Әкешім, анашым, қос бәйтерегім! Сіздер мына жарық дүниеге біздерді әкелген қос періштесіздер. Ақ бесікте тербетіп, ақ сүтіңді емізіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай тәрбиелеп, бала арманымызды аялап, ақ бата беріп, өмір сапарына жол сілтедіңіздер. Біз сіздерге өмірбақи қарыздармыз.
Алдымен аяулы әкем Қадырбек Молдашұлы жайлы айтқаным жөн болар. Әкемнің өмір жолына көз жүгіртсек, ол кісі 1947 жылдың 2 қаңтарында дүниеге келіпті. Бес баланың кенжесі болса да, ерте есейіп, 9 сыныптан кейін (1955 ж) аудандық механизаторлар дайындайтын училищені бітіре сала еңбекке араласты.
Әзілкеш, батыл, сертіне берік, елге бауырмал, досқа адал жанның мінезі елге жайлы, ағайынға да сыйлы болған. Кейін механизаторлықтан көлік жүргізушісі болып, қай салада еңбек етсе де өзіне тапсырылған істі тап-тұйнақтай етіп орындайтын елгезектігі әкемді абырой биігіне көтерді. Совхоз басшылығы бірнеше рет аудандық, облыстық деңгейдегі марапатқа ұсынған. 1967-1969 жылдары кеңес әскерінің қатарында болса, елге оралған соң да совхоздың кезек күттірмейтін көп шаруашылығының жүгін көтерісуге атсалысты. Тынбай еңбек етіп, туған елдің өркендеуіне үлесін қосты.
Анам Баян Серәліқызы 1949 жылы дүниеге келген. Мектеп бітірген соң механизаторлар даярлайтын училищеде оқыған. Сол кездегі комсомол қыздар «Механизатор болайық!» деген ұран көтеріп, облыс жастарын елге еңбек етуге үндеген кез екен. Комсомол жастардан құралған еңбек бригадаларының республика көлемінде дүрілдеп тұрған сәті. Жастардың үндеуі ел ішінде қызу қолдауға ие болып, мектеп бітірген жастардың көпшілігі туған жердің төсін –егіске, қырын – малға толтыруға білек сыбанып кіріскен екен. Білігі мен білімінің арқасында аудандық механизаторлар байқауынан II орын иеленіп, жолдамамен әлемді аралады.
Әкем мен анам отау құрып, комсомол жастардан құрылған еңбек бригадасында 1969 жылы бірге еңбек еткен. Сол кездегі үрдіс бойынша жастардан құрылған еңбек бригадасының белсенді жастарының үйлену тойын ауыл болып тойлапты. Ауыл клубында өткен тойдың даңқы мен дақпырты аудан көлеміне тараған көрінеді. Ауылдық кеңестің төрайымы Ләззат Сәнова тапсырған неке куәлігі үйде сақтаулы. Бір дәуірдің символына айналған сол құжатты әкем мен шешемнен қалған құнды жәдігер деп білемін. Өмірдің де, өңірдің де табалдырығын қол ұстасып бірге аттаған екі жастың ертеңге деген сенімі бізге үлгі болғандай.
Ауыл адамдарының айтуынша, сол жылдарда ауылдық мәдениет үйінде апта сайын қызық кино мен концерт өтіп жатады екен. «Қыз Жібек» көркем фильмінің әсерімен ауыл жастары 1972 жылы ауыл клубында «Еңлік-Кебек» спектаклін сахналаған. Менің әкем Қадырбек Есет батырдың рөлін сомдапты. Спектакльге қажет дүниені ауыл жастары өздері жасап алыпты. Киімдерді қыз-келіншектер пішіп-тіксе, қару-жарақты жігіттер ағаштан ойып жасапты. Елдің зор ықыласына бөленген сол өнер туындысын әлі күнге елдегілер аңыз қып айтады. Ауыл театры содан кейін де екі-үш спектакль қойып, небір көркем туындыны ауыл тұрғындарының өздері де көрсете алатындығына елді де, өздерін де сендірген екен.
Осылайша жыл артынан жыл өтіп, күндер керемет болып басталып келе жатқанда біздің үйдің шаңырағы шайқалып, асқар тау әкемізден қапыда айырылып қалыппыз. 1974 жылдың 25 қыркүйегінде комбайнның бункеріндегі түйілген дәнді түсіремін деп аяғымен нығарлап жатқан әкем ойда жоқта опат болды. Көнекөз қариялардың айтуынша, бүкіл ел күңіреніпті. Ол кезде Гүлтай, Мейрамбек үшеуміз ғана бармыз. Мейрамкүл әкем қайтқанда анасының құрсағында екен. Тағдырдың тауқыметіне анамыз сынбады, ауыртпалықты қайыспай көтере білді. Бізді ер жеткізді, қатарымыздан кем қылмады. Өзі де еңбектен қол үзген жоқ.
1978 жылы сауынбазға көштік. Мен 1-ші сыныпқа бардым. Тағдырдың анама артқан ауыртпалығы мұнымен бітпеген екен. 1988 жылы ұлы Мейрамбек өмірден өтті. Жалғыз ұлының қазасы анамның жүзіндегі мұң мен әжімді көбейтіп кеткендей болды. Иығына түскен жүкті қара нардай көтере білген анам бізді болашақтың кемесіне мінгізіп кетті. Озат сауыншы атанып, облыстық кеңеске депутат болды. Үш қызынан 12 немере мен 6 шөбере сүйді. 2021 жылдың 5-ші тамызы күні мәңгілік сапарға аттанды.
Анам бізді ешкімнен кем қылмай өсірді. Оның үйреткен тәлім-тәрбиесі біздің мәңгілік қағидамызға айналды. Әкем де, анам да өзінің ортасына сыйлы, кең жүректі адам еді. «Жақсы әке балаға қырық жыл азық болады» дейді атам қазақ. Ата-анамыздың абыройы жүрегімізге сенім ұялатты. Қатарымыздан қалмауға ұмтылып, елдің қажетіне жарасақ деген ойды бір сәтке де санадан шығарған емеспіз. Молдаш көкеміз өле-өлгенше бауырларымды маған тапсырып кетті. Қамқор болуымды сұрады. Атаның да, әкенің де аманатына қиянат жасамадым.
Әкем қайтқан соң біз нағашыларымыздың ортасына бардық. Мақсұт, Қайырбек, Жалғасбай ағалармен көрші тұрдық. Анамды асыраған Құлмамбет атамыздың кемпірін әже деп өстік. Ол кісі бізді ерекше жақсы көретін. Мейірімге толы жанары, жылы сөзі есімде қалыпты. «Шешелеріңді ренжітпеңдер» деп бізге ақылын айтып отыратын.
«Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген сөз бар. Бұл күні өздері де ақсақалға айналған әкемнің құрдастарын көргенде жанарыма еріксіз жас келетінін жасырмаймын. Қазір өзіміз де ата-ана атанып, немере иіскеп отырсақ та, әкеге деген сағынышымды баса алар емеспін. Небәрі 27 жасында дүние салған әкемнің бейнесі мәңгіге санамда сақталып қалған екен. Ойлап отырсам, қайтыс болғанына биыл 50 жыл болыпты.
Адалдық пен әділдікті ту еткен әкем мен анамның мәрт мінезі, үлгі-өнегесі, ақыл-кеңесі бізге өмірдегі өз жолымызды адаспай табуға көмектесті. Қиналған сәтте жұбаныш, адасқанда жол сілтейтін бағдаршамымызға айналды. Өмірде бір нәрсеге қол жеткізсек, әкеден дарыған мінез бен сабырға, анадан дарыған мейірім мен шуаққа балаймын. Әке дегеніңіз шынымен де асқар тау болса, ана жағасындағы мөлдір бұлақ екен ғой. Асқар тау әкем мен анамның бейнесі әрдайым жүрегімде.
Гүлжан МОЛДАШОВА
Есімі жадымыздан өшпейді
(Баян апаға)
Көгенде ойнақтаған қозы-лағы,
Қарты бар кеудесі алтын, қазыналы.
Бір дәуір дөңгеленіп өтіп кетті,
Бұйыртса әлі дастан жазылады.
Замана өзгергенмен құбылмалы,
Ертекке айналады мұның бәрі.
Ел үшін терін төккен ерлер өтті,
Ер үшін ел де көзін сығымдады.
Қадырбек ағам еді танып кеткен,
Өзегін бүкіл елдің қарып кеткен.
Мерейін туған елдің асырам деп,
Қырманда қызыл өрттей жанып кеткен.
Жетелеп аға үмітін, үйдің жайын,
Жегілдің шаруаға демде қайым.
Үш қызың үш ошақтың отын жақты,
Тілегің қабыл болып елге лайым.
Батыры атандың да заманының,
Бақ пенен берекені тағаладың.
Еңбегің елге берген ұмытылмас,
Абырой аллеясын араладың.
Ұрпағың үшін қайта түледің де,
Тағдырдың табы қалды білегіңде.
Есімің жадымыздан өшпейді енді,
Елің мен ағайынның жүрегінде.
Бектемір Әбекенов
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!