Жұма, 17 мамыр, 12:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

Мүлік лайықты бағалануға тиіс

10.02.2024

343 0

Осы аптаның сейсенбісінде қалалық мәслихаттың коммуналдық

шаруашылығы және қала инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Тұрғындарды сапалы және үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету маңызды мәселе. Қордаланған мәселені шешу бойынша қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңіс Файзуллаев хабарлама жасап, сауалдарға жауаптар берді.

– Қала көлемінде 826 көше бар.  Оның 165-і түнгі жарық шамдармен қамтылған. Осы көрсеткішті жақсарту мақсатында 52-і көшеге түнгі жарық шамдарды орнату үшін жоба әзірленді. Жоба құны 1,3 млрд теңгені құрайды. Қала аумағында 35 көшеге жарық бағанасын орнату үшін жоба сараптамадан өтуде. Сондай-ақ қалалық бюджеттен жарық шамдарды  күтіп ұстау мақсатында 175 млн теңге қаржы бөлінді, –деді бөлім басшысы.

Комиссия отырысына дейін депутаттар сала мамандарымен бірге, бірқатар жаңадан салынған, күрделі жөндеуден және биыл жаңартылатын электр желілері мен қосалқы станциялардың жай-күйімен танысты.  Қазіргі таңда қала аумағында электр желілері мен қосалқы станциялардың тозуы 66%-ды, оның ішінде әуе желістерінің тозуы 59%, қосалқы станциялардың тозуы 72% құрайды. Оған қоса адамдардың өздері тартып алған жарық желілерінің де жарамсыздығы өзекті болуда. Осы қордаланған мәселелерді шешу мақсатында, облыс әкімі өткен жылы Қызылорда қаласының бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін электр жүйелерін жөндеуге облыстық бюджеттен 1,6 млрд  теңге қаржы бөлсе, биылғы жылға 1,5 млрд  теңге қаралуда.

Аталған қаражатқа 2023 жылы қала аумағындағы 35 дана тозығы жеткен қосалқы станция жаңа қосалқы станцияларға ауыстырылған, 27 дана кірпіштен қаланған қосалқы станцияның ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, 31,6 шақырымды құрайтын кабель желілері ауыстырылған.

Қала аумағындағы және Шанхай, Әл-Фараби, Қорқыт ата шағын аудандарындағы электр желілері мен 22 қосалқы станцияларын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.  «Ауыл – елі бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту үшін республикалық бюджеттен 261 млн теңге бөлінді.

Комиссия отырысы барысында қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев облыс басшысының тапсырмасымен қаладағы электр энергетика саласын нығайтуға қатысты бөлініп отырған қаражаттың ауқымды екендігін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды сапалы әрі мерзімінде жүзеге асырылуы қажет екендігін атап өтті. Депутаттар ауылдық округтер мен Ягодка саяжайындағы электр желілерінің тозуы,  электрмен қамтамасыз ету мәселелерінің перспективалық жоспарларының болуы, электр тогын пайдаланудың артуына орай, электр қуатының күшін де арттыруды назарда ұстау секілді мәселелерді көтерді.

Келесі кезекте салық базасын кеңейту бағытында атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер талқыланды.

Қызылорда қалалық кірістер басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновтің сөзіне сүйенсек, 2023 жылы салықтық түсімдердің түсуі жоғары деңгейде орындалған.  Оның ішінде бір реттік түсім ретінде Қазақстан Республикасы аумағына әкелінген көлік құралдарын тіркегені үшін бюджетке 4 млрд теңгеден астам қаржы түскен.  Сонымен қатар кірістер басқармасының басшысы 2024 жылы оң нәтижеге қол жеткізу үшін атқарылуы қажетті шаралар бойынша ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, Қызылорда қаласында коммерциялық нысандардың жалпы саны мыңнан асатындықтан мүліктер құнының дұрыс бағаланбауы салдарынан жергілікті бюджетке бұл салық түрінен де қомақты соманың түспеуі орын алған. Мысал ретінде «bella vista» ғимараты салық есебі бойынша мүлік құны 10 млн теңгені көрсетіп, 54 мың теңге салық төлеуде. Шын мәнінде нарықтық құны 300 млн теңге және салық мөлшері 1,5 млн теңге болуға тиіс.  Заманауи үлгімен салынған тойханалардың бағалау құны нарықтық құнға сәйкес келмейді, тиісінше мүлік салығын аз төлейді. Осыған орай, бюджетке қомақты қаржы түсуі үшін, қаламыздың барлық көшесі мен кент, ауылдық округтерде коммерциялық объектілерге түгендеу және қайта бағалау жұмыстарын жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, жүргізу қажет болып отыр.

– Кез келген Қазақстан Республикасының азаматы салық төлеуге міндетті. Төленген салық ешкімнің қалтасына кетпейді, қорға түседі. Балаларымыздың болашағы үшін бұл міндеттен жалтаруға болмайды, – деді басқарма басшы.

Жиында облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Д.Сейтжанов салық ауыртпалығын 4%-дан 2%-ға дейін төмендетуге қолдау көрсету бойынша ұсынысты көтерді.

Қалалық мәслихат депутаты А.Төлегенова қазіргі шығарылып жатқан заманауи кассалық құрылғыларға байланысты, сондай-ақ Б.Кәрімова, Ж.Садвакасова сынды халық қалаулылары мүлікті қайта бағалауды қолданыстағы заңға сәйкес реттелу жолдарын сұраса, мәслихат төрағасы И.Құттықожаев мүлікті бағалауға қатысты заңға ішінара толықтырулар мен өзгерістер енгізу бағытында жоғары тұрған органдарға ұсыныстар беру туралы мәселе көтерді.

Марина САҒИДАТБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: