Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) инвестициялық табысы ұлттық валютаның күшеюі аясында 240 млрд теңгеге төмендеді. Дегенмен Қазақстан Ұлттық банкі бұл жағдай қазақстандықтардың зейнетақы активтерінің ұзақ мерзімді табыстылығына әсер етпейді, – деп хабарлайды KAZINFORM
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, инвестициялық табыстың қайта бағалануы теңге бағамының өзгеруіне байланысты болды. Бұл өз кезегінде зейнетақы активтеріндегі қаржы құралдарының нарықтық құнына әсер еткен.
-Мұнда ешқандай шығын туралы сөз болып отырған жоқ. Әңгіме теңгенің нығаюы аясында инвестициялық табыстың төмендеуі жайында. Инвестициялық активтердің белгілі бір бөлігі – шамамен 40%-ы – әртараптандыру мақсатында шетел валютасына салынған. Жыл басынан, яғни қаңтардан наурыз айының соңына дейін теңге долларға шаққанда шамамен 5,5%-ға нығайды. Соның салдарынан БЖЗҚ-ның инвестициялық табысы азайды. Нақты айтқанда, наурыз айында инвестициялық табыс 240 млрд теңгеге төмендеді, – деді ол.
Жалпы алғанда, 2026 жылдың басынан бері БЖЗҚ 172 млрд теңге көлемінде оң табыс көрсеткен. Сонымен қатар оның айтуынша, зейнетақы активтерінің табыстылығын қысқа мерзімде бағалауға болмайды, өйткені олар ұзақ мерзімді жинақтарға жатады. Осыған байланысты Ұлттық банк азаматтарды ұзақ мерзімді табыстылыққа назар аударуға шақырады.
-БЖЗҚ тұрақты түрде табыс алып отырады. Бұл табыс купондық төлемдерден, дивидендтерден және нарықтық құнның өсуінен құралады. Біз айтып отырған жағдай – теңгенің нығаюы нәтижесінде доллар бағамының төмендеуі ғана. Зейнетақы активтері теңгемен де, доллармен де инвестицияланғандықтан, бір бөлігі өссе, екінші бөлігі төмендеуі мүмкін. Бірақ мұндай өзгерістерді қысқа мерзімде бағалау дұрыс емес, -деп түсіндірді Молдабекова.
Еске сала кетейік, БЖЗҚ жинағының жеткілікті шегі қаншаға көтерілетіні келесі айда белгілі болады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
