Жексенбі, 08 желтоқсан, 07:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Бауырлап табысып, бөлелер танысты

19.02.2022

1264 0

Бүгінде «Хабар» арнасындағы «Бармысың, бауырым?» бағдарламасын білмейтін қазақ жоқ шығар. Тіпті одан шетелдегі туыстарын да ізеп тапқан жандар бар. Қашанда әке мен қызын, ана мен баласын, аға мен інісін табыстырған бағдарламаның шоқтығы биік. Осы бір әлеуметтік мәселені шешуге үлес қосу мақсатында «Ақмешіт апталығы» газетінен «Біз сені іздейміз» атты жаңа айдар ашылды. Басты мақсаты – бір-бірін іздеп жүрген жандарды табыстыру. Осыған орай сүйінші хабарымыз да бар.

Жақында «Ассалаумағалейкүм, орта! Жалағаш станциясынан кім бар екен? Жақанбаев Үсенбек-Ұмытшақ деген кісілердің балалары болса хабарлассыншы. Есімім Ораз, Арқалық қаласынан боламын» деген «WhatsApp» желісінен хат келді. Қазір ақпараттық технологияның дамыған заманы ғой. Бұл жазбаны әлеуметтік желілер арқылы жан-жаққа тараттық. Сөйтіп бір-бірін 45 жыл көрмеген апалы-сіңліні табыстырып, бөлелерді таныстырдық.

Анасының немере апасын іздеген Оразбек Қонысқара Нұрғали 1976 жылы дүниеге келген. Ол – Қостанай облысы, Торғай қаласы, Жангелдин ауданы, Тәуіш елді мекенінің тумасы. Оның айтуынша, Қызылордамен байланыс өзі дүниеге келмей тұрып, 1975 жылдан бастап үзілген. Осы уақытқа дейін анасын әулеттің жалғыз қызы деп, «Қаз» руының барлық жиенін бөлесі санап келді. Осылайша 46 жасқа келгенде өзінің туған бөлелерін жолықтырып отыр.

– Менің анамның есімі Базар. Ал апасы Ұмытшақ. Олар Қатпа мен Кәжек деген екі ағайындының қыздары. Бүгінге дейін анамызды әулеттің жалғыз қызы деп ойладық. Сондықтан бізде туған бөлелер деген түсінік болған жоқ. Дегенмен «Қаз» руынан туған қыздың баласын бөле деп жақын тартатын едік. Енді, міне, өз бөлелеріміз табылды. Анам мен апасы 1975 жылға дейін араласып тұрған. Тіпті анам Қызылордаға оқуға түспек болып, сонда барады. Бірақ отбасын сағынып, қайта кері қайтады. Анам тәтесін «папа» деп атайды екен. Ол кісі Қызылордаға ертеректе тұрмысқа шыққан. Арадағы байланыс үзіліп қалып, бір-бірімен хат-хабар алмағанына 45 жылдай уақыт болыпты. Бір қызық оқиғадан бастайын. Қазір айтсам күлетін шығарсыз. Былтыр жазда түс көрдім. Түсімде анамды көріп жатырмын. Арғы жағында анама аумайтын бір кісі отыр. Ол кісіні бұл анамның тәтесі ғой деп жобаладым. Содан оянып кеттім. Былайынша көрген түсімізді ұмытып қаламыз ғой. Ал бұл түс ұмытылмады. Ойдан да кетпей қойды. Бірде анаммен әңгімелесудің сәті түскенде ол кісіге түсімді айттым. Сөйтсем анам «Иә менің тәтем бар ғой. Оны папа деп айтушы едім» – деді. Біз дүниеге келгелі анамыздың немере апасы барын естіген емеспіз. Осылайша нағашы апамыз туралы барлық мәліметті сұрап, туған бөлелерім бар екен ғой деп қуанып, іздеуге кірістім, – деді ол.

Оның айтуынша, апалы-сіңлілер екі жақта болғандықтан арадағы байланыс үзіліп кеткен. Оразбек Қонысқараұлы былтырдан бастап, «Фейсбук» әлеуметтік желісі арқылы іздеген. Одан таппаған соң, Ақтөбедегі театрда жұмыс істейтін қызылордалық жолдас баласына хабарласыпты. Одан нәтиже болмайды. Сөйтіп жүргенде Қызылордадан жұмыс барысымен Файзулла деген жігіт келеді. Оған Жалағаш ауданында тұратын бөлелерін іздеп жүргенін айтады. Файзулла да бірден сол жақта жиенінің газеттің редакторы болғанын, бірақ қазір Қызылорда қаласына ауысып кеткенін айтады. Бірақ жиеніне айтып, іздестіретінін жеткізеді. Осылайша «Ақмешіт апталығы» газетінің ұжымы Оразбектің Қызылордадағы туыстарын тауып, табыстырды. Олар әзірге телефон арқылы байланысып, бір-бірін видеоқоңырау арқылы көрді. Алдағы уақытта кездесіп, етене жақын таныспақ.

– Ұялы байланыс арқылы Бағдат деген бөлеммен сөйлестік. Менің жазбам тек Қызылордаға емес, Алматыға дейін тарап кетіпті. Содан «ол кісілерді неге іздеп жүрсің?» деген жан-жақтан хабарласушылар көбейді. Олар іздеген бөлелерімнің көршісі болса, енді бірі жолдастары болып шықты. Осылайша нағашы апайыммен бөлелерімді тауып алдық. Бөлелерімді табуға себепкер болған «Ақмешіт апталығы» газетінің ұжымына алғысым шексіз. Әсіресе анам 45 жылдан кейін бауырымен сөйлесіп, қуанып қалды. Ұмытшақ апа биыл 80 жасқа толады екен.

Оразбектің Жалағашта тұратын бөлесі Бағдатқа да хабарласқан едік.

– «Ақмешіт апталығы» газетінің ұжымына ерекше алғыс айтамыз. Алла разы болсын. Игілікті іс атқардыңыздар. Жұмыстарыңыздың берекесін берсін. Шынын айтқанда, бөлелеріміздің бар екенін де білмейміз. Тек қана анамыздың бауыры бар екенін естіп жүрдік. Бірақ ұзақ жылдар бойы бір-бірімен хабарласып, араласпағаннан кейін сұрамайтын едік. Анам да қанша жылдан кейін бауырын тапқанына, біз бөлелерімізбен танысқанымызға қуанып жатырмыз. Алдағы уақытта кездесіп, жақын араласамыз деген ойдамыз, – деді Жалағаш ауданының тұрғыны Бағдат Жақанбаев.

P.S. Қадірлі оқырман, егер сіз жақыныңызды жоғалтып, таба алмай жүрсеңіз, бізге хат жазып, хабарласуыңызға болады. Біз әрдайым бір-бірін іздеген жандардың табысуына себепкер болуға дайынбыз. Мекен-жайымыз: Қызылорда қаласы Бейбарыс Сұлтан көшесі №4. Темірбек Жүргенов атындағы шығармашылық үйі. «Ақмешіт апталығы» газеті.

Эл. пошта: akmeshit.kz@mail.ru

Байланыс нөмірі:8702 932 52 25

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: