Дәстүрлі қазақ өнерінің шамшырағындай болған, текті сөздің төресі терме орындаудың шебері, таңдай қақтыратын ұлттық өнердің жанашыры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор, өнертанушы ғалым Елмұра Жаңабергенмен жыраулық дәстүр, өнер тақырыбында сұхбаттастық.
– Ауылдың иісі аңқып тұратын жырау қыздың балалық шағы ерекше болған екен. Қарамолда әулиенің батасын алыпсыз. Балалық шағыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз.
– Балалық шағым ауылда өтті. Мінезім қайсар болды. Замандастарым секілді мен де ауылдың қым-қуыт тіршілігіне ерте араластым. Қыста шанамен, жазда арбамен, елу литрлік бөшкемен су тасыдық. Екі иығымыз талып, иінағашпен де суға бардық. Қамыс шауып, жоңышқа ордық. Қой да бақтық, атқа да міндік. Несін айтасыз, ауыз толтырып айтарлықтай ғажап сәттерді бастан өткердім десем болады. Ер бала болмасам да, қарулы болып жекпе-жекке де шықтым. Өзге ауылдың балалары менімен жекпе-жекке шығамыз деп іздеп келетін. Анам емші болды. Қасиет дарыған ерекше кісі еді. Есіктің алдында сырқат кісілер кезек күтіп тұрушы еді. Бізге де сол қасиет дарыған болу керек. Соның әсерінен кішкентай кезімде көп ауырып, талып қалатынмын. Анам дем салып оятып алатын. Бойымдағы бұла күштің әсерінен болар айқайлап өлең айтатынмын. Өзімді Роза Бағлановадай, енді бірде Роза Рымбаевадай сезініп, шәйнектің шнурын микрофон етіп, сарайдың төбесіне шығып, бар дауысыммен ән саламын. Көрермендерім ұршық иіріп отыратын көрші әжелер болды. Ол кісілерді жаныма шақырып аламын. Мені «желаяқ» дейтін. Мектепте ән салып, немесе жүгіріп жарыстың көшін бастап жүрдім. Қанша ауырсам да шешем дәрігерге жолатпайтын. «Бұл қызда қасиет бар» дегені есімде. Сыр бойында «Қара молда» деген әулие кісі болды. Шешеме «Эльмираны маған әкел» деп бірнеше рет түсіне кіреді. Талып қалуым жиілеген соң анам бір күні сол әулиеге апарды. Әулие әкеміз 3 күн дем салып оқыды. Емдеп болған соң маған «жырдың алды бол, тұлпардың басы бол» деп бата берді. Шешем ауылға келіп «қызыма бата алып келдім» деп бір мал құдайы берді.
– Өзіңіз туып-өскен Арал өңірінен небір тарлан таланттар шыққанын білеміз. Өнер жолыңыздағы жетекші болған ұстаздарыңыз жайлы айтып өтсеңіз…
– Мектеп қабырғасында жүріп домбыраны да үйрене бастадым. Бір күні бүкіл мектепті шулатып өлең айтып отырған жерімнен Алданыш деген ағайым қолымнан жетелеп, ауылдағы мәдениет үйіне апарды. Ол жерде Қаппар Жармағанбетов деген күйші ағамыз, Бекұзақ Тәңірбергенов, Сұраған Мырзаев, Рысбек Әшімов, Мұрат Сыдықов деген өнерпаз ағаларымыз бар екен. Мені сол кісілердің ортасына қосты. Сол кезде білетінім бір-ақ терме. Сол термені арқам қозып, нақышына келтіріп орындап бердім. Содан ағаларым «мына қыздан бірдеңе шығады» деп гуілдесіп жатқанда Рысбек ағам «менің шәкіртім болады» деп шешім қабылдады. Бір қызығы, сол сәттен бастап Рысбек ағама маза бермедім. Қолымда домбырам, күнде мәдениет үйінің есігін қызметкерлерден бұрын мен ашатын болдым. Кейде ағам «саған үйрететін дымым жоқ» деп қуса да соңынан қалмайтынмын. Рысбек ағамнан біраз дүние үйрендім. Сонда да қоймай, қолымда кішкентай «романтик» магнитофонмен ел аралап кететін болдым. Кейін Бекұзақ, Сұраған ағаларым менің тілекшіме айналып, үйге өздері іздеп келетін болды.

– Алғашқы домбыра алуыңыздың да өзінше бір тарихы бар екен..
– Шешеме «домбыра алып бер» деп жылағаным есімде. Сол күні базарға қонып қалдым. Түнде фонармен іздеп әзер дегенде тауып алады. Ертеңіне домбыра мен магнитофон алып бергені бар. Зерттеушілігім сол кезден басталған екен. Ел аралап жүріп жырды таспаға басып аламын. Жаңаберген Бітімбайұлы деген жырау бар ғой. Жаңабай деген жыраудың баласы Әбілда Жаңабаев ақынның үйіне бардым. Ол ауылсовет болып жұмыс істейді. Сол кісі біраз дүние біледі дегенді естіп, барғым келді. Әжелеріме апар десем апармады. Кіп-кішкентаймын, магнитофон мен домбырам қолымда, өзім бардым. Үйіндегілер «кішкентай қыз келіп тұр» деп айтқан соң «кірсін» депті. «Неғып жүрсің?» – деді. «Мен Жаңаберген жыраудың мақамын, сазын үйренуге келдім» дедім. «ане, терме айтшы», – деді. «Қанекей, тілім сөйлеші» деген термені орындап бердім. «Бұл қыздың бойында буырқанған талант бар екен», – деген сөзі мені қамшылады. Ауылдың үлкендерін шақырды. Нұртуғанның термесін зерттеп жүрген Әлімжан Суханберлин деген кісі және біраз ақсақалдар сол үйге жиналды. Қазанға ет салып, самаурынға шай қойып, үйден екі әжемді алдырды. Әжелерім келген соң оларға ауыл ақсалдары «мұндай өнерлі қыздарың барын неге айтпай жүрсіңдер?» деп ортаға алған еді. Осылайша, алғаш рет ауылдағы үлкендердің батасын алып, өнер жолына қадам бастым.
«Жіңішке жолды дегенмен,
Ерлермен теңдес қыз тумақ.
Арқалы, текті қыз едім,
Арманым асыл сөз қумақ.
Қыз бала үшін өнердің,
Жолы да ауыр, қатал тым,
Сонда да болса қаймықпай,
Көтердім жүгін атанның», – деп жазған арнауым бар.
– Дәстүрлі өнерде тек Сыр бойының ғана емес, өзге өңірдің де мақамымен ән орындайтын боларсыз?
– Өз репертуарыма Арқа, Жетісу, Маңғыстаудың әндерін қосқанмын. Өнерде шекара болмайды. Түбіміз қазақ болған соң қай өңірге барсам, сол жердің әуені мен мақамына салып, сазы мен нақышына келтіріп орындаймын.
– Тек дәстүрлі әнші ғана емес, ғылым жолында да өз орныңыз бар. Бойыңыздағы өнердің қайнар бұлағының бастауы қасиетті Арал топырағынан дарығанын білеміз. Тек талант қана тас жармайды, маңдай тер мен еселі еңбектің де шарапаты тиген болар?
– Ғылым жолында да біршама із қалдырдым. Өз мүмкіндігім, ізденісім, көзқарасыммен маған дейінгі үлкен ғалымдардың еңбектерін оқып, ерекше жаңалық ашсам деп ойлайтынмын. Негізгі тақырыбым туған жерім, Арал мен Қазалы өңірінің жыраулық дәстүрі, тарихы, жыраулық өнердің дамуы, зерттелуі болды. Нұртуған жырау өмір сүргенге дейінгі ақын-жыраулар мен Нұртуған тәрбиелеген шәкірттер өнерінің біздің шәкірттерімізге үзілмей жетуі үшін тер төктім. Нұртуған мектебі қалыптастырған жыр мақамының құрылымы, аталуы жөнінде бірталай еңбек жаздым. Ғылыми жаңалығым, Арал мен Қазалының жыраулық дәстүрі музыкатану, яғни әуентану тұрғысында өнертанушы ғалымдардың арасында бұрын-соңды жазылмаған, қорғалмаған тұңғыш қолға алынған тақырыптарды ғылыми айналымға енгіздім. Әрине, ғылыми жұмыс маңдай тер, үлкен еңбектің арқасында ел кәдесіне жарайды. Талант болғанмен өнерге адал болу маңызды. Тынбай ізденген адам ғана мұратына жетеді. Әлі де болдым, толдым деуден аулақпын. Өнер де, ғылым да адамның жасына қарамай, ізденісті талап етеді. Осы тұрғыда өзімнің жерлесім, әрі жыршы, әрі ғалым Берік Жүсіптің еңбектерін өте жоғары бағалаймын, зерттеу жұмысы барысында қолданамын. Осындай өнерпаздар, ғалымдар көбірек шықса деген тілегім бар.
– Сіз жайлы күй шыққанын білеміз. Тіпті Ұлықбек Бекұзақұлы жыр арнапты.
– Иә, бірнеше күй шықты. Бақытжан Дүйсенғазиевтің «Елмұра», Нұрханым шәкіртімнің «Жыр-керуен», Әбдісаттар Оспановтың «Жырау қыз» күйлері маған арналған. Ал Ұлықбек Бекұзақұлының жыры ұнады. Керемет жазылған.
Өнерден бұйырған соң кемел бағың,
Алашқа ән-жырыңды сен арнадың.
Аралдан әуелеген аққу әуен,
Төрінде қалықтап тұр Елорданың.
Білеміз баба жыры сарқылмасын,
Жасындай шәкірттерің жарқылдасын.
Ел дейтін жыр жүрегің жасар мәңгі,
Ақ тәтем, аман болсын алтын басың, – деген өлең жолдарын арнапты. Мен арнау өлеңді жылы қабылдадым.
– Өнеріңізбен талайды тамсандырып жүрсіз. Талай жерді аралап жүрсіз. Шетелдіктер қазақтың дәстүрлі өнері термені қалай қабылдады?
– Шетелдіктер өнерді өте жоғары бағалайды. Менің сөзімнің мағынасын түсінбесе де, ду қол шапалақтан олардың өнерге деген құрметін сезіндім.
– Өнеріммен көп жерді тамсандырдым,
Алматы Мәскеу, Астана,
Стамбул, Анкара Парижбен,
АҚШ-тың жеті қаласы,
Испанның Барселонасы.
Австрияның Венасы,
Еуропа, Азия,
Қазақтың байтақ даласы.
Тыңдады ұрып шапалақ, – деген арнауымда жырлағандай, ел асып, құдіретті өнердің арқасында шетелдің көп жерін аралап, қазақтың ұлттық өнерін паш еттім. Менің әуенім, мақамым, диапазоным, тынысым шетелдіктерді таңғалдыратын. Дауысым шетелде алтын қорға жазылып қалды. Кезінде Америкадан термелерімнің альбом жинағы да шықты.
– Бұрын есіміңіз Эльмира екенін білеміз. Елмұра болып өзгергеніне де 30 жыл өтті депсіз бір сұхбатыңызда. Атыңызды өзгертудің сыры неде?
– Құжат бойынша атым Эльмира, оны өзгертпедім. 1997 жылы жырау Шәмшат Төлепова апамыздың 60 жылдық мерейтойында жыраулар сайысына қатысып, бас жүлде иелендім. Ақын құрбым Елена Әбдіқалықова «осынша жырды жаттап жүрген сені Эльмира емес, Елмұра деп атаймыз» деп қолқа салды. 2027 жылы сол «Елмұра» атын арқалап келе жатқаныма 30 жыл болады екен. Айтыскер ағамыз Маханбетжан Тұрсанов мені «Әупілдек» дейтін. Өзі кішкентай болғанмен сол құстың дауысы зор екен. Айгүл Кемелбаева деген мықты жазушы «Елкен» дейтін. Оның мағынасы елдің таусылмайтын кенісің дегені екен.
– Қызыңыз Салтанат өнер жолында жүргенін білеміз.
– Талантты отбасымыз. Салтанат, Сандуғаш деген қыздарым бар. Салтанат қылқобыз бен жыр, терме айтып жүр, күй тартады. Жетіген, шаңқобыз аспабында ойнап ән салады. Режиссер, аннимациялық салада еңбек етуде. «Балапан» телеарнасындағы «Ақылды көжектер» 20 сериялы мультфильмінде суретшілік қолтаңбасы бар. Салтанат биыл қазақ ұлттық Өнер университетінің «Дәстүрлі жыр мамандығы бойынша оқып бітіргелі отыр. Жақында өзінің жеке шығармашылық кешін өткізбек.
– Жыр өнерінің саңлағына айналдыңыз. Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
– Алдағы жоспарым 55 жылдық мерейтойымда туған жерім Қызылордада, аудандарда шәкірттеріммен бірге жеке концертімді берсем деймін. Қазір дайындап жатқан біраз кітаптарым бар. Соларды жарыққа шығарсам деген жоспарым бар.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
