Құрылтай

Сейсенбі, 21 шiлде, 11:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№54 (2266)
21.07.2026
PDF мұрағаты

Қарызға құмарлық басылды

21.07.2026

61 0

Бүгінде тұтынушылық несие көпшілік үшін қаржылық қиындықтан шығудың бір жолына айналды. Алайда несие көлемінің шамадан тыс өсуі халықтың қарыз жүктемесін арттырып, экономикалық тұрақтылыққа да әсер етуде. Бірі баспана алуға, енді бірі күнделікті тұрмысқа қажеттілігін өтеу үшін несие рәсімдейді. Соңғы уақытта мемлекет халықтың шамадан тыс қарыздануын тежеу мақсатында заңға бірқатар өзгеріс енгізіп, несие беру тәртібін қатаңдатты. Қабылданған шаралар қандай нәтиже берді, несие нарығындағы қазіргі ахуал қандай және бұл өзгерістер инфляцияға қалай әсер етеді?

Бүгінде елдегі экономикалық белсенді 9 миллионнан астам қазақстандықтың мойнында несиесі бар. Қазіргі уақытта халықтың екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттары алдындағы жалпы қарызы шамамен 25 триллион теңгені құрап отыр. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов елдегі қарыз жүктемесінің айтарлықтай артқанын және халықтың несиелендіру көлемі орта есеппен 30%-ға жуық өскенін мәлімдеді. Несие нарығының өсуі мен халықтың қарыз жүктемесі жылдан-жылға артуы мемлекет тарапынан нақты шаралар қабылдауды талап етті. Несиеге тәуелді азаматтар санының көбеюі қаржы жүйесінің ғана емес, әлеуметтік тұрақтылықтың да маңызды мәселесіне айналды. Осыған байланысты Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұтынушылық несиелеуді қайта қарап, халықтың шамадан тыс қарыздануын тежеуге бағытталған жаңа реттеу тетіктерін енгізді.

2026 жылдың 1 шілдесінен бастап қаржы нарығында құрылымдық өзгеріс басталды. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халықтың шамадан тыс қарызға батуын тежеу үшін несие беру талаптарын ресми түрде қатаңдатты. Қабыл­данған реттеу шаралары бұл үдерісті айтарлықтай тежеп, нарықты қалыпты арнаға түсіргендей. Белгілі экономист Айбар Олжайдың айтуынша, қазіргі уақытта тұты­нушылық несие беру қарқыны «суып», нарықта тәртіп орнаған.

– Ұлттық банк пен Қаржы нарығын рет­теу және дамыту агенттігі бұдан былай несие беру талаптарын қатаңдату шараларын уақыт­ша тоқтату туралы шешім қабылдады. Өйт­кені қазіргі таңда қабылданған шектеулердің өзі нарықты реттеуге толық жеткілікті. Егер талаптарды әрі қарай қыса түсетін болсақ, елдегі экономикалық белсенділік күрт төмендеп кетуі мүмкін. Қазірдің өзінде ішкі нарықта тұтыну көлемінің айтарлықтай азайғаны байқалады. Ал халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі, бірінші кезекте, шағын және орта бизнеске үлкен соққы болады. Экономикалық өсім қарқынының баяулауы да осы қауіпті растап отыр. Сондықтан бұған дейін енгізілген ережелер өз күшінде қалады, бірақ несие саясатын бұдан әрі қатаңдату шаралары әзірге шегерілді, – деді Айбар Олжай.

Бүгінде агенттік енгізген және іске қо­сылған мына ережелер нарықта тәртіп орнатуға толық жеткілікті. Сіздің зейнет­ақы аударымдарыңыз немесе міндетті меди­циналық сақтандыру жарналарыңыз болмаса несие алу қиындайтыны да ай­тылған. Сондай-ақ отбасының ортақ бюджетін қорғау үшін несие алған кезде жұбайыңыздың заңды келісімі сұралады. Алаяқтардың арбауына түсіп қалмауыңыз үшін немесе қайта ойлануыңыз үшін бір тәулік «суыту мерзімі» бар. Егер сіз 500 мың теңгеден асатын несиеге өтінім берсеңіз, банк бірден аудармайды. Соңғы 12 ай ішінде қарыз төлемін 90 күннен артық кешіктірген және соңғы 6 айда құмар ойындарға жиі ақша аударған азаматтарға несие алу мүмкіндігі қысқарады. Қабылданған ережелер жал­ғасады. Тек мемлекет бұдан әрі жаңа қы­сымдар мен шектеулерді қосуды уақытша тоқтата тұруды ұйғарды.

Сонымен қатар сарапшы Айбар Олжай  несие арқылы келетін инфляциялық қы­сым­ның басылғанын алға тартты. Оның болжамы бойынша, қазіргі 10,3% дең­гейіндегі инфляция жыл соңына қарай 10%-дан төмен түсіп, 9,4-9,5% шамасында тұрақтауы тиіс. Ішкі нарықтағы баға өсіміне несие нарығынан да басқа да факторлар бар. Мәселен, Ресейдегі жанар-жағармай тапшылығының әсері болуы ықтимал.

– Ішкі факторлар реттелгенімен, сырт­қы тәуекелдер әлі де бар. Көршілес Ресейдегі жанар-жағармай тапшылығы еліміздегі ба­ғаның қымбаттауына және инфляцияның басқа арналардан өсуіне түрткі болуы мүм­кін. Алайда бұл жайт несие нарығына еш қатысы жоқ, тек сырттан келетін таза макроэкономикалық қысым, – дейді ол.

Ұлттық банк келесі жылдың 1 қаңта­рынан бастап қарыздың табысқа қатына­сы бойынша жаңа шекті мәнді енгізуді жоспарлап отыр. Бұл құрал алдағы уақыт­та қарыз алушының несиені уақытылы қайтара алу қабілетін бұдан да дәлірек әрі объективті бағалауға мүмкіндік береді. Нарықта көп талқыланған ереже әзірге енгізілмейді. Ұлттық банк бұл қадамнан бас тартты, өйткені нарықты артық қысымнан қорғау қажет. Реттеуші органның бұл шешімін Айбар Олжай да құптап отыр.

– Банктер үшін талаптарды бұдан әрі қатты қатаңдату мәселесі қызу талқыланған еді. Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан енгізілген шектеулердің өзі  жақсы жұмыс істеп тұр. Олар жалпы несиелендіру қарқынын едәуір төмендетті. Мәселен, несие алу кезіндегі «суыту» мерзімі, қарыз сомасы 500 мың теңге­ден асқанда жұбайының ресми келі­сімін алу талабы сияқты ережелер өте тиімді нәтиже көрсетуде. Сондай-ақ банк несиелерінің шекті пайыздық мөлшерлемесі де белгіленген деңгейден аспауы тиіс деген талап өз күшінде. Осы қабылданған шаралардың барлығы қазірдің өзінде нарықты реттеуде өз жемісін беруде, – деді сарапшы.

Мемлекет несие нарығын реттеуде «алтын ортаны» тапқан сияқты. Қарыз – уақытша көмек болғанымен, оны өтеу – ұзақ мерзімді жауапкершілік. Сондықтан мемлекет енгізген талаптарды тек шектеу емес, халықтың қаржылық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған қадам ретінде қабылдаған жөн. Ең бастысы, әрбір азамат несие аларда ертеңгі күннің мүмкіндігін бүгіннен таразылай білуі қажет.

Думан КЕҢШІЛІК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: