Жексенбі, 28 сәуiр, 23:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Астанада  айшықталған Сыр өнері

12.12.2023

341 0

Сұлу Сырдың жұлдызды өнер керуені елордаға жол тартып, астаналықтардың  ыстық ықыласына бөленіп қайтты.

Мәдениет пен өнер мерекесінің шымылдығы Астана қалалық Жастар театры сахнасында Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының «Жәмилә» драмасымен ашылды.

Қырғызстанның халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың бұл драмасында  жас әйелдің нәубетке толы махаббаты айшықталады. Басты кейіпкер Жәмилә арқылы қоғамдағы сол кезеңдегі әйелдердің сынаққа толы образы бейнеленеді.

Елордалық тұрғындар мен мәртебелі меймандар Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртістері сахналаған қойылымға зор қошеметпен қол соқты.

Елордадағы Қызылорда облысының өнер күндерінің екінші күнінде мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығы аясында Р.Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» спектаклі сахналанды. Бұл спектакль көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің қиындыққа толы тағдырынан сыр шертеді.  

Сыр өңірінің өнер күндері «Бей­бітшілік және келісім сарайында» Астана қаласының 25 жылдығына арналған «Сұлу Сырдан Ару Аста­наға» атты Қызылорда облысы өнер шеберлерінің гала концертімен қо­рытындыланды.

Астана халқы  ең алдымен «Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» атты көр­мемен танысты. Көрмеге аймақтың жетістігі мен әлеуметтік-экономикалық дамуын суреттейтін құнды экспонаттар қойылған.  «Шірік-Рабат сақ жауын­гері», «Сығанақ ханшайымы» мүсіндері, айтыс өнерінің ақтаңгері Мұхтар Ниязовқа берілген «Алтын домбыра» және өзге де жәдігерлерді тамашалады.

Сыры мен сипаты ерекше жәді­герлерді көруге ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов, ҚР Премьер-ми­нистрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, мем­лекет және қоғам қай­раткерлері Қырымбек Көшербаев, Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Президенті­нің кеңесшісі Бауыржан Омаров, Парламент депу­таттары, зиялы қауым өкілдері арнайы келді.

Астанадағы өнер мерекесінің гала концертінде Сыр бойынан шыққан та­нымал эстрада жұлдыздары Жеңіс Сейдоллаұлы, Елена Әбдіхалықова, Жеңіс Ысқақо­ва, Мәдина Сәдуақасова, Ғалымжан Нарымбетов, Құра­лай Мейрамбек ән шырқаса Тұрмағанбет атындағы ха­лық аспаптар оркестрі, сим­фония оркестрі, «Сыр самалы» вокалды-аспапты, «Томирис» би ансамбльдері, Сыр өңі­ріндегі жыраулық мектеп өкілдері өнер көрсетіп, елордалықтарды қуанышқа бөледі.

Тұрмағамбет атын­дағы халық аспаптар оркестрі Арал ауданы­ның тумасы, күйші, композитор Мұрат Сыдықовтың «Ба­тыр баба» күйін орындады. Экранда шежірелі өңір­де та­рихи төрт астананың болған­ды­ғын баяндайтын бейнетуынды көрсетілді.

Нұртуған жыр мектебінің өкілі Шолпан Биімбетова, Жиенбай жыр мектебінің өкілдері Руслан Ахметов, Күнсұлу Түрікпен, Нұрай Ерталапқызы, Майра Сәрсенбаева, Ақмарал Ноғай­баева және Марат Сүгірбай, бала жырау Нөсер Айдосұлы жырдан шашу шашты.

Қылқобызшылар Қорқыттың «Қоңыр» күйін орындаса, әнші, «Қазақстан дауысы» мега жобасы­ның және халықаралық байқау­лар­дың жеңімпазы Құралай Мейрамбек жергілікті ақын Оңталап Нұрмаханов­тың сөзіне жазылған Рамазан Таймановтың «Қорқыт-қобыз» әнін орындады.

Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен симфония оркестрі әлем классиктері мен қазақ композиторларының шығармасын орындап, өнердің құдіретті сазымен көпшілікті тәнті етсе, концерттің классикалық бөлімінде  Мағжан Аманжолов, Мақсат Мақұлбеков, Ақылбек Табынбаев, Сымбат Тасбергенова және жер­лестеріміз Бибі­гүл Жанұзақ, Ұлпан Әбдікәрімова, Ал­мат Изманбетов, Асхат Бөлебай клас­­си­калық шы­ғар­маларды шарық­тата шырқады.

Сыр елінің тумасы Ғалымжан Нарымбетов сим­фония оркестрінің сүйе­мелдеуімен француз ком­пози­торының туын­дысын орындаса, «Сыр сандуғаштары» балалар тобы Ринат Гайсиннің «Астана» әнін төгілте орындады.

Ұлттық дәстүр мен классиканы, эстраданы ұштас­тырған, ерекше көңіл-күй сыйлаған сырбойылық өнер­паз­дарға Астана халқы ерекше қошеметпен қол соғып, құрмет көрсетті.

                                                                         Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: