Қазақстанда сарбаздарға смартфон пайдалануға рұқсат берілді. Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков әскери қызметшілердің смартфондарды пайдалану тәртібін түсіндірді, – деп хабарлайды kursiv.media
Осыған дейін сарбаздарға тек батырмалы телефон пайдалануға ғана рұқсат етілген болатын. Министрлік енді сарбаздарға ұялы смартфон пайдалануға ресми түрде рұқсат бергенін мәлімдеді.
«Иә, мұндай бұйрық қабылданды. Бұл рұқсат барлық сарбаздарға қатысты», – деді Мұстабеков Сенат кулуарында.
Бұл бұйрық барлық әскери бөлімдерге қатысты. Алайда смартфондарды тек рұқсат етілген, шектеуі жоқ орындарда ғана пайдалануға болады. Сонымен қатар, жақындарымен байланысу үшін арнайы уақыт белгіленеді.
«Сарбаз кез келген уақытта жауап бере алмайды, өйткені ол атыс жаттығуларында, немесе оқу-жаттығу алаңында болуы мүмкін. Егер әскери бөлім командирі нақты уақыт белгілесе, сол кезде сарбаз телефон қолдана алады. Бұл ақпарат ата-аналарға да жеткізіледі», – деді ол.
Айта кетейік, Қорғаныс министрінің 2026 жылғы 30 наурыздағы бұйрығына сәйкес, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге, курсанттар мен кадеттерге әскери бөлімдерге өздерімен бірге смартфон ала келуге рұқсат етілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
