Жексенбі, 08 желтоқсан, 14:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Жаңашыл ауыл

08.06.2024

751 0

Сурет:Айша Өмірзақ

Қаланың батысына қарай темір тұлпардың жүгенін еркіне жібердік те, «Қызылөзек, қайдасың?» деп тартып отырдық. Үш ауылдың астанасы атанған Қараөзекке табан тіреймін дегенше, тақтайдай тегіс асфальт сырғытып әкетіп барады. Ұланғайыр атыраптың ұшы-қиыры көрінбейді… Темір жолды жағалай отырып, межелі жерге де жеттік… Үш жарым мыңға тарта халқы бар ауылдық округке осыдан бес жыл бұрын ат басын бұрғанмын. Өзгеріс көп. Оны бір ғана жолдың өзі айтып тұрғандай…


Жаңарған желі өзекті еді… Кеңестік кезеңде құрылған электр желісі әбден көнерген. Тозығы жеткен тоқтың ауа райының өзгерісіне қарай түрлі мәселелер шығаратыны анық. Еліміздің басым бөлігінде осындай түйткіл бар. Бюджеттің бүйірін түртіп, қомақты қаражат қажет ететін бұл жұмысқа Қызылөзекте 1 млрд 192 млн теңгенің жобасы қолға алынған. Ауыл әкімі Сәкен Әбдіжаппар елдегі бұл бағыттағы жұмыстың қарқынды екенін алға тартты.
– Көп нәрсе істегің келеді… Бірақ қаражаттың болмауы қол байлайтыны бар ғой, – деді алысқа көз тастаған Сәкен Нысанұлы. – Электр желісінің жаңаруына бөлінген қаржы қомақты. Қазір алғашқы 85,216 млн теңге бөлініп, бағаналар орнатыла бастады. Мәселе ең өзекті болған соң, тұрғындар қуанышын жасырмады. Өткен жылы 6,067 млн теңге қаражатқа әзірленген жоба-сметалық құжаттары бойынша жобаның жалпы құны – 1 млрд 192 млн теңге. Алдағы уақытта республикалық және облыстық бюджеттерден қалған қаржысын бөлу мәселесі қарастырылмақ.
Көптен күткен мәселенің шешімін тауып жатқанына қуанған ауыл әкімі өткен жылдың да елдегі түйіндерді тарқатуға көп күш жұмсалғанын айтты. Мәселен, 344,8 млн теңгеге жол жөндеу, жарықтандыру, абаттандыру, балалар ойын алаңының құрылысы, инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 2024-2025 жылдарға өтпелі кезеңмен 1 млрд 655 млн теңгені құрайтын жобаларды жүргізу жоспарлануда.
– Жол мәселесі дегенде көп ауылдан байқайсыз, ауылдың орталығын әдемілей береді де, шеткі бөліктері қараусыз қалады. Бізде керісінше, осы шет бөліктердегі халықты ұмытпай, олар да игілікті көру керек деген ұстанымдамыз. Құны 452,114 млн теңге болатын ұзындығы 3,2 шақырым 3 көшеге жол құрылысы басталуда. Бұл жұмысты бастауға бастапқы 134 млн теңге бөлінді. Бұл көшелердің қатарында А.Құнанбаев, Қараөзек бекеті-4 көшелері, М.Жабағыұлы тұйығы бар. Сонымен қатар құны 4,866 млн теңгеге 1 көшеге А.Құнанбаев көшесіне түнгі жарық шамдары орнатылады. Осы ретте елді мекендегі көшелердің түнгі жарық бағаналарын күтіп ұстау жұмыстарына 20 млн 417 мың теңге қаражат қаралған. Түсіне білгенге, жұмысты үйлестіре білгенге бұл аз қаражат емес, – дейді ауыл әкімі.
Расымен, ауыл сыртындағы жүйесіз орналасқан үйлердің алдына дейін асфальт барып, халық бір жасап қалатын болды. Оны көзбен көріп, көңілге түйдік. Күннің аптап ыстығына қарамай, жолшы жігіттер шанқай түсте де жұмыстарына қызу кіріскен.
Ауыл әкімінің қызметтік көлігімен елді мекеннің шеткі бөліктерін аралауға кірістік.
– Мына жерге бұған дейін көлік кіре алмайтын. Ондай күндер де өтті. Тек өткеннің бір белгісіндей болып қалды. Қанша қиналдық. Ауыл техникаларының батып қалып жататын кезі аз болған жоқ. Арғын деген көшеміз осы, інім, – деді сөз басында бұл көшеге тас төселуін көп күткенін айтқан Сәкен Нысанұлы.
Бұйыртса, осы көшеден 5 млн теңгеге балалар ойын алаңы салынады деп жоспарлануда. Оған арнайылап жер де қарастырып қойыпты.
– Бауыржан, – деді әкім бас маманға бұрылып. – Ойын алаңын мына жерге салсақ қайтеді?! Жан-жағын көгертіп, тал егу үшін су бар жер керек болар. Осы жерге орналастырсақ қайтеді?! Біз салған әрбір нысанның артында болашаққа қарай отырып, жоспарланған қадамдарымыз болса деймін. Оған не дейсің?
– Әрине, суы бар жер нуы бар жерге айналып жатса, қандай ғанибет, – деді бас маман әкімнің бастамасын қолдап.
Сыртынан қарасаң, алақандай ауылдың о шеті мен бұ шеті ат шаптырым екен. Алты жылда осы ауылдың бір баласына айналған Сәкен Нысанұлы халықтың ең өзекті деген мәселелерін шешуге елмен бірге еңбек етіп келе жатқанын айтты. Әсте, әкімі мен халқының ойы бір жерден шыққан жерде береке де болады.
– Ауылдағы өзекті мәселенің бірі Қараөзек ауылына кіре берістегі «Қожақ» автомобиль көпірі еді. Өткен жылы бюджеттен қаралған 5,212 млн теңгеге көпірді күрделі жөндеу жұмысына жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Енді мемлекеттік сараптамадан өткізілуін күтіп отырмыз. Сараптама қорытындысымен күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті қаражат көлемі анықталған соң, қаржыландыру жөнінде республикалық бюджетке ұсыныс берілмек. Абаттандыру жұмыстары барысында Қараөзек ауылындағы «Демалыс аллеясын» абаттандыру жұмыстарын жалғастыру мақсатында қаламыздың орталық алаңынан босаған брусчаткалар әкеліп түсірілді. Мәселе барлық нәрсені жаңадан алу емес, барға қанағат етіп, оны ұқсатуда. Біздің елді мекеннің халқында осы қасиет бар, – дейді ауыл әкімі әңгіме арасында.
Ауылдың брендіне айналған картоп өнімін Сыр жұртшылығы жақсы біледі. «Қараөзектің картобы» деп базарда тұрған картоптың төресінен бәлкім, сіз де дәм татқан боларсыз. Иә, бұл ауылдың халқы еңбекқорлығымен ерекшеленіп жүр. Қол қусырып қарап отырмайды. Кетпен ұстауға ниеті бар әрбір азамат егіс алқабының басында.
– Елді мекен халқы ауыл сыртында 500 гектардың үстінде егін егеді. Оның 140 гектары картоп. Алған өнімін базарға өткізеді, басқа да жерлерге апарады. Бірақ «Қараөзектің картобы» деген жақсы атқа ие. Бұл – біздің ауылдың еңбекке адалдығы, маңдай тердің өтеуін Жер-Анадан тілеген еңбекқорлығы. Әр ауылдың осындай өзінің бренді, өзінің ерекшелігі болу керек. Біздің ауылда бәрін өзімізден шыққанын қалаймыз. Қалауымыздың арғы жағында ынта-ықыласымыз жатыр, – дейді ауыл әкімі.
Расы да сол, ынта демекші, ауыл шаруашылығы тақырыбынан алыстамайық. Бұл елді мекенде кәдімгі биогумус шығарылады. Ауыл тұрғыны Рахымжан Әліп 2022 жылы «Биогумус» органикалық тыңайтқышын өндіру мақсатында «Сырдария-Көкшетау» несие серіктестігі арқылы 7 млн теңге жеңілдетілген несие алып, МТЗ-82 тракторы мен жетегін сатып алды. Міне, содан бері егінді қолға алған елдегі қажетті тыңайтқышты өздері өндіре бастады. «Калифорниялық шылаушын» алдырып, оны өсіруде. Бастапқы уақытта 1 шаршы метр жерден бастаған бұл жоба қазіргі уақытта 100 шаршы метр аумақты қамтиды. Өндірген өнімін диқандар мен ағаш өсірумен айналысатын мекемелерге, негізгі бөлігін көкөніс өсіретін жеке тұрғындарға өткізуде. Қазіргі уақытта тыңайтқыштың 1 литрі – 100 теңге, 1 қапшығы 5000 теңге тұрады.
– Тамақты көп талғамайды. Екі шаршы метрден жылына бір тонна биогумусқа дейін алуға болады. Жәшікті дайындағанда астына дренаж қызметін атқаратын құм салады. Сосын 1-2 см топырақ, сосын 3-5 см тамақ қалдықтары, олан сoң қайтадан 1-2 см топырақ салады. Арасына жұмыртқа қабығының ұнтағын салу керек. Себебі құрттар қышқылдық ортаны ұнатпайды. Қыста жылы жерде ұстап күн жылынған кезде бауға немесе бақшаға жіберуге болады. Өсімдік қалдықтарының барлығымен қоректеніп, оны қара шіріндіге айналдырады. Шұбалшынның өнімі биогумус кез келген егін мен бау-бақшаны жайқалтып жібереді. Диқан өнімді еселеп алады. Әсіресе жылыжай егіндері мен гүлге берген өте пайдалы. Мұндай тыңайтқыш берілген жер төрт жылға дейін өзінің жоғары құнарлылығын сақтайды. Біздің бұл кәсіпті қолға алғанымызға 2-3 жыл болды. Үлкен еңбекті қажет етеді. Өнімді халық алуда. Өтуі жақсы. Биыл өзіміз қосымша жер ашып, өнімділігін тәжірибеден өткізіп жатырмыз, – дейді шаруа қожалығының жұмысшысы Әлібек Жұманов.
Халықты кәсіпкерлікке тарту, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын құрып, ауыл халқының табысын арттыру және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023 жылдың соңында «Алихан» жеке кәсіпкерлігінің иесі Рүстем Сатыбалдыұлы 5 млн теңге несие алып, Қараөзек елді мекенінен нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер мен жартылай фабрикаттар шығаратын шағын цех ашып, 6 адамды жұмыспен қамтыды. Кәсібін бастағанына көп болмаса да нан және кондитерлік өнімдері ауыл тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие болуда.
– «Нан бар жерде ән бар» дейді ғой дана халқымыз. Қазіргі таңда біз күніге 500-ден астам нан пісіреміз. Одан бөлек, ыстық тамаққа тапсырыс қабылдаймыз. Бөрек, бургер, нан кебаб, торт, түрлі кекстер мен рулеттер, тандыр нан мен тоқаш пісіріп, сусын әзірлейміз. Ауылға қажеттінің барлығын осы ел ішінен алғанған не жетсін. Бір емес, үш бірдей ауылды қамтамасыз етіп отырмыз. Елді мекендердегі дүкендер де бізден алады. Екі ауысымда 8 адам жұмыс істейді. Қазір тұрғындар үйіне қонақ келсе, қажеттінің бәрін осында тапсырады. Біз дер кезінде сапалы етіп дайындап береміз. Халықтың алғысын алып жүрміз, – дейді нан пісіруші Айнұр Ибраева.
Берекелі кәсіптің төрінде маңдай терін төгіп, еңбек етіп жүрген қанша жан бар. Шағын ауылдың өзінде 174 кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Биыл олардың қатарына 4 кәсіпкер жаңадан қосылды.
– «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде «Микробизнес-Қызылорда» несие ұйымы арқылы 4 кәсіпкер «Іскер» бағдарламасымен 21 млн теңге, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы арқылы 1 кәсіпкер 5 млн теңге несиеге қол жеткізіп, есепті мерзімде барлығы 5 азаматтың 26 млн теңге тұратын жобасы қолдау тапты. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2023 жылы 1 кәсіпкер 5 млн теңге несие алып нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер цехын ашқан болса, 2024 жылы жалпы құны 46 млн теңге тұратын 5 жоба ұсынылып отыр. Жоба бойынша пенобетон құю, балық өсіру, жылыжай салу және асыл тұқымды мал өсіру жоспарлануда, – дейді Сәкен Әбдіжаппар.
Елдің болашағы – білімді ұрпақ. Ауылдық округке қарасты үш елді мекенде үш мектеп бар. Барлығын қосқанда 616 оқушы білім алуда. Ал мектеп жанындағы шағын орталықтарда 63 бала тәрбиеленуде. Биыл мектеп бітіруші 39 түлектің 34-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Оның ішінде 2 оқушы «Алтын белгіге», 3 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер. Ауыл әкімі балалардың білім алуына барлық жағдай жасалғанын жеткізді.
– Ауылымыздан талай мықты қанат қағады әлі де. Бұған дейін де мықтылар шыққан өңір. Мектептегі жас қырандарымыз көреген, тәрбиелі болып өсіп келеді. Білімнің жарқын болашаққа бастар даңғыл жол екенін ұғынған олардың алдағы уақытта да биік белестерді еңсеретініне сенеміз. Біз үшін соңымыздағы сара із – осы ұрпақ. Олардың тура жолдан тайқымайтын, биікке қанат қағатын, рухы мықты, сағы сынбайтын талантты жас болып қалыптасатынына кәміл сенеміз. Біз, аға буын қолдан келген бар жұмысты атқарамыз, – дейді Сәкен Нысанұлы.
Мұнда халықтың денсаулығына да барынша жағдай жасалған. Жаңа дәрігерлік амбулатория халыққа сапалы қызмет көрсетіп жүрген білікті мамандармен толықтырылған. Емдеу нысанына кіргеннен бастап-ақ, адам баласына мейірімін төгіп тұрған ақ халатты абзал жандар жылы шырай таныта қарсы алды. Патронаждық мейірбике Айсұлу Жаңабаева мұнда барлығы 12 қызметкер жұмыс істейтінін айтты.
– Жергілікті халыққа жұмыс істейміз. Бізге қарасты екі елді мекенде екі дәрігер бар. Өзіміздің жедел-жәрдем қызметіміз жұмыс істейді. Жыл басынан он бес бала өмірге келді. Әрбір тұрғынның денсаулығына жауапкершілікпен қараймыз. Олар да ем-шараларға уақытылы келеді. Осы елдің еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін біздің назарымызда, – дейді мейірбике.
Елдегі жаңашылдықтың жай-жапсарын көрсеткен ауыл әкімі Сәкен Әбдіжаппар алдағы атқарылар жұмыстарға да тоқталды. Сөз арасында: «Мұның бәрін бір-ақ сәтте істер едік, қол қысқа» деп ағынан жарылады. Осымен екінші рет сайланып отырған ауыл әкімі елдің туған перзентіндей болғанына қуанышты.

Түйін

Ауыл – қазақтың қарашаңырағы, құт мекені. Осы қасиетті топырақтан түлеп, бәріміз жан-жаққа кеттік. Әрбіріміздің кеудемізде өз ауылымыз бар. Қызылөзектен қырға ұшып, қияда қалықтаған талай мықтылар да туған жерінің түтіні түзу ұшқанын қалайды. Олардың да кеуде сарайында осы қасиетті топыраққа деген ыстық сезім бар. Қонақты құдайындай сыйлайтын қаймана қазақтың ортасынан ұзап, қалаға қарай аттандық…
«Біздің ауыл осындай» деп, тындырымды тірлікті таныта білген ауыл әкімі мен бас маман Баукең де қол бұлғап тұр. Ауылдың ақжарқын болмысы-ай…

Жаңашыл ауыл


Дәулет ҚЫРДАН,

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: