тарату орталығы, сондай-ақ жауапты мердігер мекемелер жұмыстарын үзіліссіз атқаруда. Апта басынан қала көшелеріне арнайы техникалардың көмегімен жаңбырлатып су себілді. Мұның барлығы тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жүзеге асырылуда. Сондай-ақ қызылордалық құтқарушылар балақайларға ерекше қуаныш сыйлады. Өрт сөндіру автоцистерналарымен қаланы аралаған мамандар ата-аналарға және балаларға қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, жаңбырлатып су шашты. Балмұздақтар таратып, сергіту ойындарын ұйымдастырды.
Аптапты ыстық кезінде әр адам өз денсаулығына мән беру керек. Әсіресе балалар, қарттар, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар адамдар аптап ыстықтың әсерін көбірек сезінеді №3 қалалық емханасының дәрігері Нилуфар Хасанова ыстық күндері денсаулыққа мән беру керектігін айтады.
– Ауа температурасының шамадан тыс көтерілуі ағзаның жылу алмасу жүйесіне күш түсіреді. Соның салдарынан адам тез шаршайды, әлсіздік, бас айналу, бас ауруы, жүрек қағуы байқалуы мүмкін. Кейбір жағдайларда күн өту немесе ыстықтан естен тану қаупі де бар. Сондықтан ыстық күндері денсаулыққа ерекше мән берген жөн. Ең алдымен нәрестелер мен балалар, егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, тыныс алу жүйесі аурулары бар науқастар қауіп тобына жатады. Бұл азаматтар күннің ең ыстық уақытында далада ұзақ жүрмегені дұрыс. Күннің ең ыстық мезгілі – сағат 11:00 мен 17:00 аралығында мүмкіндігінше көлеңкеде немесе салқын жерде болған дұрыс. Күні бойы жеткілікті мөлшерде таза су ішіп, жеңіл әрі ашық түсті киім киген жөн. Бас киім тағуды ұмытпау керек. Майлы әрі ауыр тағамдарды азайтып, көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек тұтынуға кеңес беремін. Күн өткен кезде дене қызуы көтеріледі, қатты бас ауырады, жүрек айнуы, құсу, әлсіздік, бас айналу байқалады. Кейде адам есінен тануы мүмкін. Мұндай жағдайда науқасты дереу көлеңкеге немесе салқын жерге апарып, киімін жеңілдетіп, су беріп, денесін салқындату қажет. Егер жағдайы жақсармаса, міндетті түрде жедел медициналық көмекке жүгіну керек. Ал созылмалы ауруы бар адамдар дәрігер тағайындаған ем-домын үзбей қабылдап, қан қысымы мен жалпы жағдайын бақылап жүргені маңызды. Қажет болған жағдайда емдеуші дәрігердің кеңесіне жүгінген дұрыс. Сондай-ақ ыстық күндері ағзаға артық күш түсіретін жұмыстардан аулақ болған жөн. Денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, қарапайым сақтық шараларын сақтасаңыздар, жаз мезгілін қауіпсіз әрі жайлы өткізуге болады. Өздеріңізді ғана емес, жақындарыңызды, әсіресе балалар мен қарттарды да назардан тыс қалдырмаңыздар, – дейді дәрігер.
Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
