Тамыз айының бірінші жексенбісі – көлік қызметкерлері күні. Бұл мереке 1998 жылы ел Президентінің Жарлығымен бекітіліп, еліміздің кәсіби мерекелерінің тізбесіне енді. Мереке қарсаңында Сыр өңірінде ғасырдан астам уақыт бұрын іргетасы қаланып, теміржол саласының қарқынды дамуына айтулы үлес қосып келе жатқан «Қазақстан Теміржолы – Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қызылорда бөлімшесі туралы жазғанды жөн көрдік. Бұл ел әлеуетін көтеретін сала ғана емес, тарихы терең, кейінгі буынға үлгі болар тынымсыз еңбекке толы мекеме.
– Бір кездері мүлгіп жатқан сайын далаға жан бітірген шойын жол өзінің 120 жылдық белесінде ел экономикасының өн бойына қан жүгірткен күретамырға айналды. Бүгінде ғасырдан астам тарихы бар Қызылорда локомотив пайдалану депосының мұражайында осы тарихи оқиғаларды бейнелейтін суреттер мен құнды жәдігерлер көздің қарашығындай сақтаулы тұр. 1976 жылы депоның 70 жылдығы қарсаңында ашылған мұражай жыл өткен сайын жаңа экспонаттармен толықтырылып келеді. Көненің көзі – алып паровоз бен ҰОС ардагерлеріне арналған аспан асты мұражайына депо ауласынан орын берілген. Қызылорда жүк тасымалы бөлімшесі – Сырдың бойына Орынбор-Ташкент теміржолы пайдалануға берілген 1904 жылы іргесі қаланып, содан бері түрлі құрылымдық өзгерістерден өтіп, «Қазақстан Темір жолы» компаниясы бойынша әрдайым алдыңғы қатарда жұмыс істеп келе жатқан ғасырдан аса тарихы бар мекеме. Бұл ретте теміржолшылар тыныс-тіршілігі қалайша өрбіді, қандай атпал азаматтар осы салаға саналы ғұмырын арнады деген сұрақ туындауы заңды. Тарқатып айтар болсақ, Сырдария өзенін жағалай салынған Орынбор-Ташкент теміржолы арқылы қазақ даласына серпін беріп, тек Қызылорда облысының ғана емес, бүкіл аймақтың өсіп-өркендеп, дамуына жол ашты. Теміржол өлкеге өркениет лебі мен жаңа экономикалық қатынастар ала келді, – дейді «Қазақстан Темір жолы – жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалы Қызылорда бөлімшесінің директоры Батырхан Базарбаев.
Теміржол саласының тарихында ерен еңбегімен қолтаңбасы қалған азаматтар аз емес. Саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып, еңбек еткендердің есімі ұмытылған емес. Атап айтқанда, Көпжан Мұхамеджанов, Жавдат Хамидов, Орынбай Жанәділов, Құдайберген Көпжасаров, Лепес Жаниязов, Бекболат Абылбеков, Аралбай Дүйсенов, Ермекбай Ерманов бастаған ардақты азаматтар осы саланы терең меңгеруге үлкен үлес қосты. Сондай-ақ Курпенов, Бадрақов, Жұмағұлов, Байсағұлов, Ерманов, Қалмағанбетов бастаған теміржолшылар династиясы қалыптасты. Еңбек жолын слесарь болудан бастаған Оразбай Әбішов сол кездегі өлшем бойынша ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, Социалисттік Еңбек Ері атанса, Алпысбай Опалхожаев, Серғазы Бержанов, Қали Есмағамбетов, Александр Тимошин және басқа азаматтар «Құрметті теміржолшы» атанды. Осындай ардақты жандардың жолын бүгінгі жас буын лайықты түрде жалғастырып, машинистер, вагон қараушылар, тасымалды ұйымдастырушылар, белгі берушілер және электрмен жабықтаушылар деген сияқты бірнеше мамандық иелері, ел экономикасын дамыту жолында ерен еңбек етіп келеді.
– Қызылорда жол бөлімшесінің қызметіне бірқатар міндеттер кіреді. Тасымалданатын жүктердің сақталуын және олардың уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ету, жүк пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен тасымалдау қызметін басқару міндеті бар. Қызылорда бөлімшесінің облыс аумағында орналасқан үш түйіспесі бар. Олар: Шымкент жол бөлімшесімен – Түркістан станциясына дейін, Ақтөбе жол бөлімшесімен – Сексеуіл станциясына дейін, Қарағанды жол бөлімшесімен – Қоскөл станциясына дейін. Бөлімше құрамына 67 бөлек пункттер кіреді, – дейді бөлімше директоры.
Тарихы терең мекемеде уақыт талабына сай қызмет етуде жаңалықтар аз емес.
– Жүк құрамаларының телімдерден кідіріссіз өтуі үшін бөлімшедегі бірнеше бекеттердегі станциялық жолдар ұзартылды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның ұйымдастыруымен теміржол саласында бірнеше игі бастамалар қолға алынды. Статистикалық вагон жүктемесі, жүк вагондарының айналымы, жергілікті вагондар айналымы, учаскелік жылдамдық, техникалық жылдамдық сияқты көрсеткіштермен жоспардан асыра орындалуда. Мұның барлығы аймақтағы темір жол мекемелері ұжымының біліктілігі мен сол ұжымдарда жұмыс істеп жүрген 10 мыңға жуық теміржолшылардың белсенділігі, олардың кәсіби міндетін жүрекпен сезініп, жауапкершілік жүгін мойымай көтере білгенінің нәтижесі деп білеміз. Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы – жүк тасымалы» ЖШС – ЖТ «Қызылорда бөлімшесі» филиалында 2180 қызметкер жұмыс атқарады. Оның құрамында Қызылорда локомотив пайдалану депосы, Сексеуіл локомотив пайдалану депосы, Қазалы вагон пайдалану депосы бар, – дейді Батырхан Базарбаев.
Айта кетейік, теміржолшыларды ынталандыру мақсатында мекеме тарапынан қолдау аз емес. Мәселен, жыл сайын 200-ден астам қызметкерлерге еліміздегі шипажайларға демалыс орнына жолдама беріледі екен.
– «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының марапаты 45 кызметкерге табысталды. Құрметті теміржолшы белгісімен 2 адам, «Адал еңбегі үшін» белгісімен – 2, «Кәсіби бойынша үздік» – 2, «Үздік маман» – 2, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының Құрмет грамотасымен – 18, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Басқарма төрағасының Алғыс хатымен 17 адам марапатталды. «Қазақстан темір жолы – жүк тасымалдары» ЖШС Басқарма Төрағасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатымен марапатталған қызмектерлеріміз бар. «Қазақстан темір жолы – жүк тасымалдары» ЖШС филиалы директорының құрмет грамотасымен 25 қызметкер марапатталды. Мамандықтың қайсысы болсын, үлкен жауапкершілік пен ынта болмаса, бәрі бекер. Әр мамандық елдің, мемлекеттің өркендеуіне, дамуына тікелей үлес қосып, экономиканың тұрақтылығына әсер етеді. Сондай үлкен маңызға ие мамандықтың бірі – теміржолшы. Осы абыройлы мамандықтың туын биік ұстап келе жатқан жерлестеріміз жетерлік. Олардың адал еңбегі қай кезде де елеусіз қалмайды. Қызығы мен қиындығы басым саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға халықтың да алғысы шексіз, – дейді «Қазақстан Темір жолы – жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалы Қызылорда бөлімшесінің директоры Батырхан Базарбаев.
София Хайруллақызы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!