Жұма, 19 сәуiр, 17:49

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

«Бір қазақ жыласа, Бар қазақ бірігіп көтерген қайғыны»

31.08.2021

882 0

Мақаламызға ақын Бауыржан Жақыптың Қазақ еліне көңіл айтқан зарлы жырын тақырып етіп отырмыз. Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери бөлімде болған жарылыстың салдары аз зардабын тигізген жоқ. Оқиға орнындағы соңғы деректер бойынша қаза тапқандар саны

14 адамға жетіп, әлі із-түссіз жоғалып кеткен 2 адам бар екен. Қазір ол жақта жарылыстың салдарын жою және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету жұмыстары жүріп жатыр.

Қазіргі кезде болған жағдайға байланысты ауданда жедел штаб құрылған. Олардың барлығы апаттан зардап шеккен 3 елді мекендегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың ахуалын зерделеумен айналысып жатыр екен. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың мәліметінше, әзірге жөндеуді қажет ететін 118 жылжымайтын мүлік анықталған. Оның 106-сы тұрғын үй болса, қалған 12-сі коммерциялық нысан. Жөндеу қажет деп танылған 106 үйдің 35-і күрделі жөндеуді керек етеді екен.

«Олар да қалпына келтіріледі. Барлық жұмыстарға Үкімет тарапынан қаралатын және жергілікті бюджеттен қосымша бөлінетін қаражат жұмсалады. Өңірдегі демеушілер де қаржылай көмек көрсетеді. Бүгін бір үйдің күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қалған үйлерде құрылысшылар ертеңнен бастап іске кіріседі. Екі айдың ішінде барлық үйлерді қалпына келтіреміз деп өзімізге міндеттеме алып отырмыз. Оған біздің мүмкіндігіміз де, құрылысшылар күші де жеткілікті», – дейді Жамбыл облысының әкімі.

Сондай-ақ Байзақ ауданындағы әскери бөлімнің оқ-дәрі сақтау қоймасында болған жарылысқа байланысты елімізде 29 тамыз – Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен жарияланған ұлттық аза тұту күнінде Президент қаза болған әскери қызметшілер мен құтқарушылар ерен ерлік пен нағыз жанқиярлық көрсеткенін және ерлеріміздің есімі ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Сол күні мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары, шекаралық дипломатиялық мекемелер ғимаратындағы мемлекеттік ту төмен түсірілді. Көңіл көтеретін шаралар мен телебағдарламалар тоқтатылды.

Байзақтағы адам өліміне әкеп соқтырған қайғылы оқиғаға байланысты 29 тамыз – жалпыұлттық аза тұту күніне орай Бас мүфти бастамасы негізінде Қызылорда өңірінің барлық мешіттерінде Құран хатым дұғасы жасалды.

Қала, аудан және ауыл имамдары мешіттерде Құран оқып, шейіт болған марқұмдардың рухына бағыштады. Облыстық орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде өткен сауапты шараға облыстың бас имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы қатысып, Құран хатым дұғасын жасады. Қасиетті Құран аяттарынан болған сауапты марқұмдардың рухына бағыштап, жапа шеккендерге сабыр, елімізге тыныштық тілеп, дұға етті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Жамбыл облысындағы әскери қойма жарылысында қаза тапқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды. Мәселен, жарылыстан қаза тапқан Арман Қуанышұлы мен Александр Николаевич І дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. Марқұм Оразбек Дайраұлы, Руслан Жүрсінбайұлы, Марат Сайлауұлы, Еркін Ерікбайұлы, Елдос Қадырбайұлы, Арнұр Серікұлы мен Тәңірберген Құдайбергенұлы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Сондай-ақ қызметтік борышын атқаруда жанқиярлық ерлікпен қаза болған Жамбыл облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі бас-тығының орынбасары Мейіржан Аймановқа «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды.

Оқиға біраз саябырсыған соң жарылыс болған әскери бөлімнің қазіргі жағдайы туралы желіде бірнеше сурет пен бейнелер тарай бастады. Ол жерден әскери бөлімдегі нысандардың түгі қалмай қирап қалғанын, қызметтік көліктердің өртенгенін немесе жарамсыз болып қалғанын байқауға болады.

Жамбылдағы жарылыс қазаққа оңай тиген жоқ. Отан алдындағы борышын, қызметтік міндетін атқарамыз деп қанша адам мәңгілік сапарға аттанды. Мақаламызды Бауыржан Жақыптың өлеңімен бастап едік, енді сол өлеңмен аяқтауды жөн көрдік.

Бұл неткен бітпейтін сабылыс,

Ақша бұлт ақ тілек алып ұш!

Біздерге тағы бір ескерту –

Таразда болған бұл жарылыс.

Алланың бұл да бір жазасы,

Бітсінші, қазақтың азасы!

Жүректі ауыртып барады

Бейкүнә жандардың қазасы.

Солардың обалы кімге енді?

Кім шешер түйілген күрмеуді?

Жаратқан сақтай гөр, елімді,

Бәледен бүтін қыл, іргемді!

Басымда бейбіт күн барында,

Әскери қоймалар жарылма!

Жазықсыз құрбандар рухы

Әр қазақ жүрегі, жадында.

Иман бер, қазадан жан күйді.

Ел үшін сол Ерлер жан қиды.

Рухы олардың биікте,

Қыран боп мәңгілік қалқиды.

Бар болсын ұрпағы соңында,

Қиды олар перзентін, жарын да.

Қиды олар жанын да Қазақтың

Жалғыз-ақ Ұлы елі жолында.

Аулақ жүр, қайғылар жын соққан,

Бүкіл ел жүрегі бір соққан.

Қазақтың жаны Аза тұтады,

Аллаға жалынып, мұң шаққан.

Елімнің асқақтап айбыны,

Оңынан тусыншы, Ай, Күні!

Бір қазақ жыласа, Бар қазақ,

Бірігіп көтерген қайғыны!

Сабыр ет, жақсы күн жетеді.

Бұл күн де өтеді, кетеді,

Қаратау қазақтың ежелден

Болған ғой киелі мекені.

Неге ерте кеттіңдер о жаққа?!

Дұға еттік, жандарың азат па?

Аманат еттіңдер біздерге,

Жаманат болмауын қазаққа.

Тұтаспыз, қымтаулы іргеміз,

Бірлікті тіледік күнде біз.

Қара бұлт төнсе де төбеден,

Біргеміз, біргеміз, біргеміз!

Мың өліп, мың рет тірілдік,

Жүгірдік,сан мәрте сүріндік.

Қиын сәт туғанда, қашан да,

Алланың алдына жүгіндік.

Я,Алла, медет бер, халқыма,

Адалмыз атаның салтына.

Біз көңіл айтамыз, дәл бүгін,

Ақындар атынан жалпыға!

А.НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: