Еліміздің макроэкономикалық тарихына көз жүгіртсек, 2025 жыл Қазақстан үшін нағыз «айтулы кезең» болды. Жыл қорытындысы бойынша ел экономикасы соңғы онжылдықта болмаған рекордтық өсімді көрсетіп, жалпы ішкі өнім бірден 6,5 пайызға өсті. Салыстырмалы түрде айтсақ, экономикалық тұрақты саналған 2013 жылдың өзінде бұл көрсеткіш
6 пайыздан аспаған еді. Ал биылдың өзінде алғашқы жартыжылдық қорытындысы экономиканың жаңа кезеңге өткенін аңғартады. Қазіргі таңда елдің экономикалық өсімі 4,1 пайыз деңгейінде қалыптасып отыр.
Әрине, өткен жылғы рекордтық өсімнен кейін бұл сандар біраз баяулау сияқты көрінуі мүмкін. Алайда сыртқы геосаяси сын-қатерлер, жаһандық нарықтағы тұрақсыздық және мұнай өндірісі азайған тұста бұл – өте жақсы әрі сапалы көрсеткіш. Қазіргі 4,1%-дық өсім Қазақстан экономикасының тек мұнайға ғана тәуелді емес екенін және ішкі тұрақтылықты мығым сақтап тұрғанын дәлелдейді.
Өсімге ықпал еткен негізгі фактор мұнай секторы емес, құрылыс, өнеркәсіп, инвестиция және көлік саласы. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етіп отырған басты қозғаушы күш – инвестициялық белсенділік. Биылғы жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша, елдің негізгі капиталына құйылған қаржы көлемі 9,5 триллион теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты 9,6 пайыз. Мемлекеттік бюджетке иек артқаннан гөрі, нарыққа жеке капиталдың белсенді араласуы трендке айналды.
– Инвестициялар тұрақты өсім динамикасын көрсетуде. Әсіресе, жеке инвестициялардың көлемі бірден 21,4%-ға артып, айтарлықтай серпін берді. Қазіргі уақытта жалпы инвестиция құрылымындағы жеке капиталдың үлесі 87%-ға жетті, – дейді Серік Жұманғарин.
Қазақстанда шағын және орта бизнес қарқын алып, мемлекеттік бюджет кірісі де өскен. Статистикалық деректерге сүйенсек, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 1,9 миллионнан 2,4 миллионға дейін өскен. Қосылған құн салығын төлеушілер саны 135,8 мыңнан 158,2 мыңға жеткен. Реформа бюджет кірісін ұлғайтып, фискалдық тұрақтылықты нығайтуға ықпал еткен. Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бірінші жартыжылдықта мемлекеттік бюджет кірістері шамамен 16%-ға артқанын айтты. Оның сөзінше, қосылған құн салығынан түсетін түсімдер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 50%-ға көбейген. Осылайша, шикізатқа жатпайтын салалардың қарқынды дамуы мен жоғары инвестициялық белсенділік экономика өсуінің тұрақты негізін қалыптастыруда. Үкімет жыл қорытындысында ел экономикасының кемінде 5%-дық өсіміне қол жеткізуді мақсат етіп отыр.
Өсім бар, бірақ…
Кез келген мемлекеттің экономикалық саясатының басты көрсеткіші – жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны. Алайда құрғақ статистиканың артында тұрған сапалық көрсеткіштерге терең бойламай, шынайы экономикалық ахуалды дұрыс бағалау мүмкін емес. Соңғы жылдары ел экономикасында байқалған серпінді сандардың астарына үңілсек, біз «өсім сапасы» деген аса маңызды ұғымға тап боламыз. Бюджет кірісінің артуына бизнестің белсенділігімен қатар, инфляция мен бағаның өсуі де әсер етуі мүмкін. Үкімет жалпы ішкі өнімнің өскенін және экономиканың оң қарқынмен дамып жатқанын мәлімдегенімен, сарапшы Мақсат Халық бұл көрсеткішке қатысты басқа пікірде. Оның сөзінше, жалпы ішкі өнім өсімі әрдайым экономиканың нақты күшеюін білдірмейді. Өсімнің едәуір бөлігі инфляция мен бағаның қымбаттауынан қалыптасуы мүмкін. Сондықтан экономикалық көрсеткіштерді бағалауда өсімнің көлемімен қатар оның сапасы мен халықтың әл-ауқатына нақты ықпалына назар аудару қажет екендігін ескертеді.
– Қазақстан үшін 4,1%-дық өсім жаман көрсеткіш емес. Алайда ел экономикасының көлемін ескерсек, мұндай өсім айтарлықтай серпіліс әкелмейді. Соңғы жылдардағы жалпы ішкі өнімнің өсімі нақты өндірістің артуынан емес, инфляция мен бағаның қымбаттауынан қалыптасқан. Яғни тауар көлемі көбеймесе де, оның бағасы өскендіктен жалпы ішкі өнім көлемі жоғары болып көрінеді, – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, қазіргі жағдайда негізгі міндет – инфляцияны 4-5% деңгейіне дейін төмендетіп, баға тұрақтылығына қол жеткізу. Осыдан кейін ғана жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту және өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы сапалы экономикалық өсімге қол жеткізуге болады.
– Біздегі экономиканың көлемі шамамен 300 млрд АҚШ долларын ғана құрайды. Сондықтан біздегі 4,1%-дық өсімді триллиондаған долларлық экономикасы бар мемлекеттердің көрсеткішімен салыстыруға болмайды. Ірі экономикалардағы 4%-дық өсімнің экономикалық әсері әлдеқайда ауқымды болса, Қазақстан үшін бұл оң нәтиже болғанымен, аса үлкен серпіліс деп айту қиын. Осы мәселеге қатысты біз, экономистер қауымы, арнайы зерттеу жүргіздік. Талдау барысында инфляция мен баға құбылмалылығының шынайы әсерін анықтау үшін 2005 жылғы бағаларды негізгі базалық көрсеткіш ретінде бекітіп, экономикамыздың нақты өсімін есептеп көрдік. Нәтижесінде қызықты әрі ойланарлық жайт анықталды. Бүгінде біз мақтан тұтып жүрген 300 миллиард долларлық экономикамыздың тең жартысы, тереңірек үңілсек, тауар мен қызмет көлемінің нақты өсуінен емес, тек қана бағаның қымбаттауы яғни бағалық өсім мен инфляция есебінен қалыптасты, – деді экономист.
Үкімет үшін жоғары инфляция мен бағалардың қымбаттауы белгілі бір дәрежеде «тиімді» болып көрінуі мүмкін. Себебі инфляция жоғарылаған сайын тауарлардың номиналды бағасы өсіп, сәйкесінше жалпы ішкі өнімнің де өсімі жеделдей түседі.
– Менің ойымша, бізге ең бірінші кезекте осы инфляцияны ауыздықтау керек. Өйткені инфляция жоғары болса, демек, тауарлардың бағасы өседі. Соның есебінен біздің жалпы ішкі өніміміз де өсім беріп отыр. Оны қарапайым тілде былай түсіндіріп айтуға болады. Мысалы, бір литрлік бір бөтелке су өткен жылы, айталық, 200 теңге тұрған болса, енді оны 300 теңге деп қойсақ, сонда ол бөтелке судың саны көбейіп жатқан жоқ, яғни қосымша тауарлар өндірісі емес, тек қана бағалық өсім нәтижесінде экономикалық өсімге қол жеткізіліп отыр деп айтуға болады. Сонда соңғы жылдардағы осы бағаның, инфляцияның жоғары болуы, белгілі бір дәрежеде біздегі экономикалық өсімнің де жоғары болуына әсерін тигізіп тұр. Осыдан сұрақ туындайды: үкіметтің өзіне кейде осындай бағалық өсімнің, инфляцияның жоғары болуының өзі керек сияқты,– дейді Мақсат Халық.
Осы тұста мемлекеттің басты екі экономикалық институты – Үкімет пен Ұлттық банк арасында мақсат қайшылығы туындайды. Ұлттық банктің басты міндеті – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, яғни инфляцияны ауыздықтау. Ұлттық банк инфляцияны төмендету арқылы халықтың табысын құнсызданудан қорғауға тырысады. Ал Үкіметтің алдында мүлдем басқа міндет тұр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2029 жылға қарай еліміздің экономикалық ауқымын 450 миллиард долларға жеткізу қажет. Бұл межені бағындыру үшін жыл сайын ЖІӨ-нің тұрақты түрде кем дегенде 6-7% өсімін қамтамасыз ету шарт. Мұндай қарқынды нақты өндіріс есебінен жылдам қамтамасыз ету қиын болғандықтан, Үкімет белгілі бір дәрежеде бағалардың өсуін пайдаланып, номиналды өсім арқылы жоспарды орындауға бейім болуы мүмкін. Бұл жағдай экономиканы реттеудегі «Аққу, шортан һәм шаян» кейпін еске түсіреді.
– Менің ойымша, бірінші кезекте бізге баға тұрақтылығы керек. Сол кезде халықтың, қолына алып отырған еңбекақысы құнсызданбайды. Одан кейін экономикалық өсімді қосымша зауыттар мен фабрикаларды салу, инвестиция тарту, елімізде тауар өндірісін жолға қою сияқты қадамдар жасауға болады. Сол кезде сапалы экономикалық өсім болады және халықтың өмір сүру сапасына да әсер етеді, – дейді экономист.
Қорыта айтқанда, бүгінгі Қазақстан үшін тек құрғақ статистика мен миллиардтаған долларлық сандық көрсеткіштердің соңынан жүгіретін уақыт келмеске кетті. Нарық бізге басты мақсат – жалпы ішкі өнімнің пайызын жасанды өсіру емес, экономикалық дамудың шынайы сапасына назар аудару екенін айқын ұғындырды. Ол үшін алдымен, инфляция құрығын мықтап ұстап, оны қалыпты 4-5% шегіне дейін түсіру қажет. Тұрақты баға – халықтың сатып алу қабілетін сақтап қана қоймай, елге ұзақ мерзімді ірі капиталдың келуіне жол ашатын басты фактор. Экономикалық өсім тек мұнай бағасына немесе шикізат экспортына телмірмеуі тиіс. Ел ішінде жаңа зауыттар мен фабрикалар ашып, өңдеу өнеркәсібін жолға қою және қосымша құны жоғары отандық өнімді ынталандыру – экономикалық тәуелсіздіктің негізі. Қазына қаржысына ғана сүйенбей, жеке және шетелдік инвестицияларды тарту арқылы нарыққа жаңа дем беру маңызды. Бұл елге тек ақша емес, сонымен бірге озық технологиялар мен мыңдаған тұрақты жұмыс орындарын әкеледі. Шын мәнінде, мемлекеттің дамуы мен әлеуеті тек қағаздағы миллиардтармен емес, қарапайым халықтың әлеуметтік әл-ауқатының артуымен, дүкендегі тұрақты бағамен және отандық өндіріспен өлшенеді. Осы маңызды қадам жүзеге асқанда ғана, макроэкономикалық өсім әрбір қазақстандық отбасының өмір сүру сапасын жақсартуға нақты ықпал ете алады.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!