Құрылтай

Жұма, 14 тамыз, 15:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№60 (2272)
11.08.2026
PDF мұрағаты

Смартфонға иілген омыртқа

25.07.2026

209 0

Суреттер ашық дереккөзден алынды

Смартфонның зияны туралы бұған дейін де жазылып, айтылып та жүр.  Алтын уақытты да өзіне байлаған құрылғыдан бас тартып жатқан жан жоқ, тіпті онсыз күні қараң десек артық айтқандық емес. Әлеуметтік желілердегі қызылды-жасылды дүниені қызықтау үшін смартфоннан бас көтермейтін буын дәл қазір оның зияны туралы ойлана да бермейді.

2024 жылы Оксфорд сөздігі ««Brain rot» тіркесін жыл сөзі деп атады. Мұны қазақша «мидың шіруі» деп аударып жүр. Қазақта балалардың ұмытшақтығына ренжігенде үлкендер «миың ағып кетті ме?» «миғұла» деп ұрсатын. Ағылшын сөзінің негізгі мәні де осы болса керек. Әлеуметтік желілердегі қысқа видеоны саусағымен жылдам айналдырудан жалықпайтын жасөспірімдердің есте сақтау қабілеті әлсірегені айтылып жүр.

Цифрлық дәуірдегі смартфонға тәуелділіктің салдары туралы зерттеулер аз емес. Жақында «Қазақпарат» ақпараттық агенттігі қысқа видеолардың әсері туралы мынадай деректерді келтіріпті: «Қысқа форматтағы бейнесабақтарды көрген студенттердің ақпараттың шамамен 40 пайызын ғана есте сақтағаны анықталса, ұзақ әрі терең түсіндірілетін видеоларды көргендер 65 пайызға дейін меңгерген. Бұл қысқа контенттің ақпаратты тез қабылдатқанымен, ұзақ мерзімді есте сақтау­ға әрдайым тиімді еместігін көрсетеді.Сарапшылардың пікі­рінше, басты мәселе – ақпаратты ой сүзгісінен өткізбей тұтынуда. Осы құбылысты сипаттау үшін бүгінде «клиптік ойлау» ұғымы жиі қолданылады».

Смартфонның пайдасымен қатар зияны да орасан екенін түсінген елдер балаларды жаңа технологиялан шектеу шара­ларын қабылдауда. Ресми дереккөзіне сүйенсек, мәселен, Жапонияның кейбір провинцияларында жасөспірімдерге кешкі сағат 21-00-ден кейін самартфон ұстауға тыйым салыныпты. Тіпті Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ-та балаларды смартфонға тәуелділіктен емдейтін орталықтар ашылған. Әлем смартфонның зияны туралы дабыл қағып жатқаны жайлы жазған «Егемен Қазақстан» газеті шетелдік ғалымдардың смартфонға зияны туралы пікірін жариялаған екен Оқып көрелік: «ДДС ұйымының дерегіне сүйенсек, жылына 5 млн бала телефонның кері әсерінен зардап шегеді. Сондай-ақ ДДСҰ қазір үлкендердің 23, жеткіншектердің 80 пайызы өз өмірін смартфонсыз елестете алмайды. Еліміздегі хирург-офтальмолог Снежана Панченко смартфонды көп пайдаланған баланың ми қабатының қызметі бұзылады десе, аустриялық ғалымдар гаджеттердің кесірінен баланың басына тағы бір қосымша сүйек өсіп шығатынын анықтаған. Швед ғалымы Леннарт Харделл өсіп келе жатқан бала ағзасында зат алмасу үдерісі үздіксіз жүретіндіктен магниттік сәуленің кесірі мидың қызметін тежеп, дене қозғалысын шамадан тыс шектеп, сондай-ақ көз жанарының әлсіреуіне әкелетінін айтқан. Ал британ әлеуметтанушысы Энтони Гидденс «Бұрын қоғам нашақорлар мен мас­күнемдерден мезі болатынын айта келіп, болашақта смартфонның зияны бұл екеуінен де асып түсерін адамзат әлі сезінбейтінін алға тартады».

Ал Қызылорда облыстық психоло­гиялық қолдау орталығының бөлім меңгерушісі, жасөспірімдер мен ересек­тер психологы Раушан Серікқызы смартфонды, сондай-ақ әлеуметтік желі­ні шектен тыс пайдалану адам пси­хологиясына кері әсер ететінін айтады. Әсіресе жастар мен жасөспірімдер көп зардап шегеді.

Смартфонға иілген омыртқа

– Бүгінде смартфон тек байланыс құралы емес, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ол ақпарат алуға, білім жетілдіруге, жұмыс істеуге және қарым-қатынас ор­на­туға мүмкіндік бе­реді. Алайда оны шама­дан тыс пайдалану адам­ның психологиялық жағ­дайына кері әсер етуі мүмкін.

Ең алдымен, смарт­фонға тәуелділік адамның зейінін төмендетеді. Сағат сайын келетін хабарлама, әлеуметтік желідегі ақпараттар ағыны миға тыныштық бермей, адамның бір іске зейін қоюына кедергі келтіреді. Сонымен қатар экран алдында ұзақ отыру ұйқының бұзылуына, эмо­ционалды қажуға әкелуі мүмкін. Мұндай адамдар үнемі шаршап жүреді.

Әлеуметтік желілерді шектен тыс пайдалану өзін өзгелермен салыстыруға, өзіне деген сенім­нің төмендеуіне, мазасыздық пен күйзелістің артуына себеп болады. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің психикасы мұндай әсерлерге өте се­зімтал келеді. Олар вир­туалды әлемдегі мақұлдау мен бағалауға тәуелді болып, шынайы қарым-қатынастан алшақтай бастауы мүмкін.

Дегенмен мәселе смартфонда емес, оны пайдалану мәдение­тінде. Смартфонды мақсатты әрі сана­лы қолдану – психо­логиялық саулықты сақтаудың маңызды шарты. Ол үшін экран алдында өткі­зетін уақытты бақы­лау, әлеуметтік желі­ден үзіліс жасау, от­басы мүшелерімен және достармен бетпе-бет қарым-қатынасты көбейту, кітап оқу, спорт­пен айналысу және та­биғат аясында көбірек уа­қыт өткізу пайдалы.

Психолог ретінде айта­рым, технология адамға қызмет етуі керек, ал адам технологияның тұт­қынына айналмауы тиіс. Цифрлық әлем мен шынайы өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау – психо­логиялық денсаулықтың маңызды кепілі, – дейді Раушан Серікқызы.

Қазақстанда жасөспірімдерді әлеуметтік желіге тіркелу­ден шектеуді заңмен бекіту мәселесі депутаттар тарапынан бірнеше мәрте көтерілді. Бүгінде заң дайындалуда. Бұл туралы биылғы мамыр айында Мәдениет және ақпарат вице-министрі  Евгений Кочетов мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, кәмелетке толмағандардың интернеттегі белсенділігіне қатысты заң жобаларының арнайы пакеті әзірленген. Құжатта балалардың онлайн-платформаларға қолжетімділігін шектеуге арналған нормалар қамтылған.

– Заң жобаларының пакетін әзірледік. Оның ішінде балалардың онлайн-платформаларға қолжетімділігін шектеу нормалары бар. Соның бірі – 16 жасқа дейінгі балалардың тіркелуін шектеу. Алайда нақты тетіктері әлі айқындалған жоқ. Қазір бұл бастама Үкіметте қаралып жатыр. Кейін жаңа Парламент алаңында және Құрылтайда талқыланады. Біз бұл норманың қажет екеніне сенімдіміз. Мұндай тәжірибені тек Қазақстан емес, көптеген дамыған елдер де қолдайды, – деді вице-министр.

Айта кетелік, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мәліметінше, 2023 жылы жасөспірімдерді әлеуметтік желіден шектеу бастамасын бір ғана мемлекет көтерсе, биылғы жылдың сәуірінде олардың саны 25-ке жеткен.

Жаңа технологияны мөлшерімен пайдалану әр адамның саналы шешіміне байланысты. Бүгінде смартфонның зиянын түсінген кейбір ата-аналар арнайы бағдарлама арқылы балалардың  телефонды пайдалану уақытын шектеп жүр. Қала тұрғыны Эльмира Маусымбаева таңертеңнен кеш­ке дейін жұмыста болғандықтан, балаларын қадаға­лау оңай емес екенін айта келіп, смартфонды бір сағат ғана пайдалануға рұқсат беретінін айтты.

– Жұмысқа ерте кетіп, кеш келетіндіктен балаларды қадағалай алмаймын. Телефонды тек байланыс құралы ретінде пайдаланамыз. Мен жұмысқа кеткенде балалардың смарт­фоннан бас көтермейтінін байқаған соң, «Ата-ана бақылауы (Parental Control) қосымшасын жүктеп алып, шектеу қойдым. Жұмыстан келген соң бір сағат ғана пайдалануға рұқсат беремін. Қазір балаларым бұрынғыдай смартфонға тәуелді емес. Үй шаруасына көмектеседі, сабақ үлгерімі де жақсарды, мінез-құлқы да жақсы жағынан өзгерді. Меніңше, әрбір ата-ана бала болашағы үшін осындай шешім қабылдау керек, – дейді ол.

Смартфонның омыртқаға зияны туралы ақпарат кім-кімді де бейжай қалдырмайтыны анық. Смартфонға тәуелділік ми қыз­метінің бұзылысы, көздің көру қабілетінің нашарлауына әсер етумен қатар омыртқаны да «мүжиді» екен.

Белгілі ортопед-хирург және Нью-Йорктегі Омыртқа хирур­гиясы және оңалту медицинасы  орталығының Омыртқа хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Кеннет Хансраж смартфонды қарау үшін адамның мойын омырт­қасына түсетін салмақты есептеп шығарған. Оның «Text Neck» атты биомеханикалық зерттеуі  «Surgical Technology International» халықаралық жур­налына жарияланған.

Дәрігердің айтуынша әлемде мил­лиардтаған адам смартфонды пайдаланған кезде денсаулығына зақым келеді деп ойламайды. Сол себепті ол арнайы зерттеу жүргізіп, омыртқаға түсетін салмақты есеп­теген. Мұндағы мақсат –  бас еңкейген кезде мойын омыртқасына түсетін салмақты анықтау. Дәрігер зерттеу мақаласында: «Адамдар күніне орта есеппен алғанда 2-4 сағат гаджетке үңіледі. Сонда бір жылда адамның мойын омыртқасына 700-1400 сағатқа дейін күш түседі екен. Ал жасөспірімдер мен жастардың смарт­фонға көбірек үңілетінін ес­кер­сек, олар жылы­на 5000 сағат телефонға тел­міреді». Дәрігер әрі қарай мойын омыртқаға түсетін жүк салмағын есептейді. Оның есептеуінше, адам күнделікті басты тік ұстап жүргеннің өзінде мойнына 4,5 кг салмақ түседі. Ал смартфонға үңіліп, басты 60 градусқа дейін еңкейткен кезде мойын омыртқасына түсетін салмақ бірнеше есеге артады, яғни 20-25 келіге жетеді. Бір айта кетерлігі, мұның зардабы дәл қазір білінбегенмен, уақыт өте келе омыртқа ауруы пайда болады.

Шынында, кейінгі кезде омыртқа ауруымен шағымда­натындар көбейген. Кәрі де, жас та омыртқасы ауыратынын айтып, ем іздеп жүр.

Жоғары санатты дәрігер-нейрохирург, көпбейінді об­лыс­тық ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінің мең­герушісі Алмас Абдукаликов омыртқа ауруының жасарып бара жатқанын айтады.

Смартфонға иілген омыртқа

– Бұл – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Смартфон­ды ұзақ уақыт еңкейіп пайдалану мойын омыртқасына түсетін жүктемені бірнеше есе арттырады. Адам басының салмағы орта есеппен 4-6 келі болса, басты 45-60 градусқа еңкейткен кезде мойын омыртқасына түсетін күш 20-25 келіге дейін жетуі мүмкін. Мұндай қалып күн сайын қайталанса, омыртқаара­лық дискілердің тозуына, бұлшықеттердің шамадан тыс ширығуына және созылмалы ауырсынуға әкеледі. Ең жиі кездесетін белгілер – мойынның сыздап ауыруы, иық пен жауырынның тартылуы, бас ауруы, қолдың ұюы немесе шаншуы. Кейбір адамдарда бас айналу, тез шаршау, қозғалыс кезінде мойынның сықырлауы байқалады. Мұндай белгілерге мән бермей жүре беру кейін күрделі омыртқа ауруларына себеп болуы мүмкін. Соңғы жылдары мойын омыртқасына қатысты шағымдар тек егде жастағы адамдарда ғана емес, мектеп оқушылары мен студенттер арасында да жиілеп келеді. Оның басты себебі – смартфон, планшет және компьютер алдында ұзақ отыру. Дұрыс дене қалпын сақтамау омыртқаның табиғи иілімдерінің өзгеруіне әсер етеді. Ең алдымен телефонды көз деңгейіне жақын ұстап пайдалануға тырысу керек. Ұзақ уақыт бойы бір қалыпта отырмаған дұрыс. Әр 20-30 минут сайын үзіліс жасап, мойын мен иыққа жеңіл жаттығулар орындау қажет. Сонымен қатар күнделікті дене белсенділігімен айналысу, арқа және мойын бұлшықеттерін нығайту да өте маңызды. Егер ауырсыну бірнеше күн бойы басылмаса немесе қолдың ұюы, әлсіздігі байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралған жөн. Өз бетінше ем қабылдау немесе ауырсынуды басатын дәрілерді ұзақ қолдану мәселені шешпейді. Уақытылы тексерілу арқылы аурудың ал­дын алып, тиімді ем жүргізуге бола­ды. Заманауи тех­нологиядан толық бас тарту мүмкін емес. Бірақ оны дұ­рыс пайдалану – өз қолымызда. Смарт­­фонды мөл­шер­мен қолдану, дұрыс дене қалпын сақтау, қозғалысты көбейту және профи­лактикалық тек­серу­лерден уақытылы өтіп тұру омыртқа саулығын ұзақ жылдар сақтауға көмектеседі. Денсаулық­қа бүгіннен бастап көңіл бөлсек, ертеңгі күрде­лі мәселелердің алдын аламыз, – дейді дәрігер.

Гүлмира МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: