Құрылтай

Сенбі, 18 шiлде, 01:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№53 (2265)
18.07.2026
PDF мұрағаты

Жаңа сайлау жүйесі: Негізгі өзгерістер қандай?

18.07.2026

37 0

Қазақстанда алдағы Құрылтай депутаттарының сайлауы жаңа Конституция негізінде өтеді. Бұл сайлау бірқатар ерекшелігімен дараланады. Ең басты өзгеріс – сайлау жүйесінің толықтай пропорционалды үлгіге көшуі. Бұған дейін Парламент депутаттары аралас – пропорционалды-мажоритарлық жүйе бойынша сайланса, ендігі жерде сайлаушылар тек саяси партияларға дауыс береді. Ал Құрылтай құрамына партиялардың съезінде бекітілген кандидаттар ғана өте алады. Мамандардың пікірінше, бұл жүйе сайлау процесінің ашықтығын арттырып, заң бұзушылықтың алдын алуға және заң шығару жұмысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Құрылтай депутаттарының сайлауын ұйым­дастыру мен өткізуге Үкімет резервінен 34,3 млрд теңге бөлінді. Орталық сайлау ко­миссиясының мәлі­метінше, қаражаттың негізгі бөлігі, яңғи 8,5 млрд теңге ел бойынша қызмет атқаратын 70 мыңнан астам сайлау комиссиясы мүшесінің еңбекақысын төлеуге бағытталған.

Биыл республика көлемінде 10674 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сонымен қатар 47 жаңа учаске ашылады. Бөлінген қаржы есебінен сайлау бюллетеньдері, ақпараттық плакаттар, әдістемелік материалдар әзірленіп, сайлау ко­миссия­лары қажетті байланыс, көлік және тех­никалық құралдармен қамтамасыз етіледі.

Айта кетейік, алдағы сайлауда елі­міз­дегі жеті саяси партиядан барлығы 546 кандидат ұсынылған.

Қызылорда облысында да сайлауға дайындық жүйелі жүргізілуде. Биыл өңірде 9 жаңа сайлау учаскесі ашылады. Оның жетеуі Қызылорда қаласында, біреуі Қазалы ауданында, тағы біреуі Шиелі ауданында орналасады. Жалпы облыс бойынша 386 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Бұл учаскелерде 2720 сайлау комиссиясының мүшесі қызмет атқарады. Күнтізбелік жоспарға сәйкес, барлық учаске өз жұмысын 2 тамыздан бастайды. Қазіргі таңда өңірде 500 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Сайлаушылар тізімі нақтылануда. Ал 7 тамыздан бастап азаматтар өздерінің сайлау учаскелерінен есептен шығару куәлігін ала алады. Бұл құжат әр сайлаушыға бір рет қана беріледі.

– Сайлау комиссияларының кәсіби дайындығына да ерекше көңіл бөлінуде. Алдымен аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігі арттырылып, тестілеу өткізіледі. Кейін, яғни 2 тамыздан бастап қала мен аудандардағы учаскелік комиссия мүшелеріне арналған негізгі оқыту кезеңі басталады. Жалпы Қызылорда облысында 1355 комиссия мүшесі арнайы оқытудан өтеді. Оның ішінде 140-ы – алғаш рет қызметке кіріскен жаңа мүшелер, – деді Қызылорда облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Абай Тағыберген.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: