Бейсенбі, 18 сәуiр, 16:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Ауызашар

08.04.2023

723 0

Өз әжем мен ес білгелі намаз оқиды. Тіпті есімді білмек түгіл, өмірде жоқ кезде де оқитын болуы да мүмкін. Нақты білмеймін. Әйтеуір, бала кезде жайнамазын жайып, парызын орындауға кіріскенде мен де ізінен қалмайтынмын. Көрпетысты ұзынынан төсеп жіберіп, қасына тұра қаламын. Сосын істегендерін қайталап, ернімді ерніме тигізіп, пыш-пыш етем. Сондай кездерде болған оқиға ғой…

Бір күні ұйқыдан тұрып, жуынып-шайынып дастархан басына келсем әже жоқ. «Пенсия алып, менсіз қалаға кетіп қалды ма?» − деген ойдан жүрек дүрс-дүрс. «Әже қайда?» − деймін үйдегілерге. «Бөлмесінде», − дейді. Жүгіріп барып «Әже, шай ішпейсіз ба? Аналар сізді күтпей бастап кетіпті», − деймін отқа май құйып. «Өздерің іше беріңдер, аузым берік», − деді әжем. Қайталап сұрағанымда түсіндіргендей болып еді, оны мен ұға қоймаған соң «Ішпеймін, кешке дейін тамақ ішуге болмайды», − дейді әжем. Оны естіп алып дастархан басында қырғын шығардым. «Қайсың әжеге тамақ ішпе деген? Кім әжені ренжіткен?» − деп байбалам салып жатырмын. Сосын көкем мен жеңгем асықпай отырып оның мәнін түсіндірді.

Оразада адам кешке дейін ас жоқ, су жоқ жүреді екен. Сосын кешке уақыт болғанда барып тамақ ішеді. Осыны түсінгендей болып асығыс таңғы асымды іштім де ойынға кеттім. Түске дейін, күн ысығанша ойнап алуым керек. Күн қақ төбеңе келгенде ұйықтап алып, кешке сиыр келгенше тағы бір ойнап аласың. Бірақ бұл жолы ауладан шықпай жүрмін. Әжемді уайымдадым. Ренжігеннен тамақ ішпей жүр деп ойладым. Бір кезде әже далаға шықты. «Әй, балам, бері кел», − деп жанына шақырды. Көлеңкеде отырып, оразаны қайтадан дұрыстап түсіндіре бастады. Сонда барып түсіндім. Әжем үйге кіріп кетті де, ал мен ойынымды жалғастырдым. Ойнап жүріп әжемнің далаға шыққанын көрсем жүгіріп барып «Шөлдеген жоқсың ба? Қарның ашты ма?» − деп сұрап қоямын.

Түс уақыты. Үйге кіріп, терезелерді қараңғылап, ұйқыға жатайын деп жатырмыз. Бір кезде әжем сөз арасында «Күн де ысып, аузым құрғап кетті», − дейді. Оны естіген мен орнымнан атып тұрып, сарайдан бір бақыраш мұздай су әкеліп әжемнің алдына келдім. «Әже, мә су ішіп ал. Құдай көрмей қалады. Есік жабық, терезе қымтаулы», − деймін. Менің бұл сөзіме үйдегілер қарқылдап күліп жатыр. «Не күлесіңдер? Әже өзі айтты, Құдай аспанда деп. Үйдің ішінен аспан көрінбейді, демек, Құдай да көрмей қалады», − деп тағы да күлкіге қарық қылдым. Күлкілері тыйылды-ау дегенде әжем Құдай бәрін көретінін айтып, кешке қонаққа барамыз деп бір қуантты.

Міне, рахат. Кешке әжемнің қолынан ұстап алам да қонаққа барам. Кімнің үйіне баратыным маңызды емес. Тағы да өзім танымайтын адамдардың «Жайқоныстың баласы келіпті ғой», − деген әңгімелерін естимін. Сосын бәрі бетімнен сүйіп, құшақтап берекетті алады. Есесіне тәттіге тоятын болдым. Түстен кейін шаң-шаң болмай, дұрыстап ойнау керек. Осы ойлармен жатқанда ұйықтап кетіппін.

Оянсам терезелердің барлығын ашып тастаған. Әже кетіп қалмасын деп орнымнан атып тұрдым. Далаға шыға сала әжені сұрадым. «Қорықпа, әжең әлі кеткен жоқ. Кешке дейін уақыт бар», − дейді көкем. Ол кісінің мені алдаған кезі болмаса да сенбей, әжемді тауып алғанша асықтым. Тапқан соң да қалып қоюдан қорқып үйдің алдынан шықпай ойнадым.

Межелі уақыт. Әжем әдемі киімдерін киіп, мен де аяқ-қолымды жуып, таза киім кидім. Ауылдың арғы басындағы үйге барады екенбіз. Алыстау болған соң көкем апарып тастайтын болды. Жалпы бүгін бір қуанышты күн екен. Қонаққа барам. Оның үстіне, атарбада аттың жүгенін ұстап отырам. Рахат! 

Қонақ шақырған үйге де жеттік. Кісі қарасы қалың екен. Бәрі хал сұрасып, амандасып жатыр. «Оразаларың қабыл болсын», − дейді бір-біріне. «Әй, Гүлзаданың баласы, сен де оразасың ба?» − дейді бір мұртты кісі. Басымды шайқап жоқ дегеніме «Онда не істеп жүрсің? Тек ораза ұстағандарды шақырдық қой», − дейді де күледі. Оны жақтыртпай қалған мен әжемнің қойнына тығылып, әжемнің көзін ала бере ұзын саусағымды бір шошайттым. Ол тағы күлді. «Уақыт болып қалды, дастархан басына жайғасайық», − деген сөздерден кейін барлығымыз дастарханға жақындай бастадық. Мен де адасып қалардай әжемнің етегінен мықтап ұстап, қасына барып отырдым. Күбір-күбір әңгімені сол үйдің қожайыны бөлді. «Ал ауыз ашатын уақыт болды», − дегенде бәрі қол жая бастады. Іштерінен бірдеңені күбірлеп бастағанда мен: «Қатырасыңдар-ей! Оразада тамақ жеуге, су ішуге болмайды. Ауызды ашуға, сөйлеуге болады. Біздің әже манадан сөйлеп жүр», − деп қойып қалдым. Іштерінен күбірлеп жатқандар күлкіге қарық болды-ау әбден…

Аслан ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: